Тәпсірлеп айтар болсақ, ислам әлемге қанат жайған VI ғасырда араб емес халықтарға Құранды дұрыс оқыту үшін қырағат қажет болды. Сол себепті, бірінші халифа Әбу Бәкірдің кезінде хатқа түсіріліп, екінші халифа Омардың қызы Хафсаның қолында сақтаулы тұрған жалғыз Құран жеті нұсқамен (қырағат) көбейтіліп, мұсылман діні жеткен жерлерге жіберілген. Бұл кітаптар тарихта «Оспан Құраны» деген атпен қалды.
Бұл жәдігер туралы сәл тарқатып айтар болсақ, 1402 жылы Әмір Темір Османлы империясының сұлтаны Баязидті талқандап, қайтарында Басра қаласындағы орталық медреседе сақтаулы тұрған осы кітапты Самарқанға алып келген. Кітап 1868 жылы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфманның қолына тиеді. Ол оны Санкт-Петербургтегі Империал қоғамдық кітапханасына жолдайды. Қазан төңкерісінен кейін Құран РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Лениннің шешімімен Бүкілресейлік мұсылман кеңесіне жіберіледі. Одан кейін 1941 жылы Ташкентте Өзбекстан халқының тарихи мұражайына берілген.
Аталған Құранның факсимильдік нұсқасын 2007 жылы Ыстанбұлдағы «Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу халықаралық ғылыми орталығы» (IRCICA) жасап, 2018 жылы осындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына сыйлаған екен.
Сонымен қатар осы мекеме қорында аса шағын кітаптар да бар екен. Атап айтар болсақ, соның бірі – атақты күрішші, екі мәрте Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың «Қанатты сөздері». Бұл кітаптың көлемі 4,5х5,5 см. 72 беттен тұрады. 1979 жылы «Қайнар» баспасынан қазақ және орыс тілінде жарық көрген. Орталықта дәл осындай форматтағы тағы бір кітап – екі мәрте Еңбек ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 1980 жылы жарық көрген «Ұрпаққа ұлағат» еңбегі.