Заң • 06 Сәуір, 2024

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының екі ел аумақтарында болуы туралы заңға қол қойылды

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге енгізілген өзгерістер туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының екі ел аумақтарында болуы туралы заңға қол қойылды

«Мемлекет басшысы «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», делінген Ақорда хабарламасында.

Заңның мақсаты – екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту, азаматтардың сапарларын реттеу, сондай-ақ бір мемлекет адамдарының екінші мемлекеттің аумағында болуына қолайлы жағдай жасауға құқықтық негіз қалыптастыру болып табылады.

«Құжатта тараптар азаматтарының өзге елде болу кезеңі шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен аспаса, онда сол елдің аумағында құзыретті органдарда тіркелмей болудың оңайлатылған тәртібі көзделіп отыр. Осылайша, екі мемлекет азаматтардың өз аумақтарында уақытша тіркеусіз жүрудің мерзімін 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты», делінген 2024 жылғы 21 ақпандағы Сенат талқысында.