Саясат • 05 Сәуір, 2024

Мақсат – дінаралық диалогті дамыту

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Парламент депутаты жұмыс сапарымен Ватикан мен Италия Республикасына барды. Сапар аясында делегация Рим Папасы Францискпен кездесті. Сондай-ақ Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Қазақстандық сенаторлар Италия Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарымен де кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мақсат – дінаралық диалогті дамыту

Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Францискке ілтипат танытып, Пон­тификке аудиенция үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы дос­тық қарым-қатынастың одан әрі ны­ғаюына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қаңтар айында Ватиканға жасаған ресми сапары айтарлықтай серпін бергенін атап өтті. Сенат спикері өз сөзінде Қасиетті Таққа Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Рим Папа­сы­ның VII съезге қатысуы жаһандық дінаралық диалогті арттыруға және халықаралық деңгейде рухани дипломатияны дамытуға зор ықпалын тигізгенін айтты.

Рим Папасы Франциск Қа­сиетті Тақ Қазақстанның бейбіт­шілік пен түрлі дін өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған бастамасын қол­дай­тынын атап өтті. Сонымен бірге ол Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқан сәтті еске алды.

«Бүгінгі кездесуіміз Астанаға сапарымды, сол кезде қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін еске түсірді. Съезд дін лидерлері диалог құратын, сондай-ақ әлем­дік сая­саткерлер мен мәдениет және медиа өкілдерін біріктіретін бірегей алаңға айналды. Бұл бас­тама, шын мәнінде, құрметке лайық және Қазақстанды кездесулер елі ретінде көрсетеді. Биыл қаңтар айында Ватиканға сапармен келген Қазақстан Президентімен кездестім. Сол кезде қазақ халқына деген ізгі ние­тімді білдірдім. Біз діндер, мәде­ниеттер және этностық топтар ара­сындағы үйлесімділікке жету жолында бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Қазақстан – осындай жетістікпен мақтана алатын ел», деді Рим Папасы Франциск.

Сапар аясында экология, жаһандық жылыну және қор­шаған ортаны қорғау мәселе­леріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті жасыл экономикаға көшу мәселесіне баса мән беріп отырғанын айтты. Соған сәйкес ұлттық заңнама, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндет­тердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның қызметі және басқа да бағыттар аясында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі қазір­гідей өзекті сын-қатер­лер жағдайында дін көш­басшылары­ның, саясаткерлердің және халық­аралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыруды көздейді. Рухани көшбасшылар жергілікті жерде ғана емес, халық­аралық деңгейде де зор ықпалға ие. Олар бірлесіп, климаттың өзгеруі, теңсіздік, экстремизм сияқты проблемаларды шешуге, қақтығыстар мен соғыстарды тоқтатуға айтарлықтай септігін тигізе алады. Планетамыз бен келер ұрпақтың жарқын бола­шағы жолында жұдырықтай жұмылу біздің ортақ мақсатымыз екені анық», деді Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшім­баев Италия Республикасы Пар­ламенті Сенатының төр­ағасы Иньяцио Ла Руссамен кездесті. Сұхбат кезінде тараптар парламентаралық қарым-қатынасты арттыру мәселесіне кеңірек тоқталды.

«Италия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды стратегиялық серік­тес­терінің бірі. Біздің елдеріміз арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан. Жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға рес­ми сапармен келуі соның жар­қын бір көрі­нісі. Бұл сапар екі мем­лекеттің эконо­ми­калық және мәдени-гума­нитар­лық ынты­мақ­тастығын нығай­туға тың сер­пін берді», деген Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта парла­мент­аралық байланысты одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Иньяцио Ла Русса екі елдің қарым-қатынасын әрі қарай арттырудың маңызды екеніне назар аударып, Қазақ­станда жүргізіліп жатқан демо­кра­тиялық жаңғыртулар мен реформаларға қолдау білдірді.

Екіжақты кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынты­мақтас­тықты кеңейту мәселелерін де талқылады. Одан бөлек, екі жақ білім беру және туризм сала­сын­дағы серік­тес­тікті кеңейту жөнінде пікір алмасты.