Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
10 жылдық тарихы бар бағдарлама еліміздің халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлеріндегі жастарды кадр жетіспеушілігі бар еліміздің солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру мақсатында қолға алынған. Бұл бағдарлама алғашында педагогикалық мамандықтар бойынша іске асырылды, кейіннен оның аясы кеңейтіліп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтар да қамтыла бастады.
Әлеуметтік бастама аясында «Серпін» бағдарламасымен маман даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты. 2015 жылы аталған әлеуметтік жоба бойынша алғашқы талапкерлерін қабылдаған оқу ордасын соңғы бес жыл ішінде 700-ге жуық түлек тәмамдаған. Әлеуметтік бағдарламаның талаптарына сәйкес, гранттық негізде оқуға түскен студент 4 жылдық білімнен кейін сол өңірде жұмыспен өтеуге міндетті.
Абудаллах Омарбеков – «Серпін» бағдарламасының түлегі. Ол 2021 жылы «математика мұғалімі» мамандығын бітірген. Үш жылдан бері аталған бағдарлама бойынша міндетін өтеп, еңбек етіп жүр. А.Омарбеков қазір Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Altynsarin institute-ның «серпіндік» түлегі соңғы инновация – жасанды интеллектінің көмегімен сабақ береді.
«Жасанды интеллектіні анықтама, теорема айтуда қолданамын, оқушылар жақсы қызығады, олардың назарын аударады. Егер бала сабаққа қызыға қатысып, жақсы тыңдап, есінде сақтай алса, білім сапасы да көтеріледі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жасанды интеллектіні фантастика емес, өмірдің ақиқаты екенін айтты. Яғни біз жаңа өмірге қадам басып жатырмыз. Осыған орай, мен өз жұмысымда заманауи жетістіктерді қолдануды құп көрдім, білім мен жасанды интеллектінің интеграциясы бағытын дамытып жүрмін. Жалпы, осы жұмысым бар, оған осыған дейінгі оқуымды қосқанда 7 жылдан бері солтүстік өңірде өмір сүріп жатырмын. Биыл үшінші жыл «Серпін» бағдарламасының талабы бойынша жұмыспен өтеп келемін. Болашақта да осында қалуды жоспарлап отырмын», дейді А.Омарбеков. «Жылдың үздік мұғалімі» атанған ол қазір мектепте оқушылармен математиканың әртүрлі аспектілері мен оның қолданылуы және үдерістерді оңтайландыру, нақты мәселелерді шешу үшін математикалық модельдерді әзірлеу сияқты тақырыптарда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шәкірттерімен бірге үздік нәтижелерге қол жеткізген, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып та үлгерген. Әрдайым өзін дамыту үшін педагогикалық біліктілігін үнемі, үздіксіз жетілдіріп келеді.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде (Amanzholov University) «Серпін» бағдарламасымен Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарының жастары тегін білім алып, өзі қалаған орындарға жұмысқа орналасты. Тіпті алғаш «Серпін» бағдарламасы басталған сәтте оқуға түсіп, осы жобаның аясында білім алғандардың алдыңғы қатары бүгінде докторантурада білімін жалғастырып жатыр. 2020-2021 оқу жылында осы бағдарламаның аясында университетті 30 студент тәмамдаса, 2023-2024 оқу жылында 100-ге жуық «серпіндік» жас Amanzholov University-ді таңдаған.
Аталған университеттің таратқан ақпаратына сүйенсек, 2014 жылдан бері 1700-ден аса білім алушы Amanzholov University-ді аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. Шығыс өңірді таңдаған талай жас осы аймақтың экономикасын ілгерілетуге үлес қосып, білім саласының қазанында қайнап жатыр. Олардың арасында шығысқа сіңісіп, біржола тұрақтап жатқан жастардың да қарасы қалың. Бұған Amanzholov University-дегі академиялық ұтқырлық бағдарламасының белсенді іске асырылуы, жаһанның үздік 200 жоғары оқу орындарымен сенімді ынтымақтастық орнатуы, студенттерді тәжірибеден өткізуге ерекше ден қоятыны себеп болып отыр. Жалпы, «Серпін» бағдарламасының кең ауқым алуына, аталған бағдарламамен оқуға түскен жастардың осы университетті таңдауына студенттердің өздері де мол септігін тигізіп келеді. Түркістан, Қызылорда, Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарының қыз-жігіттері жыл сайын қысқы, жазғы демалыс уақыттарында өздерінің жерлес талапкерлеріне кәсіптік бағдар беру жұмысын өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы оқу жылында бағдарлама бойынша оныншы лекті қабылдаған Amanzholov University-де бағдарлама аясында кадрлар даярлау білім бағдарламаларының 15 тобы бойынша, оның ішінде 23 білім бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Аталған жоғары оқу орнында «Серпін» бағдарламасымен оқып жүрген, оқыған 50-ден аса студент республикалық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы атаныпты.
Ал С.Торайғыров университетінде 2015 жылдан бері «Серпін» бағдарламасы бойынша 600-ге жуық жас білім алды. 10 жыл бұрын бастау алған бағдарламамен С.Торайғыров университетінде студенттер автоматтандыру және басқару, инженерлік жүйелер және желілер, ақпараттық жүйелер, сәулет, азық-түлік өнімдерін өндіру технологиясы және өзге мамандықтар бойынша оқиды.
«Серпін» бағдарламасының мақсаты – білім беру кеңістігін барынша тереңдетіп, барлық аймақтарды, оның ішінде халық тығыз орналасқан облыстарды қамту. Студенттік жастардың көші-қоны есебінен біз кадр тапшылығын азайтып қана қоймай, бір-бірінен алыс өңірлерде тұратын жастар арасында байланыс пен диалог алаңын қамтамасыз етеміз», дейді С.Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов.
Аталған университеттің берген ақпаратына қарағанда, «Серпін» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен талапкерлер жатақханамен толық қамтылады. Осыған қоса, олар оқуды аяқтаған соң еңбекпен қамту бойынша көмек алуға құқылы. Негізі жұмыс күші көп өңірлерде жастар арасында жұмыссыздықты азайту, кәсіби кадрларды толықтыру мақсатында қорға алынған бұл бағдарлама өңірлердегі ғылыми әлеуеттің артуына да септігін тигізіп жатыр екен. Өйткені «Серпін» бағдарламасымен бакалавриатты бітіргендер арасында кейін ізденіс аясын кеңейтіп, ғылымға бағыт алатындар бар. Соның бірі – «Серпін» бағдарламасымен С.Торайғыров университетінде оқып жүрген студент Дильназ Қаныбекқызы: «Мен азық-түлік өнімдерінің технологиясы мамандығы бойынша үшінші курста оқимын. Бұл бағыт жоғары сұранысқа ие. Оқуымды тәмамдаған соң алған білімімнің арқасында ғылыми еңбекке аралассам деймін. Магистратураға түскім келеді», дейді.