Аймақтар • 04 Сәуір, 2024

Ендігі қатер – таудың қары

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейбір аудандарда қарғын су екпіндеп келіп, аулаларға жайы­лып, күре жолдарға шығып кетіп, жергілікті билік өкіл­дері мен тұрғындар әбігерге түсіп жатыр. Өңірдегі қардың 70 пайызы әлі ерімегенін ескерсек, дайын­дық­ты күшейте түсу керек сияқты. Сол үшін де облыс бас­шылығы су тасқыны қаупі бар жерлерді әуеден бақылап қайтты.

Ендігі қатер – таудың қары

Фото: prosports.kz

Өскемен – Риддер қалалары мен Алтай – Глубокое – Ше­монаиха – Үлкен Нарын, Катон­қарағай аудандары бағыты бо­йын­ша ұшып өткен мониторинг тобы өзендерде мұздың ашылуын байқаған. Су деңгейлері арнасынан асып жатқан жоқ. Бөгеулер де қалыпты жағдайда деседі. Ендігі қауіп – таудың қары. Ол ерігенде өзендер тасып, арнасынан шығуы әбден мүмкін. Алдын алу үшін өңірде 55 мың дана қап, 6 мың тоннадан аса инертті материал, 406 тонна жанармай дайындалды. Техника мен мотопомпалар әзірлікке келтірілді, эвакуациялық пункт­тер қарас­тырылды. Онда уақыт­ша тұру үшін жан-жақты жағдай жасал­ған. Елді мекендерден 368 мыңнан аса текше метр қар шығарылды. 448 шақырым арық пен 447 көпірдің көздері тазартылды.

Сәуір туа ауа температурасы жылып, таулы өңірлердегі қардың көбесі сөгіле бастады. Өзен-көлдің мұзы жарылды. Су тасқыны қауіп төндірген жағдайда, облыста 2 270 адам, 732 бірлік техника мен 234 мотопомпа, 61 бірлік жүзу құрал­дары топтастырылады. Алда-жалда тұрғын үйлерді су басса, халықты орналастыру үшін сыйымдылығы 17 600 адамды құрайтын 153 уақытша орналас­тыру пункті дайындалды.

Қазіргі таңда Қалбатау – Майқапшағай тасжолының 1 090-1 092 шақырымында су шығып, жолды шайып кеткені болмаса, басқа өңірлерде су басып жатқан жоқ. Бірақ жолдың үстіне шыққан су Тарбағатай ауданының тұрғындары үшін өте үлкен кедергі болған. Облыс орталығына қатынау мүмкін болмай қалған. «Қазавтожол» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалына қарасты жолдың жиегін қар суы шайып кеткен. Бір емес, екі су өткізу құбыр­лары болғанымен, көлкіген су дес бермеген. Тасқын тоқтаған соң, жауапты мекеме жолды қалпына келтіру үшін 5 мың тонна тас төккен, 1 800 тонна шағыл тас жеткізген. Сөйтіп, жолды ашты. Бұл жөнделіп жатқан жол болғандықтан, алдағы уақытта 13 су өтпе құбыр­лары орнатылады. Ол жұ­мыстар жыл соңында аяқталуы мүмкін.

– Тілсіз жау республикалық маңызы бар күре жолдың бойындағы учаскелерді бүлді­ріп кеткен. 1 сәуір сағат 15.30-дан бастап, Омбы – Майқап­шағай бағытындағы су шайған тасжолды ашу жұмыстары жүргізілді. Әзірше бір бағыттық жол ашылып, көліктер кезегі­мен өткізіледі, – деді «Қазав­тожол» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Сапарғалиев.

Айтып өткендей, Қалбатау – Майқапшағай арасындағы тасжолды су шайып кеткендіктен, жолаушылар жолда қалған. Оның ішінде Абай облысы аумағында қалып қалған тар­бағатайлық жас ана дәрігер­лер көмегіне жүгінген. ШҚО Денсаулық сақтау басқар­масының баспасөз қызметі мәлімдегендей, 2002 жылғы Тарбағатай ауданының тұрғы­ны Өскемен қаласынан таксимен жолға шыққан. Алайда су деңгейі көтеріліп, жол жа­был­ғандықтан, Абай облы­сы­ның Көкпекті ауданына қарасты Тассай аулында қалып қойған. Жолай өзін жайсыз сезінген ол дәрігерлерге жүгінген. Дәрігерлер дереу жас ана мен нәрестені тікұшақпен Өскеменге жеткізіп, облыстық аурухананың гинекология бөлі­міне жатқызған. Ал нәресте Ана мен бала орталығында дәрі­герлер бақылауына алынды.

Айтып өткендей, қауіп беті қайтқанша, жолға шықпас бұ­рын, ТЖД-дан келіп түсіп жат­қан хабарламаларға назар аударған дұрыс. Қауіп тас­қын судан ғана емес, таулы аймақ­тарда қар көшкіні түсіп жатқа­нын да естен шығармаған жөн.

 

Шығыс Қазақстан облысы