Заң • 09 Сәуір, 2024

Бала қауіпсіздігіне қатысты заң

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті. Жиында депутаттар салалық комитет­тердің осы аптадағы іс-шараларын және 11 сәуірде өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Бала қауіпсіздігіне қатысты заң

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы су тас­қыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде белгілеп берген міндеттерге тоқталды.

«Он облыста төтенше жағдай жарияланды. Президентіміз су тасқыны салдарымен күресуге нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың шығындары толық өтелетінін айтты. Палатамыз да, өз тарапынан, тасқынмен күреске көмек көрсетіп келеді. Бір топ Сенат депутаты зардап шеккен өңірлерге барып, жергілікті билікке және тұрғындарға қолғабыс көрсетіп жатыр. Осындай сын-сағатта барша қоғам болып бірлесіп, төтенше жағдайдың салдарымен күреске жұмылу аса маңызды», деді Сенат төрағасы.

Іс-шара барысында сенаторлар Палата отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес алдағы бейсенбіде депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды және оған ілеспе «ҚР Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қарайды. Бұл заңдар отбасылық-тұрмыстық және қоғамдық салаларды қоса алғанда, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленген.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамта­масыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін тиісті заңдар әзірленді. Сенаторлар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын күшейтуді қолдайды. Заңдардың қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, оларды бейсенбідегі Палата отырысына шығаруды көздеп отырмыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Құжаттарда көрсетілген нормалар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеу­меттік және ұйымдастырушы­лық негіз­дерін жетілдіруге, әйелдер ­мен бала­ларға қатысты қылмыстар­дың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған.

Сенат төрағасы атап өткендей, бұл заңдар қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Осыған байланысты сенатор­­­­лар азаматтармен жеке кездесу­лер өткізді және құжаттардың жеке­ле­ген нормаларына қатысты жүз­деген өтінішті қарады. Сондай-ақ Па­лата спикері заңның негізгі ереже­лерін түсіндіру жұмыстарын оты­ры­сқа дейін белсенді жүргізіп, одан кейін де жоғары деңгейде жалғас­тыру керек екенін айтты. Сонымен қатар балалардың қауіп­сіздігін қам­та­масыз ету үшін бала­ларға арнал­ған интернаттық ұйым­дарды мемле­кеттік бақылаудың ерекше тетік­тері, балаларға арнаулы әлеу­мет­тік қызметтер және білім беру-сауық­ты­ру қызметтерін көрсететін мекемелер­ді лицензиялау міндеттілігі енгізіледі.

Сондай-ақ Палата отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңна­маны жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Бұл құжат тиісті салалардағы заңнаманы жетілдіруге арналған.