Технология • 09 Сәуір, 2024

ТШО жасанды интеллект жемісін көріп отыр

132 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырауда жыл са­йын өтетін Солтүстік Кас­пий аймақтық «Atyrau Oil&Gas» және «AtyrauBuild» көрмесіне қы­зы­ғушы көп. Биыл оған отан­дық кәсіпорындармен бірге Аустрия, Әзер­бай­жан, Гер­мания, Қытай, Ресей, Түркия, Фин­­лян­дия­дан мұнай-газ сала­сындағы 102 компания қа­тысты.

ТШО жасанды интеллект жемісін көріп отыр

Көрмеге жыл сайын демеушілік көрсететін «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің айтуынша, шетелдіктермен бір­лес­кен компанияның қызметін серіктестікпен табысқа жетудің жарқын мысалы деуге болады. Компания 30 жылдан бері «Теңіз» кен орнындағы жаңа өндіріс орнына жаңа технологиялардың енгізілуіне инвестиция салып келеді. Бұл кен орнынан өн­ді­рі­ле­тін мұнай көлемін жылына 1 миллионнан 29 миллион тоннаға дейін арттыруға серпін берді.

Ал кейінгі он жылда ТШО-ның өндірістік қызметі еліміздегі ішкі жалпы өнімнің шамамен 11%-ын ынталандырып, мемлекеттік кі­рістің шамамен үштен бірін қам­та­масыз етті. Тек өткен жылы компания ел бюджетіне шамамен 14 миллиард доллар төледі.

– ТШО ресурстық перспективасы мол ең ірі әрі ең күрделі кен орындарының бірін игереді. Біздің халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін, сапалы тауарлар мен қызметтерді, бәсекеге қабілетті бағаларды және инновациялық бизнес шешім­дерін ұсынатын әлеуетті жет­кі­зушілермен стратегиялық әріп­тес­тікті қолдаймыз. Серіктес кә­сіпорындармен бірге жергілікті қам­ту­дың үлесін ұлғайтып отыр­мыз. Бұл – отандық эко­номиканың өркендеуіне серпін бе­ретін, өндірістік қажеттілікті қам­тамасыз ететін, жергі­лік­ті кадр­лардың біліктілігін арт­ты­руға жол ашатын жүйелі әрі ұзақ­мер­зім­ді іс, – дейді К.Сүйесінов.

Мұнай-газ саласында сан алуан операциялық үдеріс бар. Оған жасанды интеллект жобасын қолдануға бола ма? ТШО сарапшылары бұл құралды болашаққа жасалған болжамды да өзгерте алатын қуатты құрал деп санайды. Тіпті бұл құралмен стратегиялық міндеттерді де шешуге болатынына сенім білдіріп отыр.

Компанияда цифрлық мәде­ниетті қалыптастыру бар­лық қыз­меткерді қажетті компью­терлік дағды мен білімге үйрету­ден басталған. Өйткені ТШО-дағы цифрлық трансформация­ны әзірлеу кезінде өндірістің, технологиялық үдерістер мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне, қоршаған ортаны қорғауға баса назар аударылған.

чс

Компаниядағы цифрлық тех­нологияның білгірі Марат Қуа­товтың айтуынша, адам ресурсына, өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бастамалар мен цифрлық өнімдерге басымдық беріледі.

– Жасанды интеллектіні қол­дану өндірісті оңтайландыруға, қауіп­сіздікті жақсартуға, саладағы өзгерістерді болжауға, тіпті бейімделуге мүмкіндік береді. Оны енгізуді технологиялық қадам деумен шектелмеу қажет. Өйткені бұл – компанияның ұзақмерзімді бәсекеге қабілетті әрі тұрақты болып қалуына көмектесетін стра­тегиялық ше­шім, – дейді Марат Қуатов.

