Әскерилер – алдыңғы шепте
Төтенше жағдай режімі жарияланған аудандарға әскерилер жұмылып, суды бөгеп, тасқынның алдын алу іс-шараларына жәрдемдескен. Мысалы, өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 1 500-ден аса әскери қызметші, 104 бірлік автомобиль техникасы, 3 армиялық авиация тікұшағы тартылған. Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин баспасөз мәслихатында әуе көлігімен 39 адам қауіпсіз аумаққа жедел жетіп, 4 тоннадан аса жүк тасымалданғанын айтты. Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері Петропавл қаласының маңындағы Заречный ауылының аймағына Есіл өзенінің бөгетін нығайту үшін бірер күнде мыңдаған қап құм дайындапты. Әскерилер мұнымен шектелмей, Төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлерімен бірге Заречный тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарына араласқан.
– Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл аулында Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ауылдың айналасын нығайту үшін 8 мың қап құм толтырды. Екінші топ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ мамандарымен бірлесіп, Петропавл қаласының маңындағы айналма жолды нығайтып жатыр. Қалған екі топ жылыжай, жағалау ауылдарының төңірегін, сондай-ақ айналма жол бойымен құм салынған қаптарды төсеумен айналысты. Осы бөлімнің жүз әскери қызметшісі Петропавл қаласының Заречное маңындағы бөгетті күшейтуге кірісті, – деді спикер.
Атырау облысының Құлсары қаласында Маңғыстау облысындағы аумақтық қорғаныс бригадасының 187 әскери қызметшісі ауысыммен бөгетті қалпына келтіруге жұмылған. Мұз кептелістерін жою және су ағынын бәсеңдету үшін әскери инженерлер Құлсары қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы Жем өзенінде үзбей мұз жарып жатыр. Инженерлер осы уақытқа дейін бас-аяғы 8 жарылыс ұйымдастырған.
Ақтөбе облысы Ойыл өзеніндегі паром өткелімен Қонаев гарнизонының әскери инженерлері 235 азаматты эвакуациялап, 29 тоннаға жуық жүк тасымалдаған. Паром өткелінің көмегімен 817 азамат эвакуацияланған. Ақтөбе облысының Келешек елді мекенінің тұрғындарының мүлкін қорғауға «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жұмылған.
Жалпы, 27 наурыз бен 9 сәуір аралығындағы жедел іс-шараларға Қарулы күштерден 3 мыңнан аса әскери қызметші, 173 бірлік әскери техника, 14 тікұшақ, 4 әскери-көлік ұшақ жұмылдырылған. Қарулы күштердің жеке құрамының көмегімен 2,5 мыңға жуық адам, оның ішінде 745 бала эвакуацияланды. Сондай-ақ 115 тоннадан аса жүк тасымалданыпты.
Мал шығыны қалай өтеледі?
Су тасқыны кезінде шығынды барынша азайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары облыс әкімдіктерімен бірлесіп 88 мыңнан аса малды қауіпсіз аумаққа шығарған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдиннің хабарлауынша, соңғы деректер бойынша өлген мал саны – 8,1 мың бас. Оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы басы – 514. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ малдың өлексесін жоюға қарқынды кіріскен. Премьер-министрдің тапсырмасымен бұл іс-шара күшейтілген режімде жалғасады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардабын жою жөніндегі республикалық штаб малынан айырылған тұрғындарға өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеп, бекітті. Меншік иелерін, сосын олардың шығындарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Яғни табиғи апат салдарынан малынан айырылған тұрғындар түлігі туралы мәліметті көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруге тиіс. Ұлттық статистика бюросы жариялаған малдың түрі, жас шамасы, нарықтағы құны туралы мәліметтер негізінде меншік иелерінің мүкәммал шығыны нақтыланады.
Еріктілердің ерлігі
Елдің 3 облысында төтенше жағдай режімі жарияланғанда 29 наурыздан бастап Астана қаласында еріктілер қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп гуманитарлық көмек жинау үшін 9 пункт ашқан. Бұл игі іске 30 волонтерлік ұйым жұмылдырылып, ағайыннан жеткен жылуды буып-түюмен айналысқан. Астана қаласы еріктілер фронт-офисінің басшысы Эльвира Есмұханова елордадан тасқыннан зардап шеккен өңірлерге 550 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілгенін айтты. Игі іске кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар, еріктілер, сондай-ақ елдегі ахуалға алаңдап отырған қала тұрғындары бір кісідей үлес қосқан. Өңірлерге азық-түлікпен қоса, жылытқыш техника, қайық, генератор, күрек, 400 мың қап балалар заттары, гигиена құралдары, шатыр, төсек-орын жабдықтары, тағысын тағы аса қажетті тұрмыстық заттар жөнелтілген. Бұл – бір ғана Астана қаласындағы ерліктілердің еңбегі. Тасқыннан аман өзге облыс, қаланың еріктілері де осылай бірігіп, қолдан келген көмегін аянып қалмайтынын байқатты.
«Қазгидромет» РМК болжамынша, алдағы күндері ел аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста, республиканың оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда, елдің шығысында түнде жауын-шашын мол түседі. Батыс өлкелер де жауынды болады. Тек оңтүстік-батыста, елдің оңтүстігінде ғана жауын жаумайды деген болжам бар. Біраз өңірді тұман басып, жел күшейеді деседі. Қазіргі қолайсыз ауа райына қарамастан су астында қалған өңірлерге көмекке асыққан құтқарушы, әскерилер, медицина мамандары мен еріктілерге амандық тілейміз.