Үкімет • 08 Сәуір, 2024

Облыс орталығын су тасқынынан қорғауға жұмылды

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына барды. Өңірдегі дайындық режімі – жоғары деңгейде, су тасқыны салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

Облыс орталығын су тасқынынан қорғауға жұмылды

Вице-премьер Ақтөбе облысымен шекара аумағын тікұшақпен айналып өтті. Жем өзеніндегі зақымдалған бөгеттің жағдайына баға берді. Кеше оның бұзылуы салдарынан Құл­сары қаласының екінші және үшінші учаскелері, сондай-ақ «Жадырасын-2», «Болашақ», «Вахталық кент» шағын аудандары, «Қарағай» елді мекені су астында қалды.

6 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау облысының үш ауда­нында күрделі су тасқыны жағ­дайы сақталуда, 2 елді мекенге көлікпен қатынау мүмкін емес.

Құлсары қаласында 2,6 мың жеке тұрғын үй мен әкім­ші­лік ғи­марат су астында қалып, 5 сә­уір­­ден бастап қауіп­­ті ай­мақ­­тан 15 632 адам шыға­рыл­ды. Халықты эвакуациялау жалғасып жатыр.

Қазіргі уақытта жағалауды нығайту жұмыстары қарқын­ды жалғасуда, топырақ толты­рыл­ған 45,9 мың қапшық, 174,3 мың тонна инертті материал төселді. 5 сәуірде Каспий теңізіне қарай су өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді, тағы бір рет мұз жару жоспарланған.

Әкімдік пен күштік құры­лым­дардың 600-ге жуық қызмет­кері, 148 техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды.

5 елді мекенде – Миялы, Жан­­гелдин, Көздіқара ауылдық ок­руг­тері, Аққора, Жасқай­рат ауыл­­дарында қауіп-қатер сейілді.

Қанат Бозымбаев Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жағдайдың күрделі екенін айтып өтті. Алайда дүрбелең мен уайымдауға себеп жоқ. Өңірде су тасқынымен күресуге арналған барлық ресурс бар.

«Жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы орган­дарға орта есеппен 3-4 күн қажет. Нақты іс-қимыл жоспарын құру, қажетті ақша сомасын бөлу, қажетті техниканы, сондай-ақ адами ресурстарды тарту қажет», деді Қ. Бозымбаев.

Вице-премьер өңір басшы­лығына су тасқынына қарсы күрес бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.  Атап айтқанда, Атырау облысында ТЖ режімін енгізу туралы тапсырма берілді.

«Мен ҚТЖ басшылығын шақырдым, өйткені кейбір жерлерде үлкен су көлемін өткізу үшін теміржолдарға демонтаж жасау қажет. Қазіргі таңда Ириклин су қоймасынан су ағызу секундына 2,5 мың текше метрді құрайды, алдағы уақытта ол 4,5 мыңға жетуі мүмкін. Сондықтан бізде су тасқынына дайындыққа 20 күн бар. ТЖ режімін халықты дүрбелеңге шақыру үшін емес, су тасқынына қарсы нақты іс-қимыл үшін жариялаймыз», деді Қ.Бозымбаев.

Өңірде суды Атырауға қарай жіберіп алмай, Каспий теңізіне қарай апаратын өзендер мен көлдерге жіберу үшін бұру арналарын қазу қажет.

«Біз үшін ең басты міндет – Атырауды барлық жағынан нығайту», деп түйіндеді вице-премьер.