Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

Құлсарылықтарды құшағына басты

153 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құлсары қаласын құрсауға алған тасқынның хабары естілісімен Маңғыстауда қозғалыс басталды. Бұл көрші ағайынға көмек қолын созу күбінісі еді.

Құлсарылықтарды құшағына басты

Алдымен Маңғыстаудың Атырау жақ шетінде орналасқан Бейнеу ауданының Ақан Дауыстыұлы мен Жандос Бектілеу бастаған азаматтары дереу жиналып, қапшық, күректерін алып Құлсарыға аттанды. Алайда су екпіні еңсертпей құлсарылықтар үшін эвакуация жарияланды. Содан бейнеуліктер шұбырып жолға шығып қиын жағдайда қалған құлсарылықтарға тегін такси қызметін көрсетіп, лек-лек адамды Сарға мен Бейнеуге, Боранқұлға тасып алды. Қиын кезде психологтер эвакуацияланғандардың қасынан табылды. Аталған ауылдарда мектеп, спортзалдар шұғыл жасақталып, құлсарылықтарды қабылдады, ауыл тұрғындары тамақ, киім тасып қызмет етіп жүр.

Құлсары қаласының тұрғындарына көмек беру үшін арнайы есепшоттар ашып, түрлі топтар құрылды. Жастар, еріктілер, блогерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар, полицейлер мен теңіз жаяу әскерлері халықпен бірге жұмылды.

Қазіргі таңда Құлсары қаласының 21 мың тұрғыны Маңғыстау облысына келген. Олардың бірқатары ағайын-туыстарының үйіне орналасса, біразы – арнайы дайындалған орындарда. Аяқасты мал-мүлкін суға ағызып жіберіп, бала-шағасын арқалап жансауғалап қашу ешкімге оңай емес. Осы жағдайды жақсы түсінген маңғыстаулықтар Құлсарыдан келген бауырларға қолда бар көмегін аяп жатқан жоқ. Ағылып жатқан азық-түліктің есебі жоқ, тіпті ірі қара мал сойып қонақасы беріп, ыстық сорпа ішкізіп, етпен қамтамасыз етіп жатқан ауылдар да бар.

Көмекке бастамашы болған Бейнеу азаматтарының жақсы ісін бүкіл Маңғыстау жалғастырды. Ақтаудан, Қарақия, Мұнайлы, Түпқараған аудандарынан, Маңғыстау ауданының алыс түкпірдегі ауылдарынан ерікті түрде топ-топ жігіттер аттанды. Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен «Өзенмұнайгаз» мекемесі, «Өзенинвест», «Өзенжылу», «Өзенэнергосервис» МК, «KazPetroDrilling», «Бұрғылау», «МұнайФилдСервис», «ҚазГӨЗ», «Кен-Құрылыс Сервис» ЖШС жұмысшыларынан құралған топ бекіту жұмыстарына қажетті 16 мың дана қап пен 400 күрек, су етік, қолғаптарды тиеген 30-ға тарта техникамен көмекке ұмтылды. Сондай-ақ маңғыстаулықтар шұғыл 3 тонна жанармайды Құлсарыға жеткізді. Жанармайдың 1 тоннасын «Сұңқар» жанармай бекеті тегін берсе, 1 тонна жанармайды азаматтар жинап берген, ал 1 тонна халықтан жиылған ақшаға сатып алынған.

Құлсарыдан Маңғыстауға келген 1 678 оқушы өңірдегі білім беру орындарына тіркелді. Атап айтсақ, Ақтау қаласына – 374 оқушы, Бейнеу ауданына – 1 098 оқушы, Жаңаөзен қаласына – 65 оқушы, Қарақия ауданына – 38 оқушы, Маңғыстау ауданына – 41 оқушы, Мұнайлы ауданына – 53 және Түпқараған ауданына 9 оқушы тіркелген. Бұл оқушылардың 351-і – мектепке, 326-ы – колледждерге, 992-і – туыстарының және облыс тұрғындарының үйіне, 9-ы ата-аналарымен бірге қонақүйлерге орналасқан.

Дәрігерлер эвакуацияланған тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп жатыр. 2 әйел Ақтау қаласындағы перинаталдық орталыққа жіберілсе, 6 әйел Бейнеудегі аурухананың гинекология және патология бөлімдеріне орналастырылды. Эвакуацияланғандар арасынан қазіргі таңда 11 әйел босанса, оның алтауы Бейнеу аудандық ауруханасында босанды. Жас босанған аналардың бірқатарын бейнеулік аналар ауруханадан шығарып алып, сәбидің қалжасын жасап, бесікке салып көмек көрсетті.

Құлсарылықтарды қабылдауға Ш.Есенов атындағы КМТУ жайлы жатақханасын бөліп қамқорлық көрсетті, сондай-ақ «Бекет ата» мешіті жанындағы медресе, жеке тұрғындар белсенді атсалысты. Бейнеулік Ырысбике Урбишева 3 отбасыны қабылдап, барлық жағдаймен қамтамасыз етті.

 

Маңғыстау облысы