Тәрбие • 09 Сәуір, 2024

Ерекше балалардың қабілетін ашады

185 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бала – бауыр етің» деп ұғатын ұлтымыздың ұстанымы ұрпақ қамына келгенде ұсақталған емес. Ата-ананың жүрегі әрдайым перзент қамы, оның амандығы, білімі мен болашағы үшін соғатыны белгілі. Ал елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға бөлінетін көңіл тіптен бөлек. Осындай қамкөңілден ерекше ба­ла­ларды оңалту орталықтары да көбейіп келеді. Сондай орталықтардың бірі – Астана қаласында орна­ласқан «Бала» оңалту орталығы. Осы орайда орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Ерекше балалардың қабілетін ашады

Теміртау қаласында 2020 жыл­­дан бас­тап қызмет көр­сетіп келе жат­­қан орта­­лық былтыр 25 маусым­­нан бас­тап ел­ордада ашылған. Содан бе­рі аз уақыт өтсе де, сұранысқа ие ор­талықтардың біріне айналған. Оңал­ту орталығында 13 кәсіби маман жұмыс істейді. Ашылған сәт­тен бастап жүзден аса бала ем-шара қабылдаған.

– Балаларды оңалту орталығы мүм­кіндігі шектеулі балалар мен жас­өс­пірімдерге кешенді оңалту қыз­метін көр­сетеді. Орталығымыз­да невролог, бобат терапевт, нейро­психолог, психолог, логопед-дефектолог, АВА-терапия, массаж бо­йын­ша қызметкерлер жұмыс атқара­ды. Бізге балалар көбінесе психика­­лық дамудың кешігуі (ПДК), аутизм ­диагнозымен келеді. Ата-аналар біз­дің көмегімізге жүгініп келгенде, ал­ды­мен АВА-терапия бойынша 2 сағат ба­қылау жүргізіледі. Алғашқы саға­тында баланың іс-әрекетіне, өзін-өзі ұстауына, сыртқы әсерлерді қалай қа­был­дайтынына қараймыз. Қал­ған сағатында ата-анамен сөйлесе­міз. Содан соң балаға қалай көмек бе­ре алатынымызды анықтаймыз. Әр маман өз қызметі бойынша балаға талдау жүргізеді. Қай тұсты дамыту қажет болса, ары қарай сол бойын­ша жұмыс жүргізіледі, – дейді «Бала» оңалту орталығының жетекшісі Азамат Бақытбеков.

Бала денсаулығы бейжай қарай­тын нәрсе емес. Өкініштісі, біздің қоғамда әлі де «әкесі бес жасында сөйлеген, ештеңе етпейді» деумен баланың болашағына немқұрай­ды қарайтындар кездеседі. Бұл туралы орталық психологі Самал Манап­қызы айтып берді.

– Бізге әртүрлі жастағы балалар ке­леді. Сәйкесінше, әр баланың диагнозы әр алуан болады. Менің көмегіме көбінесе аутист балалар жүгінеді. Алғашқыда ата-аналар баласының сырқатын мойындамайды. Қазір қоғамдағы басты қателік – осы. Әрине, әр ана өз баласының дені сау болғанын қалайды. Біз баланың өзін-өзі ұстауынан, іс-әрекетінен диагнозды бірден анықтаймыз. Ата-аналарға аурудың симптомдарын анықтап көрсету арқылы түсіндіре­міз. Науқас балалармен 20 жылдан аса жұмыс істеу барысында бала ден­саулығының оңалуы маманның мүмкіндігінше ертерек іске кірісуі­не байланысты. Яғни сырқатты ерте бастан диагностикалау және оған қажетті емдеу-оңалту шараларын бірден бастап кету – жақсы нәти­жеге қол жеткізудің, аурудың асқынуы­ның алдын алудың басты шарты­ның бірі, – дейді психолог Самал Манапқызы.

Бүгінде орталықта тұрақты ем қабыл­дап жатқан отызға жуық бала бар. Орталықтың тыныс-тіршілігі­мен танысып жүргенде, жүзіне күлкі үйірілген, көзінде үміт оты қайта жан­ған бірнеше ата-ананы байқа­дық. Әңгімеге тартып көріп едік, бәрі бірауыздан орталық маманда­ры­на дән риза екендерін айтты.

– «Бала» оңалту орталығына қы­зым­ды әкеліп жүргеніме бір жарым ай болды. 2,5 жасында ПДК диаг­но­­зы қойыл­ды. Дұрыс сөйлемейді, ойын дұрыс жеткізе алмайтын еді. Өзі­нің жасына сай нормативтерді орындай алмай­тын. Содан бері арнайы мамандарының көмегіне жүгініп келемін. Кейін осы орталық туралы естідім. Келгенімізге аз уақыт болса да, қызымның дамып-жетілуінде өзгеріс өте көп. Ана ретінде бұған қатты қуанып жүрмін, – дейді ана Жайна Болатбек.

Орталық жұмысын мамандар­дың кәсі­билігімен қатар балаға жасал­ған жағ­дайына қарап бағалайтын Ақ­марал ханым да ризалығын білдірді.

– Балама оңалту орталықтарын біраз іздестірдім. Көбісінде жағдай жасалмаған, санитарлық тазалық сақ­талмаған. Сөйтіп, жүргенімде Instagram желісі арқылы осы орта­лықты таптым. Бізге мамандар 2 са­ғат кеңес беріп, қандай ем-шара қа­был­дауымыз керегін айтты. Содан бері міне, 10 күн болды. Нәтиже бар, шүкір, – деді Ақмарал.

Орталық Канада, Ресей, Түркия секіл­­ді елдердің тәжірибелі дәрігер­лерімен де байланыс орнатқан. Бра­зилия мем­ле­кетімен байланыс жасап жатыр. Маман­дарының кәсібилігін, білімін үнемі жетіл­діруді ойлайтын орталық шетелден дәрігерлер ал­дырып, біліктілікті арттыру курстарын өтіп отырады екен. Мысалы, ма­мыр айында Ресейден инемен емдеу дәрігері Елена Куликова арнайы келіп, орталық мамандарына курс өт­пекші. Ерекше балалардың жаңа қы­рын ашып, қоғамға бейімделуге сеп­тігін тигізіп жатқан орталықтың жұ­мысы ары қарай жандана берсін демекпіз.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті