Сұхбат • 11 Сәуір, 2024

Салық әділ бөлінуге тиіс

339 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел бюджетіне қайтарусыз әрі  өтеусіз міндетке кіретін ақшалай салық төлемдері соңғы уақытта экономикалық және әлеуметтік процестер арасында тепе-теңдік мәселесін шешуге жеткілікті бағытталмай тұр. Бұл ретте Тұран университеті «Қаржы» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Лутпулла Омарбакиевті сөзге тартқан едік.

Салық әділ бөлінуге тиіс

ми

– Лутпулла  Амурулламұлы, азаматтар тапқан ақшасының бір бөлігін мемлекетке төлеуге мәжбүр екендіктеріне  қарсы. Бұл көзқарас  қаншалықты көңілге  қонымды, деп ойлайсыз?

– Иә,  салық жүйесіне  қарсы ойларын  білдіргендер  саны  соңғы кездері жиелеп кетті. Бұның себебі,  халықтың өзі алатын қоғамдық қызметтерге барабар ақы төлеу қағидатының  болмай   тұрғандығына  ұқсайды. Яғни салық төлеуші баламасы болмаса, кем дегенде салықтардың ішінара қайтарылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік кірістер жүйесін талап етеді. Көрсетілетін қызмет азаматтардың қажеттілігі мен басымдығына  неғұрлым сай болса, қаржы ресурстарын пайдалану  әлде қайда тиімді болатыны анық.

– Мемлекеттік кірістер комитетінің бастамасымен еліміздегі жүргізіліп жатқан жаппай декларациялауды дамыған елдердің тәжірибесімен салыстырғанда салық салынатын табысты (ССТ) есептеу мен  төлеу тәртібіндегі    өзгешелік қандай?

– Біздегі  жеке табыс салығы салық заңнамасына сәйкес «төлем көзінен» салық агенттерінің көмегімен алынады. Оны есептеу және төлеу тәртібіне тоқталудың қажеті жоқ деп санаймын. Экономикасы дамыған мемлекеттер тәжірибесіне назар аударатын болсақ, біріншіден, мұнда табыс салығы жеке тұлғалардан «төлем көзінен» алынбайды, олар бюджетпен «декларация» негізінде есеп-айырысады, яғни жылына бір рет декларация тапсырған кезде ғана табыс салығы төленеді, ал бізде ай сайын салық агенттері қызметкердің жалақысынан ЖТС мен әлеуметтік салықты есептеп, әр тоқсан сайын «Салық есептілігінің 200.00, 220.00, 240.00 нысандарын» тапсырады.

  • Демек, негізгі өзгешелік – салықты есептеу және төлеу тәртібінде ғой..

– Салық кодекісінің 349-бабына сәйкес, салық төлеушінің ССТ есептегенде  несиені өтеу бойынша Отбасы банк жүйесінің қатысушысы болса ғана төлемдерінің тек сыйақы мөлшерлемесін шегерімге жатқыза алады, ал негізгі қарызды өтеу сомасы жатқызылмайды. Салық кодексін әзірлеушілерге басқа коммерциялық банктерде рәсімделген несие төлемдер  ескерілуі тиіс. Жеке тұлға өзінің табысы есебінен төленетін, бірақ ССТ есептеген кезде ескерілмейтін, басқа да кейбір негізгі шығындарға жататын  коммуналдық төлемдер, отбасын  асырауға  шыққан  шығындар,  айыппұл, көлік салығы, жер мен  мүлік салықтары, сақтандыру жарналары бар. Отбасылық бюджетінде осы аталған шығындар баптарда енгізілмеген.  Аталған шегерімдер ескерілсе, жеке тұлғаның төлем қабілеті де артар еді. Кодекс  баптарына назар аударсақ, заңнаманың түсініксіз  жазылғанын байқауға болады. Сондықтан салық төлеушілер жаңа салық кодексін әзірлеген кезінде қарапайым және түсінікті тілде  жазылуын сұрайды.Қазіргі күні талқыланудағы жаңа Салық кодексінде  аталған ұсыныстар ескеріліп, тиесілі салық механизмі ұсынылса, салық төлеуші болашақта «әділ қоғам» құрылатынына көз жеткізер еді әрі  салық мәдениеті де өзгерер еді.

– Биылғы жылы  айлық есептік көрсеткіш  мөлшері 3 692 теңге, стандартты шегерім – 51 688 теңгені құрады. Қарапайым сөзбен айтқанда осы сома салықтан босатылды деп саналады. Бұл сома дұрыс есептелген бе? Қаншалықты әлемдік тәжірибеге сай келеді?

