Мәселе • 03 Сәуір, 2024

Үлгіліктердің үміті ақтала ма?

106 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бір жұтым ауызсуға зар болып отырған Үлгі аулының тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Үміт отын тұтатқан жоба аяқсыз қалып, қыруар қаржы құмға сіңген судай зым-зия.

Үлгіліктердің үміті ақтала ма?

2022 жылы ауыл тұрғындары шелектеп су тасудан пышақ кескендей құтылатын шығармыз деп ойлаған еді. Ауыл ақсақалы Амангелді Тілеубаевтың айтуына қарағанда, су құбырын тапжылмай тосқалы аттай отыз жыл өткен. Сонау 90-жылдары ауылға су құбырын тартпақшы болып алғашқы ұмтылыс жасалған. Әйтсе де, сол кезеңдегі белгілі себептерге байланысты ауыл тұрғындары үшін баға жетпес бастама аяқсыз қалған. Бір қарағанда, шет жайлап, шалғайда күн көріп жатқан шағын елді мекен емес, аудан орталығынан небәрі жеті шақырым жердегі, етек-жеңі кең пішілген іргелі ауыл. Әрі сулы-нулы жерде орналасқан. Су құбырынан күдер үзген көпшілік ұңғыма қазып ала бастаған. Бұл мал сүмесімен ғана күн көріп отырған ауыл тұрғындары үшін қолжетімді қарекет емес. Өте қымбатқа түседі. Сусыз отыру тағы да мүмкін емес. Әбден қысылғаннан кейін қарызданып, қауғаланып, кей тұста бірлесіп ұңғыма қазып, тығырықтан жарым-жартылай шығып отырған жайлары бар. Ішуге жарамды тұщы су тым тереңде де емес, сәтін салса 20-30 метр тереңдіктен мөлт-мөлт етіп шығары бар. Қаражаты жоқтар «басқа салды, біз көндік» дегендей, басқа лажы таусылғандықтан, табылған жерден су тасып, әупірімдеп күнелтіп жатыр. Онда да қайрат қылар адамы болса. Қарға адым жер мұң болып отырған, қолғанаты жоқ қарияларға тіпті қиын. Несие алып, несібесін сыздықтатып жұтып отырғандар да бар.

«Айтуға ұят тіпті. Өзге елді мекен­дердің шекесі шылқып, таза суға қарық болып отырғанда Үлгі аулының тұр­ғындары ат жегіп, атан жалдап, шелекпен су тасып жүрміз. Қыста желді, дауылды күндері электр қуаты үзіліп қалса, ол да жоқ. Тіршілік нәрі ас-суға ғана қажет емес, күнделікті тұрмысқа да керек қой. Отбасында су таситын адам болса, жақсы. Адам да, мал да қаталап, тілін тістеп тұрғанда қынжыласың-ай. Біздің бұл мәселемізді аудан басшылары жақсы біледі. Ілуде бір есеп беру жиналысында мәселенің мәнісін түсіндіріп, бөлінген қаржы, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс туралы майын тамызып айтып бергенде, сусының қанып қалғандай болады. Ал біз ауыл тұрғындары сол жақ­сы­лықты көре алмай отырмыз», дейді ауыл тұрғыны Айымхан Біржан.

2022 жылдың жазында су құбыры тартыла бастаған. Алғашқы бетте бұл тараптағы жұмыс біршама қарқынды жүр­­гі­зілгенге ұқсайды. Су құбырын тар­ту­ға байланысты тендер өткізілген. Жоба­­ның құны – 547 млн теңге. Ашық кон­курс­­та жұмысты астаналық «Дәнекер» ЖШС ұтқан. Аудандық сәулет, қала құ­ры­­лы­сы және құрылысы бөлімінің бас­шы­­сы Бахтияр Мұстафинның айтуына қа­раған­да, мердігер ұйым тереңдігі 70 метр­лік екі ұңғыма қазып, құбыр орнат­қан. Кө­шенің жартысын орлап, кей тұсы­на құ­быр төсеген. Әйтсе де тамыз айын­да бар жұмыс кілт тоқтап қалған. Ара­да бі­раз уақыт өткен соң құбыр тартушы­лар бірж­ола кеткен. Күзге дейін тынышт­ық орна­ған. Ал қазылған ор сол қал­пын­да қа­лыпты. Қотандағы мал абайсызда орға құ­лап, мертігу оқиғалары да орын ала бас­­та­ған. Ауыл тұрғындары мәсе­ле­нің мә­­ні­­сі­не көз жеткізе алмай дал. Өз бет­­­терін­­ше құ­быр төселетін орды жа­уып тас­тауға тағы болмайды. Мал тұр­мақ екі авто­көлік те иесіз қалған орға құла­ған. Ақыр аяғында көпшіліктің өкпе-назы­на құ­лақ асқан селолық округтің әкімі Рыс­жан Әб­жанова трактор жалдап, қазыл­ған орды жа­уып тастаған. Елдің аманды­ғы үшін. Тіл­сіз мал аяқ астындағы орға түспей қоя ма?

