Апат басталғалы ауылдастарымен бірге жүрген Әділ Жұбановтың айтуынша, Жылыой, Қызылқоға аудандары суға кеткен. Қазіргі таңда жергілікті билік, жеке кәсіпорындар мен қарулы күштердің ресурстары жұмылдырылып, облыстық, аудандық штабтар жұмыс істеп жатыр.
– Ондаған жыл бойы келмеген су. Сондықтан жерлер жеке қожалықтарға өтіп, табиғи арналары жабылып қалған. Одан бөлек теңізден тасымалданатын мұнай құбырлары тартылған. Солардың бәрі судың табиғи жолмен кетуіне кедергі болып отыр. Ендігі мақсат – Ресейден келетін алапат судан Атырау қаласын аман алып қалу. Жайықтың бойындағы Индер, Махамбет аудандарында бөгеттер салу, бекіту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деді Ә.Жұбанов.
Сапар барысында депутаттар белсенділер тұрғызып жатқан Соколок каналымен, қала ішіндегі ұзындығы 20 шақырым болатын бөгеттің жұмысымен танысты. Махамбет ауданы әкімінің айтуынша, ауданның 21 елді мекенінің 17-сі Жайық өзені жағалауында орналасқан. 85 шақырым ескі бөгеттің орны бар, енді тағы қосымша 15 шақырым бөгет салынып жатыр. Жалпы алғанда бөгеттің ұзындығы 100 шақырымды құрайды.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, ауылға су кірмес үшін бөгеттермен қоршап, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен жанар-жағар майдың қорын жасап алу керек.
Мәжіліс депутаты Ринат Заитов су тасқынынан кейінгі елдің жағдайын білу үшін Ақсуат ауданына барды. Аудан әкімі Асхат Смаилов тасқын салдарынан бүлінген Боғас өзеніндегі көпірді, облыстық маңызы бар «Сәтбаев-Ақсуат» жолын көрсетіп, қалпына келтіру жұмыстары туралы айтып берді.
Боғас өзені деңгейінің тасып көтерілуінен Ақсуаттан Кіндікті ауылына апаратын көпірді су шайып, аудан орталығымен уақытша жол қатынасы үзілген. Алайда жергілікті атқарушы билік жағдайды жедел ретке келтіруге кірісті.
Өңірлерге сапар аясында Айна Мысырәлімова мен Дәулет Мұқаев Ақмола облысының бірнеше ауданын аралады. Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің тасуына байланысты қазір ауылдағы жағдай күрделі. Әр екі сағат сайын судың деңгейі өлшеніп отыр. 35 мың құм салынған қаптан бөгет тұрғызылып, 50 арнайы техника жұмылдырылған. Депутаттар одан әрі Целиноград ауданы Талапкер ауылына барып, ондағы жағдаймен танысты. Бірнеше күн бұрын аулаларды су басқанымен, қазіргі жағдай тұрақты. Ауыл іргесін бекіту жұмыстары қолға алынған.
Ал Қазыбек Әлішев пен Асқар Садықов Ақтөбе облысының Құмсай ауылы тұрғындарымен жүздесті. Саркөл ауылдық округінің Құмсай ауылындағы 39 үйді, 1 шаруа қожалығы мен 1 кәсіпкерлік нысанды су басқан. Қазіргі уақытта ауылдағы 27 үй тұруға жарамсыз.
Мәжіліс депутаттары тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Халық малын тастап кете алмайтынын айтып, жаңадан үй салынып біткенше жылы вагон сұрады. Қазір ауылға вагондар жеткізіліп, электр желісіне қосылған. Ақтөбедегі екі су қоймасының толып кету қаупі сейілді. Зардап шеккендерге 300 тоннаға жуық көмек жиналды. 206 адамға 64 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем жасалған. 11 елді мекенмен арадағы үзілген жол қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.