Су тасқыны • 11 Сәуір, 2024

Ел басына күн туса...

252 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміз кейінгі 80 жылда болма­ған үлкен апатқа тап болды. Қарғын судың кесірінен қара халық қазір күрделі жағдайды басынан өткеріп жатыр. «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» еді. Өкінішке қарай, еліміздің он екі аймағын су басып, тұрғындар жан сауғалап жат­қанда қара бастың қамын күйт­теп, біреудің қайғысы­нан пайда көріп, қолдан қымбат­шы­лық жасағандар да табылды.

Ел басына күн туса...

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Көпке топырақ шашпай­мыз. Қалың жұрт қызыл сумен арпалысып жүргенде қолындағы барын ұсынып, қажетті көмек көрсеткендер көп. Әлі күн­ге дейін су басқан өңірлерде тұрғын­дар­ды тегін тасып, азық-түлік пен керек-жарақтарын ақысыз-ақ беріп жатқандар жетіп артылады. Бірақ жамандық та жерде жатпайды.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тасқын су орталықпен байла­ныстырып тұрған жалғыз көпірді бұзып кетіп, төтенше жағдай жария­ланғанда ауылдағы ең үлкен дүкен иесі азық-түлік бағасын көтеріп жібер­ген. Әлеуметтік желіге дүкендегі нан, сұйық май мен ұн бағасының өске­нін көріп, ашуға булыққан ауыл тұр­ғын­дарының бейнежазбасы шығып кетті. «Ел тасқыннан зардап шегіп отырғанда, бұл не масқара?! Азық-түлік қымбаттаған. Дүкен иесі «Қымбат болса, алмаңдар», деп тұр. «Әкімдік қайда, кәсіпкерлік қайда?» дейді ашынған әйел.

Ал Көкарнада бөгет салуға жұмы­лып, тасқынның алдын алуға жиналған жігіттер желі арқылы Атырау облы­сының әкімдігіне бейнеүндеу жасады. «Қазір бізге қап пен күрек керек. Бүгін базарға барып, өз көзімізбен көрдік, қап жоқ. Алыпсатарлар бір жер­ден алған да заңсыз саудаға шы­ғар­ған. Барсаң телефон нөмірін береді. Хабарласып сол жерден барып қана аласың. Құнын 200-300 теңгеге дейін өсірген. Базардағы бағаны кім қадағалап жатыр? Ел басына күн туғанда құзырлы органдар ең болмаса бағаны ұстап тұрса, соның өзі мына халыққа көмек болар еді», дейді олар.

Күні кеше Атырау облысындағы Құлсары қаласы қызыл судың астында қалды. Бір түнде 12 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге шығарылып, қала­да қалған ер-азаматтар ауылды аман алып қалу үшін жантала­сып, бөгет жасауға жұмылды. Ал бөгет жасауға құм мен кәдімгі қытайдың 50 теңгелік қабы керек. Осы сәтті ұтымды пайдаланған әккі саудагерлер былайғы күні шаң басып жатқан әр қаптың бағасын үш есе өсіріп жіберген. Тасқын судан қалай қорғанарын білмей қиналып отырған ауыл тұрғындарын кей пы­сықайлардың базардағы барлық қы­тай қабын жаппай сатып алып, жеке саудаға қымбатқа шығарғаны тіпті ашындырып отыр.

Қарғын судан өмірі мен үй-мүл­кіне, малына қатер төнген халық жан­сауғалап көрші ауыл, аудан, тіпті облыстарға кетуге мәжбүр болды. Мұны да қалт жібермей, қолынан келгенде қонышынан басқандар бар. Қиын-қыстау сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың орнына қалтасын күйттеген таксистер жол­ақысын қымбаттатып жіберген. Қарт әке-шешесі, бала-шағасымен түнде жолға шыққан жұрттың көлік таппай сенделгенін көрген таксистер күнделікті тарифтерін бірнеше есеге көтеріп, құлсарылықтарды қауіпсіз жерге апаруға «көмектескен» көрінеді. Енді Атырауға аяғы жеткендердің біразы паналайтын ет жақыны, туған-туысы болмағандықтан жалдамалы пәтер іздейді. Мұндай «оңтайлы сәтті» риэлторлар мен жалдамалы пәтер ұстап отырған жеке кәсіпкерлер де «оңынан» пайдаланып қалған. Әдетте 5-6 мыңға жалға беріп отырған баспанасының құнын аспандатып жіберген. «Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» дегеннің кері.

