Үкімет • 09 Сәуір, 2024

Сегіз мыңға жуық адам үйіне оралды

22 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқыны салдарын жою шаралары жөнінде кеңес өткізді. Вице-премьер Тамара Дүйсенова мен тиісті министрлердің есебі тыңдалды. Бүгінде 8 мыңға жуық адам өз үйіне оралды.

Сегіз мыңға жуық адам үйіне оралды

Фото: smi24.kz

Үкімет басшысы вице-премьер бастаған әлеуметтік блок ми­нистрліктеріне төтенше жағ­дайға тап болған тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Уақытша баспанамен қам­та­­масыз ету. «Су тасқыны бас­тал­ғаннан бері 86 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 8 472 адам тұрып жатыр. Эвакуациялау – уақытша шара. Үйлері тұруға жарамсыз деп танылған отбасылардың барлығын уақытша баспанамен қамту қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар қоныс аударған­ға дейін эвакуациялау пункттерінің жұмысын қолдауға ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Әкімдіктер тұр­ғындарды сапалы азық-түлік­пен, тиісті санитарлық-гигиеналық құрал­дармен, қолжетімді ме­ди­циналық қызметтермен қамта­масыз етуі керек.

Өз кезегінде, эвакуациялау пункттерінен уақытша тұруға қоныстандыру үдерісі икемді болуы керек. Егер су тасқыны болып өткен өңірлерде тұрғындар үй­лерін­де қалуды қаласа, әкімдік­тер тиісті көмек көрсетуі қажет. Сонымен бірге, ұрлық-қарлыққа жол бермеу үшін қараусыз қалған үйлер Ішкі істер министрлігінің бақылауында болады.

Білім беру. «Қазіргі уақытта еліміздің он өңірінде ТЖ режімі жарияланған. 130-дан астам мектеп қашықтан оқыту форматына көшірілді, бірақ эвакуация аймақтарындағы балалардың оқу үдерісі үзіліп қалды. Білім министрлігіне мектеп оқушы­ларын ағымдағы емтихандар мен сынақтардан босатуды тапсырамын. Сонымен қатар оларға жоғалтқан уақыттарының орнын толтыруға әрі қарай да көмектесу қажет» деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ су тасқынының белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін апатты аймақтардағы мұғалімдер мен оқушыларды техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды.

Денсаулық сақтау. «Біз ТЖ режіміндегі өңірлердің кейбір тұрғындары эпидемиологиялық жағдайға алаңдайтынын, зардап шеккен халық арасында жұқ­палы аурулардың өршуі­нен қауіптенетінін көріп отыр­мыз. Денсаулық сақтау министр­лігіне мәселені ерекше бақы­лау­да ұстап, тұрғындарды ақпарат­тан­дыруды тапсырамын. Өңір­лер­де су тасқыны жағдайы тұрақ­тал­ғаннан кейін аумақтарды тазарту және дезинфекциялық іс-шара­лар жүргізу, су құбыры жүйе­лері мен құрылыстарын, орталық­тандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерін тазарту және дезинфекциялау бойынша кешенді шаралар жүргізу қажет. Әкімдіктерге су жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша тапсырмалар берілді», деді Үкімет басшысы.

Эпизоотиялық жағдай. Су бас­қан аймақтардағы эпизоотия­лық жағдайдың нашарлауына жол бер­меу мақсатында Ауыл ша­руа­­шылығы министрлігі мен Респуб­ли­калық эпизоотияға қарсы жасақ­қа облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлексесін жинау мен жоюды жедел аяқтау тапсырылды. Жою шараларын жүргізу үшін тиісті жабдықтар, қызметкерлер және қажетті дезинфекциялық құралдар қарастырылған.

Инфрақұрылымды қалпына келтіру. «Үйлердің құрылысы бо­йынша жеке тұрғын үйдің үлгі­лік жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, атап айтқанда мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханаларды жөндеу­ге басымдық беру маңызды. Құры­лыс жұмыстарының сапасын қа­таң бақылауда ұстау керек», деді О.Бектенов.

«Пәрменді тетікті пысықтап, оны барлық өңірге жеткізуді тапсырамын. Екіұшты түсіндіру­лер болмауы керек. Қоғам өкіл­дерін үдеріске тартудың арқасында ақшаға бақылау күшейтілетін болады», деп түйіндеді Премьер-министр.