Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

Тасқыннан болған ақау жедел жөнделеді

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізді біраз әбігерге салып жатқан көктемгі су тасқыны Батыс Қазақстан облысында да біраз электр, газ желісін бүлдіріп үлгерді. Алайда арнайы қызмет өкілдері апатты барынша жедел қалпына келтіріп жатыр.

Тасқыннан болған ақау жедел жөнделеді

Өңірді электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС бүгінде әртүрлі кернеудегі 20 531 шақырым электр желісіне қызмет көрсетеді екен. Су тасқынына байланысты алғашқы апат наурыздың 26-сі күні болды. Сол күні тоқтаусыз жауған жауын-шашынға байланысты Орал қалалық электр торабы өшіп, Зачаганск, 2 Жұмысшы, Ескі әуежай шағынаудандарында 2879 абонент жарықсыз қалды. Абырой болғанда 2 сағат ішінде ақау жойылды.

«Тасқын суға байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап облыс аумағында электр желілерінде 6 мәрте ақау шықты. Мәселен, Қаратөбе ауданында – 1 оқиға, Сырым ауданында – 3, Шыңғырлау мен Бөрлі аудандары бойынша - 1 оқиғадан болды. Барлығы 1803 абонент жарықсыз қалды. Біз жедел қимылдап, 1 сағат пен 2 күн арасында апатты жойып, жарықты қостық», дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй.

Қазір өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің бұйрығымен, Жайықтан тасыған су басу қаупіне байланысты Деркөл кентіне қарасты Маштаков, Ягодка, Үміткер саяжайлары, Подстепный орта мектебінің ғимараты, Ивушка шипажайы, Здоровье бау-бақша серіктестігі, Кардиологиялық орталық маңындағы саяжайлар электр желісінен ажыратылған. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданындағы Ащысай ауылы, Бәйтерек ауданындағы Махамбет ауылында да ішінара жарық беруді тоқтатуға тура келген.

«Су қауіпсіз деңгейге түскен соң бұл елді мекендерді электрмен жабдықтауды қалпына келтіреміз», дейді Мирас Рүстемұлы.

Қазір электрмен жабдықтаушы компания технологиялық апаттарды жедел жою үшін 10 бригада, 35 қызметкер және 10 техниканы әзірлеп қойған.

Тілсіз жау табиғи газ желілеріне де аз зақым келтірмеді. Су тасқыны басталғалы бері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы жұмысшылары су басқан 5 ауданның бірнеше елді мекенінде газ беруді уақытша тоқтатуға тура келді.

Мысалы, 30 наурыз күні халықты эвакуациялауға байланысты Орал қаласына қарасты Маштаков ауылынан – 94 тұтынушы, Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан – 90 үй, Теректі ауданының Аңқаты ауылынан – 37 абонент, Бөрлі ауданының Ақсу, Кеңтүбек, Бақтыарал, Аралтал, Пугачев ауылдарынан – 237 үй, Сырым ауданының Бұлдырты және Қосарал ауылдарынан – 31 абонент көгілдір отынсыз қалды. Барлығы 489 тұтынушының тұрғын үйіне кіре берістегі крандар қауіпсіздік үшін өшірілді.

31 наурызда Теректі ауданы Подстепное ауылына еріген суды ағызу кезінде экскаватор орташа қысымды Ду – 160 мм жерасты полиэтилен газ құбырды зақымдап алған болатын. Соның салдарынан Подстепное ауылындағы жеке сектордың 1877 тұтынушысы мен 47 коммуналдық кәсіпорын газсыз қалды. Сол күні апат орнына 15 адам, 2 экскаватор, 2 апаттық жөндеу газ көлігі, 2 апаттық газ көлігі жиналып, зардапты жоюға кірісті. 2-сәуірде бұзылған газ құбыры қалпына келтірілді. Бірақ еріген суды ағызу үшін жер қазып жүрген экскаватор Подстепный ауылының шетінде Ду-160мм орташа қысымды газ құбырын тағы да бірнеше рет зақымдады. Жеке сектордағы 1877 тұтынушы мен 47 коммуналдық кәсіпорын уақытша газсыз қалғанымен, сол күні газ беру қалпына келтірілді.

Ал сәуірдің 3-і күні кешкі сағат 18:00-де су басу қаупі бар елді мекенде жеке сектордың газ шүмегі жабылды. 556 тұтынушы уақытша газ желісінен ажыратылды.

Соңғы күндері облыс аумағына Ресейден тасқын су үздіксіз келіп, өзендерде су деңгейі көтеріліп жатыр. Осыған орай 4-сәуірде су басу қаупі бар елді мекендердегі жеке сектордың 961 тұтынушысы табиғи газдан ажыратылды. 8-сәуірде саяжайлар мен жеке тұрғын үй секторында тұратын 922 тұтынушы да газсыз қалды. Мұның бәрі қауіпсіздік үшін жасалған амалсыз шара.

«Тасқын қаупі сейілген елдімекендерде коммуналдық қызмет желілерін бірден қалпына келтіреміз», дейді Мирас Мүлкәй.

 

Батыс Қазақстан облысы