Ақпан айында кенеден келетін кеселдің алдын алып, санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруды жүйелейтін облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Соған сәйкес кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылып, аймақтағы 115 қолайсыз елді мекендер тізбесі бекітілді. Олардың арасында Жаңақорған мен Шиелі ауданында осындай ауылдар көп болып тұр.
«Жыл сайын барлық қолайсыз елді мекенде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезең аясында жүзеге асырылып келеді. Биыл бұл жұмыс сәуір айының алғашқы онкүндігінде Шиелі, Жаңақорған аудандарынан басталады деп жоспарланып отыр», дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.
Мамандар былтыр облыс бойынша эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болғанын айтады. Облыстың 13 тұрғыны Конго-Қырым дертіне шалдығып, оның үшеуі көз жұмған. Ал биыл жыл басынан бері 7 адамды кене шағып, дәрігерлерге жүгініпті.
Облыста аса қауіпті ауруға қарсы күрес жұмыстарына қорғаныс құрал жабдықтар қоры жеткілікті. Емдеу шараларына қажетті препараттар мен қан қоры да бар. Бірақ ең дұрысы – мамандар айтқан сақтық шараларын ұстанып жүру.
Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы да кенеден келер кеселдің жолын кесуге үлес қосады. Олардың дерегінше биыл аймақ бойынша 4 928 гектар жерге залалсыздандыру жүргізіледі.
«Бүгінде КҚГҚ-ның табиғи ошақтарында энтомологиялық зерттеу барысында 3 мыңнан астам кене жиналып, 372 сынама алынды. Нәтижесінде, 4 сынамадан оң нәтиже анықталып, жұқпалығы 1,1 пайыз екендігі анықталды», дейді Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының басшысы Фарида Қалиева.
Қызылорда