Су құбырының жұмысы неге тоқтап қалды? Індете іздесек, мәселенің өрістеуі былайша өрбігенге саяды. 2022 жылы «Дәнекер» серіктестігі жосықсыз мердігер ретінде танылған. Өңірде бірнеше нысанды салуға және жөндеуге жарияланған тендерлерді ұтқан компанияның жұмысы нәтижесіз аяқталған. Осы арада қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, берекесіз ком­па­нияның тендерлерді қалай ұтты екен де­ген сауал туындайды. Демек заңға өзге­ріс енгізу қажет шығар. Тығырықтан шығар жал­ғыз жол – сотқа жүгіну. Ол қанша­ма уақыт алады? Бөлінген қаржы игеріл­мейді, құрылыс материалдары қымбат­тап кетеді. Ең бастысы, жарылқар деген жақ­сы­лықтан дәметіп отырған ауыл тұрғын­да­ры­ның қисапсыз өкпе-назы туындайды.

«Дәнекер» серіктестігінің жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізілгенін 2022 жылдың соңында ғана білдік. Құрылыс жұмы­сы басталғанда облыстық бюджет­тен қаражат бөлінген еді. Оған қарамас­тан, жұмысшылар іске кірісіп кетті. Рес­пуб­ликалық бюджеттен қаражат түскен­нен кейін 100 млн теңге көлемінде қаржы аудардық. Бұл қаражат ешбір жұмысқа жұмсалған жоқ. Міне, сол кезде аудандық әкімдік тиісті органдарға қызметтік жазба жолдады», дейді Бахтияр Мұстафин.

2023 жылдың тамыз айында иесіз қалған құрылыс алаңына аудит жүргі­зіл­ген. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қыруар кемшіліктің беті ашылған. Олқылықтың құны – 75 млн теңге. Белгіленген тәртіп бойын­ша мердігер бар кемшілікті өздері тү­зетуге тиісті. Селолық округтің әкі­мі Рысжан Әбжанованың айтуына қара­ғанда, «аузы күйген үрлеп ішеді» деген­дей, жосықсыз шаруадан зәрезап болған ауыл тұрғындары, оның ішінде белсенді қауым құрылыс жұмысының барысын қада­ғалауға көшкен. Әдетте, бар жұмыс­қа техникалық бақылау мамандары қадағалау жүргізеді емес пе? Атқарылған шаруаның мінсіз болуы сол мамандардың қырағылығына байланысты.

2023 жылдың қаңтар айында «Дәнекер» серіктестігімен келісімшарт бұзылған. Ендігі жұмысты астаналық «Байсын-А» құрылыс компаниясы ұтқан. Келісім жасалып, облыстық бюджеттен 56 млн теңге қаражат аударылған. Қалған 296,7 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінбек. Әрине, алдыңғы серіктестіктің сапасыз атқарған шаруасы түзетілуге тиісті. Ең өкініштісі, қаншама қымбат уақыт зая кетті, қыруар қаржы жұмсалды. Екінші мердігер жұмысына кірісуі үшін алдыңғысының атқарған бар шаруасы екшеліп, жіпке тізгендей анықталуы керек. Үш жылдың ішінде құбыр тартуға қажетті материалдар біршама қымбаттап кетті. Жоба басталғанда межеленген қаражат жетпейтіні белгілі. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуына қарағанда, «Дәнекер» серіктестігімен екі арада сот үдерісі өткен жылы аяқталған. Ендігі үміт – жаңа мердігерде.

Ауыл тұрғындарын мұндай мәселелер қызықтыра қоймайды. Оларға күнделікті ішетін таза су керек. Сол ақжарылқап күн қашан туар екен?

 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы