Повесть 1957 жылы жазылып, 1963 жылы экраннан көрерменге жол тартты. Ал 1967 жылы француздың әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» аталымын жеңіп алды. Бұл – қазақ кино саласындағы тұңғыш жүлде. Шығарманың жарық көрген жылы тың игеру жылдарымен тұспа-тұс келеді. Қазақ жері ханталапайға түскен сәтте басты кейіпкердің есімі басқа емес, Қожа болуында да үлкен мән-мағына жатыр. Яғни «Елдің, жердің қожасы – мен» деген ой менмұндалап тұр.
Тағы бір қызығы, басты кейіпкерді сомдаған Нұрлан Санжардың фильмде өз дауысы жоқ. Оның айтуынша, сегізінші сыныпқа дейін «р» дыбысына тілі келмегендіктен, орысша нұсқасында оның рөлін Марина Виноградова, ал қазақ тілінде Фарида Шәріпова дыбыстаған.
«Тақиялы періште»
«Жоқ. Жалғызбасты еркектің күні құрысын. Жанашыр анасы болу керек не болмаса әйелі». Осы бір ойдан бастау алатын бұл фильмнің сюжеті жеңіл болғанмен, айтар ойы терең, оқиғасы ойнақы, кейіпкерлері халық өміріне етене жақын.
Шәкен Айманов «Тақиялы періштесін» 1965 жылы балуандар сайысынан тапқан. Ол балуан өздеріңіз білетін – Әлімғазы Райымбеков. Сонымен қатар бұл фильмде Бибігүл Төлегенованың «Ана» әнін орындайтын эпизоды бар. Бірақ ол дауыс Бақыт Әшімованың дауысы болатын. Бұл – режиссердің шешімі еді.
О баста фильм композиторы Александр Зацепин «Ана» әнін орыстың белгілі әншісі Майя Кристалинскаяға арнаған. Фильмді қазақшалағанда сол дауысты негізге ала отырып және үні мен мәнері ұқсас болғандықтан Бақыт Әшімованы таңдаған.
«Қыз Жібек»
Сценарийін Ғабит Мүсірепов жазып, Сұлтан Қожықов режиссерлік еткен, Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли, Гүлфайруз Исмайылова сияқты өзі ісінің майталмандары атсалысқан «Қыз Жібек» көркем фильмі – ұлттық өнердің теңдессіз олжасы.
1944 жылы жазылған сценарий бойынша «Қыз Жібек» фильмінің алғашқы атауы «Аққу» болған. Кейін араға жылдар салып, шығармашылық үрдіс нақты өндіріске ұласқанда «Аққу» атауын «Қыз Жібек» алмастырған. Фильмінің тұсауы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында кесілген болатын. Ал басты кейіпкер Жібектің рөлінде ойнауға төрт жүзге жуық үміткерден ұсыныс хат келіп түсіпті. Олардың ішінде он бес қыз ғана іріктеуден өтіп, онда да тек Жібектің серіктері ретінде таңдалған.