Аймақтар • 09 Сәуір, 2024

Мол су Ақкөл-Жайылмаға қарай жөңкілді

159 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Керекуде көктемгі су босату шаралары бас­талды. Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасынан жылдағыдай Шідерті өзеніне мол су жіберілді. Жалпы көлемі 87,4 млн текше метр тіршілік нәрі сай-саланы суға толтырып, Ақтоғай ауданы мен Екібастұздың ауылдық аймақтарындағы мал өсіруші ағайынның несібесін еселей түседі.

Мол су Ақкөл-Жайылмаға қарай жөңкілді

Арнадан су босату шараларының жалпы ұзақтығы 60 күнге ұласады. Осы аралықта жалпы көлемі 120 млрд текше метр су Шідерті өзені арқылы кең далаға жөңкіліп, шабындық үшін пайдаланылатын көлтабандарды, Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл көлдер жүйесін (шамамен 9 көл бар) толықтырып, балық ресурсын қалпына келтіруге оң әсерін тигізеді. Екінші тұр­ғыдан бұл аумақтардың табиғи балансын ұс­тап тұ­ру­ға, экологиялық ахуалды жақсартуға негізделген.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның мәліметінше, алғашқы ке­зекте босатылатын 87,4 млн текше метр суға рес­публикалық бюджеттен 4 млрд теңгедей қаражат бөлінген.

– Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті өзенінің сағасымен су босату кейінгі 15-20 жылда жақсы жолға қойылып отыр. Күнкөрісі төрт түлік малға қарап отырған ауылдағы жұрттың үмітпен күтетін оқиғасы бұл. Ақкөл-Жайылма аумағы мен Ақтоғай ауданының қыр жақ бөлігінде жазда өте құрғақ климат қалыптасады. Көлтабандар ылғалданбаса, өсімдік біткен жаздың басында-ақ қурап қалады. Оңтайлы ауа райы мен топырақ ылға­лының жай-күйін ескере отырып, 5 сәуірден су арнасынан Шідерті өзенінің сағасы арқылы су босатыла бастады. Биыл жалпы көлемі 120 млн текше метр су жіберілуі керек. Қазір республикалық бюджеттен қосымша қаражат сұралып отыр. Сұ­ранысымыз орындалса, қазіргі 87,4 млн текше метр­ден бөлек, тағы 32,6 млн текше метр су жі­беріледі. Нәтижесінде, жос­парымыз орындалады. Бұл өткен жылғы межемен тең әрі су жіберу шаралары әдеттегідей үш бірдей гидроқұрылғы арқылы жүзеге асатынын ескерткім келеді. Негізгі су көлемі №112 гидроқұрылғы арқылы өтеді. Өзге бөлігі №108 және №109 су шығару жүйелерінен түседі, – деп атап өтті Ә.Қабылтаева.

Бұл көлемдер жаратылыстану ғылымының не­гіздемелерімен есептелген, Шідерті мен Өлең­ті аумақтарын толығымен суландыруға мүм­кіндік береді деп күтіліп отыр. Былтыр Ақтоғай ауданындағы Шығанақ көліне алғашқы рет 15 млн текше метр су ағып барды. Нәтижесінде, ол жердегі экожүйе жақсара түсті. Су босату шараларының нәтижесінде Екібастұздың ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының аумағында жалпы көлемі 21 мың гектардан аса шабындық алқаптарды су басады. Осы екі аймақтың іргелес қонған елді мекендерінде 50 мың­нан аса мал бар. Тұрғындар қолдағы түлік­теріне жаз бен күзде мал азығын жеткілікті жинап алады.

Ал Ертіс өзеніне су жіберу шаралары шамамен 15-16 сәуірге жоспарланып отыр. Салааралық комиссия келесі аптада арнайы жиын өткізіп, биыл қанша су жіберілетінін анықтауы керек. Қазіргі уақытта Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларының кемеріне келіп тұрғаны хабарланды. Шүлбіден төменге қарай ақырындап су жіберіліп жатыр. Мамандар биыл Ертіс өзені жайылмаларының кемі 70 пайызын су ба­сады деп болжап отыр.

 

Павлодар облысы