Заң • 07 Сәуір, 2024

Бас прокуратура су тасқынына байланысты төрт тергеу бастады

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас прокуратура су тасқынына байланысты төрт тергеу амалын бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бас прокуратура су тасқынына байланысты төрт тергеу бастады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланған 10 облыста уәкілетті мемлекеттік органдар салдарларды жою және азайту, жаңа аумақтарды су басуға жол бермеу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, әкімдіктер мен басқа да қызметтердің 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды. Ең күрделі жағдай – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарында.

«Прокуратура нақты елді мекендерді су басу, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және басқа да объектілердің қирау себептерін белгілейді. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы зерттеліп жатыр.

Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға беріледі», делінген ведомоство хабарламасында.

Прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастады.

Жергілікті жерлердегі прокурорлар құқық қорғау органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіреді. Проблемалық учаскелерді қоршау және патрульдеу, азаматтардың мүлкін қорғау қамтамасыз етілген.