– Экономикасы дамыған мемлекеттер тәжірибесіне назар аударсақ, мәселен, Жапонияда салық салынбайтын минимум – шамамен 489,0 мың теңге (160,0 мың йена), Германияда шамамен 400,0 мың теңге (819 еуро), яғни осы сомалардан жалақы мөлшері аспаса табыс салығы алынбайды. Біздегі  өмір сапасының көптеген көрсеткіштері әлемнің  біраз  елдерінен едәуір артта қалып отыр.

Дамыған елдерде табысқа салық салудың ерекшелігі,  прогрессивті ставкаларды қолдану, соның арқасында табысы аз адамдар мемлекетке төмендетілген ставка бойынша төлейді. Егер де біздің салық жүйемізге шетел тәжірибесін енгізетін болсақ, жұмыс істеп жүрген қаншалықты халықтың табысын салықтан босатуға болар еді. Құзыретті органдар да, салық төлеушілер де әрине түсінуі керек. Дамыған елдер сияқты бірден 400,0 мың теңгеден төмен жалақыға салық салынбасын деуге  негіз жоқ.Біз ондай өмір деңгейіне жете қойған  жоқпыз. Келешекте өркениетті әділ қоғам құрғымыз келсе, соған ұмтылуымыз қажет. Әрине, бюджеттегі салықтық түсімдер құрылымында ЖТС сомасы азаяды, бірақ прогрессивті салық механизмін енгізу көмегімен болашақта ол сома бірнеше есе көп жиналады деген ойдамын. Салық кодексінде  көрсетілген шегерімдер саны кеңейтілуі тиіс.

Мәселен, Jusan Analytics компаниясы Астана мен Алматы жұмыскерлерінің негізгі өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті базалық шығындарына талдау жүргізген. Зерттеуде тамақтану, коммуналдық төлемдер, медицина, көлік және  білім беру  секілді негізгі шығындарды қамтыған. Бұл ретте сарапшылар ұзақ мерзімді сатып алуды, несиені, ипотеканы төлеуді, пәтерді жалға алуды қарастырған жоқ, өйткені олар әркімнің жеке жағдайлары мен қалауымен  байланыстырғаны бар.

Сонымен  орташа есеп бойынша, ай сайын базалық шығыстарға 246,3 мың теңге немесе орташа жалақының 60% - ы жұмсалған. Мегаполистер  арасында айтарлықтай теңсіздік бар. Алматыда жұмыспен қамтылғандардың 51% - ы өздерінің базалық қажеттіліктеріне жұмсағаннан аз табыс тапқан. Ал елордада жұмыспен қамтылғандардың 13% - ында  табыс көрсеткіші тапшылықты көрсеткен.Астанадағы  орташа өмір сүру деңгейі  Алматыға қарағанда екі есе көп болған. Дамыған мемлекеттердің салық жүйесінде осы аталған шығындардың көбісі жеке тұлғалардың табысынан алынатын салықты есептеу кезінде шегерімдерге жатқызылады. Ол дұрыс және әділ деп санаймын.

– Жеке  табыс салығы бойынша  нақты қандай  ұсыныс айтар едіңіз?

– ЖТС бойынша салықтың реформалау аясында азаматтардың табыстарына салынатын салықтардың әлеуметтік бағыттылығын қамтамасыз ету керек. Салық салудың негізгі ауырлығын халықтың ауқатты топтарына ауыстыруды қамтамасыз етіп, орта  топ пен  кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға салық салудың неғұрлым жеңілдетілген тәртібіне қол жеткізуде критерийлерді нақты бөлінсе.Менің ойымша, біріншіден, жеке тұлғалардың табыстарына салық салынбайтын ең төменгі жалақы мөлшерін қарапайым халыққа түсінікті болу үшін нақты ақша сомасын енгізу (орташа жалақы мөлшерінен аспайтын соманы) және одан тек міндетті зейнетақы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар бойынша салықтық шегерімдер жасап, табыс салығынан босату керек.  Демек белгілі бір сомаға нөлдік ставка қолданылса.

Екіншіден, табыс салығы бойынша салық ставкаларына тәсілдерді қайта қарау, прогрессивті салық салу шкаласына көшу жүзеге асырылса.

Үшіншіден, ЖТС бойынша шегерімдер құрылымын шетел тәжірибесіне сүйеніп, түпкілікті қайта қарастыру қажет. Жалпылама жеке тұлғаның қоғамдық статусын ескере отырып, салықтық жеңілдіктердің пәрменді жүйесін құру тиіс деп санаймын.

