Форум • 11 Сәуір, 2024

Журналистиканың жаңа тынысы

229 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа технология жетістіктері ақпарат саласына да айтулы­ жаңа­лықтар әкелді. Мінсіз мәтін жазып, ғаламтордағы мил­лиондаған ақпаратты әп-сәтте сүзгіден өткізіп, алдыңа жайып­ салатын журналистикадағы жасанды интеллект тіл­ші­лер қауы­мына көмекші құрал ма әлде бәсекелес пе? Ақылды құ­рал­дың артық­шы­лы­ғымен қатар қандай қатерлері бар? Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­тық университетінде өткен «Жур­налистиканың болашағы: жасан­ды интеллектінің генера­ция­сы» атты VІІ Халықаралық ғылыми форумда осы және өзге де маңызды сауалдар сараланды.

Журналистиканың жаңа тынысы

Форумда алғашқы болып сөз алған БҰҰ Жаһан­дық коммуникация департа­мен­тінің өкілі Властимил Самек технология қанша жерден қарыштап дамыса да, адамның ой-өрісі әрқашан алда болатынын мәлімдеді. Ал жасанды интеллект қыруар жұмысты жеңілдететін көмекші құрал ғана. Түрлі ақылды құралдар, адамның шынайы сезімі мен ойын, шығармашылық қабілетін алмастыра алмайды. Робот құ­рас­тырып бер­ген жылт етпе ақпа­раттар жылдам қолжетімді болғанымен, дәйекті бол­мауы мүмкін. Ал мазмұн тереңдігі мен ой ұшқырлығы өз алдына бөлек әң­гіме. Десе де заман көшінен қалып қою­ға тағы болмайды. «Өйткені бүгінгі таң­да технология тілін жетік меңгеру жур­на­листің басты қаруы», дейді сарапшы.

Осы тақырыпқа орайлас пікір білдірген қырғызстандық сарапшы Айта Султаналиева болашақ журналистерді даярлауда жасанды интеллектіні пайдаланудың тиімді тәсілдері, этикасы мен нормалары туралы баяндады.

«Журналистикадағы жасанды интеллект алдағы болашақта ақпарат саласының мамандарын жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе деген мәселе жиі айтылады. Меніңше олай емес. Аталған құралға үрке қарамай, кері­сін­ше оның көмегіне жүгіну арқылы жұ­мы­с­ымызды жеңілдетеміз әрі зерттеу мүмкіндіктерінің ауқымын кеңейте аламыз. Бұл әлемдік ақпарат жүйесінде өзінің тиімділігін көрсеткен жоба, біз де бұдан айналып өте алмаймыз. Сайып келгенде мұның бәрі адам игілігі үшін, адам қолымен жасалған жетістіктер. Заң, лингвистика, қаржы, бизнес, медицина салалары жасанды интеллект көмегінің арқасында алысты жақындатты. Мұндағы бас­ты мәселе – журналистер даярлау­да болашақ мамандарды жасанды интеллектімен жүйелі әрі сапалы жұмыс істеуге машықтандыру. Робот белгіленген тақырыпқа қатысты ғаламтордағы ақпаратты тұтас қам­туға тырысатындықтан, жалған фак­ті­лер, негізсіз мәлі­меттер де белең алуы ықтимал. Автор­лық құқықтың сақталуы, эти­ка, айтар ойды астарлап жет­кізу тұрғысынан көмекші құралға үне­мі редакторлық бақылау қа­жет», дейді Аита Султаналиева.

ҚазҰУ Журналистика фа­куль­теті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтан­бае­ваның пікі­рін­ше, жаңа ақпараттық кеңіс­тік­­тің кеңге қанат жаюы көп жұ­­мыстарды жеңілдеткенімен, адам­зат алдына ақпараттық қауіп, ком­пьютерлік қылмыс, қоғамдық сананы шатастыру, кибершабуыл, жалған мәлімет беру сынды жаңа кедергілерді әкелуі мүмкін. Бұл қауіптердің алдын алу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен академиялық ортаның байланысы берік болуы шарт.

Жасанды интеллект мүмкін­дік­терін кеңінен пайдалану бүкіл әлемде күн сайын дамып келе жатқан үрдіс. Ресейлік сарапшы ғалым Сергей Гришин әлем ғалымдарының 33 па­йызы жасанды интеллектпен еркін жұмыс істеуді меңгере бастағанын айтады. Ал әрбір үшінші ғалым үшін бұл әлі таңсық тақырып. Гришин әлемдік ақпарат саласы мамандарының жартысына жуығы жасанды интеллект көмегіне қатты қажет болған жағ­дай­да ғана жүгінетінін жеткізді. Бұл негізінен ақпаратты талдау, жаңалықтар легімен танысу, мәтін құрау ісіне қатысты.

Форум жұмысына онлайн фор­мат­та­­ қатысқан Мәдениет және ақпа­рат ми­­­нис­трлігі БАҚ саласындағы мем­ле­кет­­­тік саясат департаментінің директо­ры Қай­нар Ахетов, журналистика мен цифр­­лы технологияны тығыз қа­рым-қа­­ты­­наста дамыту сала алға қой­ған ма­ңыз­ды міндеттердің бірі екенін ата­­­ды. Ха­лық­аралық ұйымдар мен зерт­­­­теу уни­вер­ситеттерінің медиа және ком­­­­му­ни­кация саласының өкілдері қа­­тыс­­­­қан іс-шарада жасанды интеллект дә­уі­­­ріндегі этикалық барометр, де­­зин­фор­­­­ма­циямен күрес: жасанды ин­тел­­лек­­­­тінің журналистикадағы рөлі, ней­ро­­­­же­лілер және журналистика: таяу бо­­­ла­­­­шағы, қатерлер мен болжамдар деп атал­­­ған арнайы секциялар жұмыс істеді.

«Келешекте журналистердің робот көмекшісі пайда болады. Ол түсірілген видеоны монтаждауға, сапасын тексеруге, мәтінде редакциялауға, тіпті зерттеу жүргізуге қолұшын тигізеді. Түсірілім кезінде робот көмекші, робот оператор жүруі ықтимал. Дамыған елдерде телестудиялық хабарларды роботтар түсіре бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Жаңа мүмкіндіктерді игеру үшін цифрлық технологияларды меңгерген журналист мамандарға сұраныс артады», дейді жас ғалым Олжас Есенбай.

 Басқосу барысында бүгінгі жур­налистикада кенжелеп қал­ған дәстүрлі жанрларды қайта жаң­ғырту мәселесі де кеңінен сөз болды. Журналистер қауымы очерк, эссе жанрларын тың форматта түрлендіріп, тағылымы мол тарихи мақалаларға көбірек қалам тербесе деген ой айтылды. Сон­дай-ақ осы тақырыпқа байланысты маз­мұн­ды журна­лис­тік зерттеулер жасалса деген ұсыныстар ортаға тасталды. Елі­міз­дегі медиакеңістіктің ақпа­рат­тық-тех­но­логияларын, инно­ва­циялық жаңалық­та­рын дамыту жүйесі мен жолдары ­туралы ұсы­ныс тілектер айтылды.

Журналистер мен ғалым­дар­дың ойларын қорыта айтқанда, уақыт талабына сай кез келген ақпарат саласының маманы әмбебап болуға тиіс. Дәстүрлі құн­ды­лықтардың қайнарынан қа­нып ішіп, жаңа заманның да жаңа­лық­тарына бейімделуі керек. Ал муль­тимедиялық технологиялар мен ғалам­тор­ қуатын тиімді пайдалану дәстүрлі медиа­ның жаңа тынысын ашады.

 

АЛМАТЫ