Фото: mtrk.kz
Кеңес барысында Роман Скляр бизнес өкілдерінің назарын ауыл тұрғындарының өміріне, өңірдегі әлеуметтік және стратегиялық нысандарға төнген қауіптің алдын алу мақсатында су тасқынына қарсы жұмыстарды ұйымдастыру үшін шұғыл түрде бірлесе әрекет етіп, қолда бар барлық күш пен арнайы техниканы жұмылдыру қажет екенін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің мәліметінше, облыс әкімдігі тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандар салып жатқан өңірлік жол және құрылыс компанияларын су тасқынына қарсы жұмыстарға тартты. Оның сөзінше, кәсіпкерлер техникадан бөлек, қажет болған жағдайда арнайы техниканы резервтегі ЖЖМ-мен қамтамасыз етуге ниет білдірген.
Роман Скляр компания басшыларына техника мен адам күштерін тартудан бөлек, өздерінің де объектілердегі бақылау және үйлестіру жұмыстарының басы-қасында болуын тапсырды.
Кеңес қорытындысында вице-премьер Үкімет басшысы мен оның орынбасарлары су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру үшін өңірлерде жүргенін және жағдайды Президент жеке бақылауында ұстап отырғанын еске салды.
«Қазір қаланы қорғау керек. Алдағы күндері осы міндетті ойдағыдай атқарғаннан кейін, көмек қажет болып жатқан өңірлерге, аудандарға ауысамыз. Сол себепті бәріміз жұмылып, су тасқынына қарсы жұмыстарға дереу кірісуіміз қажет. Баяу және ретсіз жұмыс істеуге болмайды. Барлық жұмысты орындауға үш күніміз ғана бар», деді Р.Скляр.
Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары өңірдегі инженерлік инфрақұрылымның су тасқынына дайындығын тексеру мақсатында Петропавл қаласының маңындағы бірнеше ауылдарды тексеру үшін түнгі рейд жүргізді. Рейд барысында Тепличное, Прибрежное ауылдары мен Ущева көшесі бойындағы бөгеттерді нығайту жұмыстарының барысы тексерілді.
Роман Скляр мердігер компанияларға бөгеттерді нығайту үшін техника көлемін арттыруды тапсырып, уақыт тығыз екенін еске салды.
«Санаулы күн қалды, белсенді жұмыс істеу керек. Нысандарда жүк машиналары мен басқа да техникалар жеткіліксіз, тиегіштердің санын екі есеге арттыру қажет. Судың көтерілу кезеңінде біз ағымдағы жағдайға жауап беретін мобильді топтар құрамыз», деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.