Салық жүйесін одан әрі жетілдіру оның әлеуметтік функциясын тиімдірек орындауға бағытталуы керек. Кірістерді ең байлардан кедейлерге қайта бөлу, кірістердің шамадан тыс саралануын азайту, әлеуметтік теңсіздікті жою және халықты әлеуметтік қолдау болып табылады. Бұл міндеттер, сондай-ақ оларды шешудің әдістері мен құралдары салық саясатының жалпы тұжырымдамасы аясында және жаңа Салық жүйесі жобасының негізгі бағыттарында тұжырымдалуы керек.

– Елімізде  мемлекеттік бюджеттен  өзге,  Ұлттық қор да бар. Мұнда түсімдердің негізін мұнай секторы ұйымдарынан  аударылатын  тікелей салықтарға тиесілі. Жер қойнауын пайдаланушылардың салық ауыртпашылығы  дамыған елдердегі деңгеймен салыстырғанда қаншалықты әділдік танытып тұр?

– Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде  еліміздегі терең әлеуметтік теңсіздік туралы халықтың жартысында ай сайынғы табыс 50 мың теңгеден аспаса да, жылына 1300 доллардан сәл асады. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Жағдайды шұғыл өзгерту керек, деген болатын. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етеді екен. Осы бизнес иелері қаншалықты салықты әділ төлеп жатқанын бағалау үшін, олардың салық ауыртпашылығын шетелдік стандарттарға сай жасаған дұрыс.

Заңнамаға сүйенсек, Ұлттық қорды құрудың мақсаты біріншіден, елдің тұрақты әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету, екіншіден, болашақ ұрпақ үшін ақшалай  қаражатты жинақтау, үшіншіден,  экономиканың қолайсыз сыртқы факторлары әсеріне тәуелділікті  төмендету болса, төртіншіден,   республикалық және жергілікті бюджеттердің әлемдік бағалар конъюнктурасына тәуелділігін төмендету  көрсетілген.

–Осы жылдың қаңтарынан  бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды.   Мұнда айта кететін  жәйт,  әр  жылы дүниге келген сәби әртүрлі сома жинайды.Үкімет осы бағдарламаны жүзеге асырудан бұрын дамыған мемлекеттер тәжірибесіне  қаншалықты  сүйенген?

– Бағдарлама аясында жыл сайын ел азаматы болып саналатын барлық кәмелетке толмаған баланың нысаналы жинақтау шотына Ұлттық қордан түскен инвестициялық кірістің бір бөлігі төленеді. Соған сәйкес, барлық балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірістің 50% есептелініп отыр. Бағдарлама бойынша балалардың нысаналы  жинақтау шоттарына алғашқы қаражат түсті. Ақпан айында бұл процесс жүзеге асырылып,әр балаға 100,52 АҚШ доллары төленді.

Әрине, бұл бастама жақсы іс-шара және бұл заңды әзірлеушілердің пайымдауынша,  еліміздің  жеткіншектері  кәмелеттік жасқа толуына қарай қанша қаражат жинай алатынын айтып берді. «Ұлттық банк пен Үкіметтің есептеулерінде елімізде жыл сайын орта есеппен 400 мың бала өмірге келетінің  ескерсек, 18 жасқа  толғанда  шотта кемінде 3 000 АҚШ доллары жиналады, деп  отыр. Ата-аналар балаларына ұлттық қордан ақша берілетінін түсінеді, ал іс жүзінде оларға Ұлттық қордың әртүрлі қаржы құралдарына инвестиция салудан алатын табысының жартысынан ақша беріледі. Сонымен қатар біз бұл инвестициялық кірістер туралы ештеңе білмейміз, өйткені олар ашық емес.

Біздің елімізде неге БАӘ тәжірибесін Үкімет басшылары қарастырмады? деген ақылға қонымды сұрақ туындайды. Әрине, Қазақстанның экономикасы мен БАӘ экономикасы құрылымын салыстыруға болмайды.Шындығында біздің елдің ресурстық артықшылықтары бар екені сөзсіз. Елімізде су тапшылығы жоқ, ол мемлекет сияқты шөлді аймақ емес, табиғатымыз керемет, олар тек мұнайдан рента жинаса, біздің елдің қойнауында Менделеев кестесінің барлық элементтері бар.  Иә, Қазақстан – минералды-шикізат базасы. Бірақ ресурстар таусылмайынша, ресурстық артықшылықтарды пайдалану керек. Бұл біздің бәсекелестік артықшылығымыз. Болашақта осы аталған тәжірибені мүмкіндігінше қолданып, жүзеге асыра білсек, сонда ғана қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің жойылатыны күмән тудырмайды.

 

 

Әңгімелескен –

Гүлмира Бағытқызы

«Еgemen Qazaqstan»