ТШО-дағы цифрландырудың берік негізі 2020 жылы қаланған. Мәселен, ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасына өндіріс үдерісін басқару жүйелері, көлік қауіпсіздігінің интел­лектуалды технология­ла­ры, дрондар мен шынайы көзіл­ді­рікке арналған қанатқақты бағдарламалар енгізілді. Панде­мия кезіндегі дағдарыс пен төтенше жағдайларды басқару топ­тары қызметкерлердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету, жұмысты үй­лестіру үшін цифрлық платформаларды бел­­сенді түрде пайдаланды. Ал өткен жылы ТШО «КТЛ зауы­тының цифрлық егізі» бағдарламасын сәтті аяқтады. Бұл күрделі виртуалды модель ком­панияның физикалық ак­тив­­терін, үдерістерін және жұмыс жүйелерін көрсетеді. Виртуалды зауыт сарапшыларға әртүрлі жағдай үшін сценарийлер жасауға, үдерістерді сынақтан өткізіп, оңтайландыруға мүмкіндік береді. Осының барлығы ресурстарды тиімді пай­далануға, шығындарды, қор­ша­ған ортаға теріс әсерді азайтуға ықпал етеді. Мамандар виртуал­ды егізді енгізуді болашақ­қа нақты қадам деп атайды. Өйт­кені мұнда цифрлық шешім­дер компания жұмысының тиімділігі мен тұрақтылығының кілтіне айналып отыр.

Су есептегіштің көрсеткіші жинау жүйесіне енгізілген. Бұл «Теңіз» кен орны нысандарындағы су қорын басқару секторының тиімділігін едәуір арттырған. Деректерді қашықтан жинаудың тиімділігі неде? Біріншіден, қол жұмысының қажеттілігін қысқартқан. Екіншіден, жұ­мыстың қауіпсіздігін арттырып отыр. Ал бұл электр қуа­тына қосылмаған нысандар­дан үздіксіз жоғары сапалы мәлі­меттер алуға жол ашады.

Компанияда енгізілген жа­ңа­­шылдық аз емес. Соның бірі – жұмысқа рұқсат берудің элек­тронды жүйесіне (ePTW) көшу. Бұл құжат айналымын айтарлықтай қысқартып, компа­ния­дағы қауіпсіздік талаптары мен қорғаныс шараларын сақтауға ықпал етті. Мұндай электронды жүйенің тиімділігі былтырғы соңғы күрделі жөн­­деуден кейін дәлелденіп отыр. ТШО мамандары арнайы жеке желінің жұмысын жо­ға­ры бағалады. Өйткені жедел түрде алынбаса, жұмысты ке­йінге қалдыратын маңызды құжаттарға қол жеткізу мүм­кін­дігі артқан.

Құжаттарға электронды қол қою мүмкіндігі де үдерісті жыл­дам­датып отыр. Бұл техноло­гиялық ауысым ТШО-ның өн­діріс­тік ортасын жаңғыртып қана қоймай, тиімділігі мен жауап беру қабілетін айтарлықтай арттырды.

«Теңіз» кен орнында дерек­тердің ауқымды көлемі өңде­леді. Бұл деректердің сенім­ділігін анықтауға, үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Өйткені оқыту алгоритм­дері сала­дағы өзге­рістерді болжау және бейімдеу үшін қол­данылады. Осы орайда ТШО мамандарына күнде­лік­ті қол­данылатын жасанды интеллект көмектеседі.

– Біздің ұстанатын басты мақсатымыз – өндіріс қауіпсіздігін сақтау. Осы мақсатта жасанды интеллектіні қолданамыз. Ол жұмыс орындарында барлық қауіпсіздік шарасын сақтау үшін мәтіндер мен құжаттарды талдайды. Бір тұста жоғары тәуекел болса, біз тез әрекет етеміз. Жасан­ды интеллект бізге ықтимал қауіпсіздік мәселелері туралы алдын ала ескертеді. Барлық салада қолданыла бастаған жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс орнымызды қауіпсіз әрі тиімді етіп жатырмыз, – деді М.Қуатов.

Компанияда жасанды интел­лек­тінің жиырмадан аса түрі бар. Қазір ТШО мамандары ин­женерлердің сұранысына жауап беретін жаңа жасанды интеллектіні әзірлеп жатыр. Жаңа құрал инженерлердің сұранысына сәйкес 300-ден аса техникалық сипаттама құжатына байланысты жауап беріп, жұмыс тиімділігін арттыруға көмек көрсету үшін пайдаланылады. Демек  оны ChatGPT баламасы деу­ге болатын шығар. Мұның бәрін ТШО-дағы кәсіби IT мамандар командасы іске асырып отыр.

 

Атырау облысы