Саясат • 05 Сәуір, 2024

Әйелдер құқын қорғаудың халықаралық тәжірибесі

65 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Еуропа Кеңесі (ЕК) мен Еуропалық Одақтың (ЕО) қолдауымен мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері үшін «Әйелдер құқығын қорғау: халықаралық және еуропалық тәсілдер» атты екі күндік семинар ұйымдастырылды.

Әйелдер құқын қорғаудың халықаралық тәжірибесі

Фото: Gov.kz

Бас прокуратураның, ішкі істер, әділет, мәдениет және ақпарат және оқу-ағарту министрліктерінің, адам құқықтарын қорғау саласындағы ҮЕҰ, сондай-ақ бірқатар жоғары оқу орнының өкілдерінің алдында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Елші Кестутис Янкаускас және Еуропа Кеңесінің Ынтымақтастық бағдарламалары басқармасының жобалар үйлестірушісі Кристина Хохлова сөз сөйледі.

Роман Василенко биылғы жылдың маусым айында Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Мария Пейчинович-Буричтің Астанаға сапары, оның барысында ел басшылығымен кездесуі және Астана халықаралық форумының жұмысына қатысуы жоспарланып отырғанын хабарлады. Форум аясында жаңа «ЕК-ның Қазақстанмен тату көршілік ынтымақтастығының 2024-2027 жылдарға арналған басымдықтары» ресми түрде іске қосылады. «Біз үш жыл өткен соң барлық мүдделі тараптың ортақ мақсаты – адам құқықтары, демократия және заң үстемдігін нығайту жолындағы табысты өзара іс-қимылының жемісін көре алатынымызға сенімдіміз», деп мәлімдеді Р.Василенко.

Еліміздің адам құқықтарын қорғау саласындағы саясатына қатысты министр орынбасары Қазақстан басшылығы гендерлік теңдікті сақтауды және әйелдер құқығын қорғауды қамтамасыз етуге басты мән беретінін атап өтті. Осы тұрғыда 2023 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы жаңа іс-қимыл жоспары, сондай-ақ Парламентте қаралып жатқан әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасы ерекше аталып өтті.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілі А.Ластаев елімізде гендерлік теңдікке қол жеткізу және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бағытында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде және осы тақырып бойынша арнайы баяндама әзірленгені туралы ақпарат беріп, қордаланған проблемаларды атап өтті. «Өкінішке қарай, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейі әлі де жоғары, бұл – гендерлік теңдік үшін елеулі кедергі», деп айтты Омбудсмен.

Өз кезегінде ЕО және Еуропа Кеңесі­нің өкілдері семинар тақыры­бының өзектілігін айтып берді.

«Гендерлік теңдік – әрбір ер адам мен әйелдің қоғамның экономикалық және әлеуметтік өміріне әділ үлес қосуына мүмкіндік. Отбасылық зорлық-зомбылыққа және әйелдер мен қыздарға қатысты күш қолдануға әділ қоғамда орын жоқ», деді К. Янкаускас.

Тұрақты тәжірибе алмасудың және адам құқығы мен басқа да салалардағы заңнаманы жетілдірудің маңыздылығына назар аударып, Қ.Хохлова «Еуропа Кеңесі әзірлеген Конвенциялар – адам құқығын, демократияны және құқық үстемдігін қамтамасыз етудің халықаралық деңгейде мойындалған негізгі стандарттары», деп атап өтті.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар іс-шара әйелдер құқығын қорғауды қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселелерінің негізгі аспектілері туралы пікір алмасу және ақпараттандыруды арттыру үшін тиімді алаң ұсынғаны туралы ортақ пікір білдірді.