Талбесік • 09 Сәуір, 2024

Мұздық ерісе, елге – мұң

227 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзіндегі ауа райы заңдылығының өзгерісі мұздықтардың беймәлім мінез танытуына тікелей байланысты екенін мамандар талайдан бері айтып, дабыл қағып келеді. Ағын судың азаюына, тұщы судың тапшылығы мен мұхит суының температурасына, тіпті мемлекеттердің тұрақты дамуына да мұздықтардың тура және жанама әсері бар.

Мұздық ерісе, елге – мұң

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Экономиканың өркендеуі мен халықтың өсімі суға деген сұранысты жоғарылатып, соған сәйкес, су ресурсын қолданудағы бәсекені арттырып келеді. Ас­панмен таласып, кербез кейпі көз арбайтын Орталық Азия мұздық­тарының басындағы бүгінгі мұң – жер бетінің экожүйесіне қатер төндіріп тұрған әлемдік криосфера мәселесінің бір бөлшегі ғана.

Орталық Азия тауларындағы мұз­дықтар 3 мың метрден асатын биіктікте орналасқан. Олар­дың көлемі әртүрлі, кейбірінің ауданы бірнеше шақырым аумақты қамтиды. Қырғызстан мен Тәжікстан жерінің жартысына жуығы Тянь-Шань мен Памир тауларының ең биігіне тиесілі. Тянь-Шань тауларындағы крио­сфера Сырдария өзенінің бастауларын, ал Памир таулары Әмудария өзенінің бастауларын еріген қар суымен қамтамасыз етеді. Ақбас мұз шыңдарының көзге көрінетін беткі қабаты бар.Тау жоталарында сіресіп жатқан қардан басқа, криосфераның тас көшкіні, мұздың қозғалысынан пайда болған тау жыныстары сынықтарының үйіндісі, мәңгі тоң сияқты жерасты мұз қабаты тағы бар. Климаттың өзгеруін тал­дайтын Үкіметаралық сарапшылар тобының арнайы дайындаған баяндамасында мұздықтардағы қардың, мәңгілік тоңның еріп, азайып келе жатқаны талай рет айтылып, дабыл қағылған. Соңғы 50 жылда Орталық Азиядағы мұздықтар 20-30%-ға азайған.

Мұздықтар мәселесінің Орталық Азияда орналасқан бес мем­лекетке тікелей қатысы бар. Бұл ай­мақтағы мемлекеттер үшін мұздықтар ағын судың өмір­лік маңызы бар табиғаттағы ұзақ­мер­зімді қоры болып саналады. Мұндағы өзен-көл жүйесі қардың еріген суы мен биіктегі мұздықтармен біте қайнасқан. Тау етегінде жатқан климаты ыс­тық әрі құрғақ Қазақстан, Түрік­менстан, Өзбекстан сияқты елдер ағысының басы мемлекеттік шекарадан тысқары жерде жатқан су көздеріне тәуелді. Орталық Азия криосферасындағы ахуал қалай рет­теліп отыр, климаттағы өзге­рістен қандай қауіп туындайды, метерологиялық мәселелер қан­ша­лықты тереңдеді? Міне, осы сауалдар Алматыда бес мемлекеттің мамандары бас қосқан Орталық Азиядағы криосфера өзгерістеріне арналған халықаралық семинарда кеңінен талқыланды.

ЮНЕСКО мұздықтар мәсе­лесінің аса маңызды екенін ескере отырып, Қазақстан Үкіметінің келісімімен мұздықтарды зерттеу орталығын ашуды құп көргені белгілі. Мұздықтарды зерттейтін әлем­дегі жалғыз орталық ре­тінде төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. ЮНЕСКО аясында құ­рылған осы орталықтың ұйыт­қы болуымен БҰҰ-ның Даму бағ­дарламасы арқы­лы Ғалам­дық эко­логиялық қор қар­жы­лан­­дыратын «Климаттың өзге­рісіне тұрақты дамудың және бейімделудің кешенді әдістерін әзірлеу үшін нивал-гляциал жүйе­лерін бағалаудағы өңірлік ын­тымақтастық арқылы Орталық Азия елдерінің тұрақтылығын күшейту» жаңа өңірлік жобасы Орталық Азиядағы ең маңызды эко­логиялық проблемаларды шешуге бағытталған. Негізгі идеясы өткен жылы Парижде бекітілген бұл төрт жылдық жоба криосфе­раны зерттеу, адами әлеуетті арттыру, бір мүддені мақсат етіп ұстанған елдердің ынтымақтастық байланысын дамытуды көздейді. Табиғи апаттар түрінде ауыр салдарды тудыруға қабілетті ауа райы өзге­рістеріне және экологиялық проблемаларға байланысты ең маңызды мәселелер қаралған Ал­маты семи­нарында криосфера жағдайы әр мемлекеттің мысалында алуан қырынан сараланды.

«Бұл жобаның маңызы зор. Себебі Орталық Азияда өзендерге жиналатын сулар криосфера, яғни тау мұздықтарынан келеді. Сон­дықтан қордағы су көлемін бағалау керек. Экономикалық тұрғыдан да қолжетімді су мөлшерін бі­ліп, нақ­ты қа­дамдар жасау ма­ңызды», дейді гляциолог, Орталық Азия­дағы криосфера жобасының үйлестірушісі Мартна Барандун.

ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, дүние­жүзілік мұрагерлік тізіміне енгізілген ормандардың 50%-дан астамы, сондай-ақ кө­гілдір көміртектің ең маңызды қой­масы саналатын теңіз нысандарының үштен екі бөлігі тоқырау қаупінен қатерге ұшырау алдында тұр. Жер қабатының құрғап кетуі, орман өрттері, топан су мен дауылдар – осы құбылыстың бәрі климат өзгерісінің салдары болып саналады. Орталық Азия мемлекеттері арасында қолға алынған бұл жоба өңірді сумен жабдықтауды және тұрақтылықты қолдауға арналған қарлы, мұздықты және мәңгі тоңды жүйелердің маңыздылығын назарға алады. Орталық Азияның ауыл ша­руашылығы саласы және энергетикасы сумен жабдықтау жүйелеріне тәуелді, ендеше оны сақтау аса қажет. Жоба Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған. Себебі ауа райының өзгерістері, олардың су ресурс­тарына әсері криосфера туралы деректерді және әзірленген іс-әрекет жос­парын пайдалану мен өңір елдерінің тұрақтылығын сақтау үшін бірігіп күш жұмсауды талап ететін трансшекаралық мәселелерге келіп тірелетінін барлығы да тегіс мойындайды.

ЮНЕСКО жанындағы «Ор­талық Азия өңірлік гляциоло­гиялық орталығының» директоры Такир Балықбаев: «Орталық Азиядағы судың 80%-ын қар мен мұздық­тардың суы құрайды. Оның ішінде 30%-ы мұздықтарға тиесілі. Демек, жалпы ағын судың төрттен бір бөлігін мұздықтар беріп жатыр. Осы себепті мұздықтарды зерттеу – өте маңызды мәселе. Өкінішке қарай, соңғы 150 жылдың ішінде мұздықтардың көлемі де, олардың ауданы да азайып бара жатыр. Кейінгі 50 жылда мұздықтардың ауданы жыл сайын 0,73%-ға, ал көлемі 1%-ға дейін азайып отырады. «Осы қарқынмен ери беретін болса, болашақта мұздықтар таусылып қалмай ма?» деген жалғыз сұрақ қазір әлемді алаңдатып отыр. Бұл әбден мүмкін. Осы ға­сырдың аяғына дейін мұздықтар, әрине, болады. Бірақ көлемін жоғалта береді. Егер ол жоғалатын болса, қазіргі өзен-көлдер алып отырған 30% судың орнын не тол­тырады? Міне, бұл – мәселе. Сондықтан климаттың өзге­руіне диагностикалық талдау жасау аса маңызды. Осы талдаудың негізінде әр ел алдағы уақытта криосфераға байланысты туындайтын мәселені шешу жолдарын, «не істеу керек?» деген мәселедегі іс-қимыл жоспарын, бастысы, өңірлік жоспарды жасап, бекіту керек», деді.

Семинарға Қазақстанның, Қырғыз Рес­публикасының, Тә­жікстанның, Түрікмен­станның, Өзбекстанның өкілдері, крио­сфера зерттеулері жөніндегі халықаралық сарапшы мамандар, деректерді басқару жөніндегі мамандар мен саясаткерлер, сондай-ақ гидрометорталығының қыз­меткерлері қатысты. Екі күнге созылған семинарда криосфе­раның жай-күйін бағалау, мониторинг жасау, су ресурстарын тұрақты басқарудың кешенді әдістерін әзірлеу және өзгеріп жат­қан климаттың салдарын жеңу үшін бейімді стратегиялар қалыптастыруды сөз етті. Ха­лық­аралық семинар криосфера мониторингі және деректерді бас­қаруда тиімді өңірлік ын­ты­мақтастық үшін негіз жасауды алға тартты. Бұл сенімді ұлт­тық іс-қимыл жос­парын даяр­лау­ға, криосферадағы алдағы өзге­рістердің ақпараттық жоспарлануын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Суға байланысты туындап отырған мәселе шашетектен. Ерте көктемдегі жауын-шашынның соңын ала бере қар ериді. Ол еріп біткен соң мұздықтардың еруі бас­талады. Бұлай ери беретін болса, жаз ортасына жетпей, мұздықтың суы сарқылып бітуі мүмкін. Ал су азайса, тап­шылық, құрғақшылық басталатыны белгілі. Өңірлік іс-жоспар «суды соңғы тамшысына дейін қалдырмай сарқып алмас үшін не істеу керек?» деген сұ­рақтың төңірегіне құрылуы керек». Сөз алған спикерлердің пі­кірі, негізінен, осы ортақ ойдың төңірегінде түйінделіп жатты.

Еліміздің аумағындағы биылғы тасқын су әкелген қасірет тарихта сирек болатын төтенше жағдай ретінде есте қалады. Ты­ныш жатқан аймақтардың топан судың астында қалғанын семинар қатысушылары бірауыздан: «күн күрт жылынғанда болмай қоймайтын табиғаттағы өзгеріс» деп атады. Сонымен бірге көктемгі арнасынан асып-тасыған сумен алысатын ауыл халқы жаз шыға қуаң­шылықтың зардабын тартады. Былтырғы жазғы қуаңшылықта Жамбыл облысының Талас және Шу өзендерінде су азайып, ол аймақтың ауыл ша­руашылығына кері әсерін тигізді. Мұның ең үл­кен се­бебі – еліміздегі өзендер мен көл­дердің негізгі бас­тау-бұлағының басқа елдерде жатқанында. Су көздерінің транс­шекаралық аймақтардағы тағды­рын бір ел ғана шешіп, жауапты болуының салдары көрші мемлекеттер үшін ауыр болуы мүмкін. Бір шекарадан бір шекараға өте­тін су мәселесінің шешімін таба алмай келе жатуы – үлкен про­блеманың арқауы. Семинарда су қожайындарының қолындағы құзырлы билікті мемлекетаралық ке­лісіммен тиімді пай­далану жолда­ры төрт жылға жос­пар­лан­ған ау­қымды жоба аясында алдағы уа­­қытта қарастырылатыны ай­тыл­ды.

 

АЛМАТЫ