Фото: @bqo_sport
Терістік командасының ішінде 31 палуан еркін күрестен, 42 палуан грек-рим және 28 қыз әйелдер күресінен қатысады. Грек-рим күресінен Қазақстанның құрметті спорт шебері Жамбыл Тасеменовтің айтуына қарағанда, барлық спортшының дайындығы жоғары. «Шиыршық атқан жастардың күрес шеберлігі де жоғары болар деп ойлаймын. Ұзақ уақыт жақсы дайындықтан өткендері көрініп тұр», деді ол.
Алайда «Күш атасын танымас» дегендей, солтүстікқазақстандық спортшылар жоғары көрсеткіштерге әзірше жете алмай жатыр. Облыс жаттықтырушыларының үміті болған Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл аулынан келген еркін күрес өкілі Асыл Ережепов екінші күнгі күресте тек бесінші орынға ғана табан тіреді.
«Бұлардың біразы – Азия ойындары мен Азия чемпионаттарының жүлдегерлері. Сондықтан чемпионат өте тартысты өтіп жатыр. Тіпті қыздар арасынан да күрестің күрделі тәсілдерін терең меңгергендер көрініп қалады», деді Ақтөбе қаласынан келген халықаралық дәрежедегі төреші Берік Шалабаев.
Түркістан облысынан келген Дәулет Қуанышбекті әңгіме тартқанымызда, ол өзінің барлық белдесуге де құштарлықпен шыққанын жеткізді.
«Мен 52 кг салмақ дәрежесінде күресемін. Күреспен айналысқаныма 10 жылдай болды. Бірақ бүгінгі финалда кездескен Алматы облысынан келген қарсыласым дайындығымның әлі де төмен екенін көрсетіп, мені ұтып кетті. Сонымен 3-орынмен қанағаттандым», деді ол.
Осы чемпионатта жеңіп шыққандар Испаниядағы әлем чемпионатына қатысуға жолдама алады. Чемпион болғандардың көбі «Қазақстанның спорт шебері» нормативін де орындайды.
ПЕТРОПАВЛ