Соңғы ақпараттың ақ-қарасын білу үшін «Крыша.кз» сайтына кіріп көрдік. Атырау қаласында 1-2 бөл­мелі пәтерлерді жалға алу құны 12 мың­нан бастап 20-25 мыңға дейін деп көрсетілген. Өзін Жанна деп та­ныстырған атыраулық риэлтор жал­ға алу бағасының өспегенін, пәтер құны аудан, баспана жағдайы мен жөн­деу жұмысына байланысты құбылып тұратынын ғана айтты. «Ал су тасқынынан кейін баға күрт өсті дегенге келісе алмаймын. Керісінше, біз Рамазан айында бағаны сәл түсірдік. Жұрттың айтып жүргені элиталы коттедж үйлерді жалға алу құны болар. Олардың бағасы расымен қымбаттау», дейді ол.

Ал Құлсарыда жүрген журналист Өркен Жоямерген «қапшықтың құны өскен-өспегенін тап басып айта алмаймын, бірақ қат екені рас», дейді. «Бүгін ғана қалаға бір КамАЗ қапшық әкелінді. Халықтың, жергілікті тұрғын­дардың ауызбіршілігіне таң қалдым әрі риза болдым. Бәрі бір кісідей көмек­­ке ұм­тылып, ас-суын дайындап, бө­­гет салуға атсалысып жатыр. Мұн­­да жасы да, жасамысы да жүр. Такси бағасы қымбаттады дегенді өзім ес­тіген жоқпын. Қалада қазір жанар-жа­ғармай тапшы. Кеше көрші Маң­ғыстау облысынан келген азаматтар тегін азық-түлік, жанар-жағар май та­ратты. Ал 14 көлік жүргізушісі халық­ты Ақтауға тегін тасуға дайынбыз деп отыр. «Көршідегі жағдайды естіп, тыныш жата алмадық» деп келген Қызан ауылының 15 жігіті де қолдарынан келген көмегін аяп жатқан жоқ», дейді журналист.

Атырау облысында Жем өзені көте­ріліп, Жылыой ауданындағы 2 810 тұр­ғын үй мен әкімшілік ғима­ратты су басқанда сол жаққа арнайы барған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Құлсарыда да болды. Депутат алдымен Қаратон ауылында бөгет тұрғызып жатқан азаматтармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыспен танысқанын айтады.

«Жасыратыны жоқ, қолдан қым­бат­шылық жасау деректері болды. Бұл – су басқан өңірлерде бастапқыда туындаған мәселе. Қызыл су ауылдарды басып қалғанда көп кәсіпкерге сауда орнын, дүкенін жабуға тура келген. Қап пен күректің қат екенін білген алып-сатарлар осы сәтті пайдаланып, бағаны көтеріп жіберген. Бірақ қазір баға да, жағдай да біршама тұрақтанды. Маңғыстау, өзге де өңір­лерден келген гуманитарлық көмектің арқасында азық-түлікке, жанар-жағар майға дәл қазір сұраныс жоқ. Жан-жақтан ағылған көмектің өзі бағаны басып жіберді», деді Дүйсенбай Тұр­ғанов. Депутаттың айтуынша, қиын-қыстау күннің алғашқы 3-4 күнінде әсіресе қапты қымбат сату оқиғалары тіркелген. Бұл іске жергілікті кәсіп­керлер бір кісідей атсалысқанның арқасында тапшылық біртіндеп ше­шіл­ген. «Күні кеше Махамбет, Индер ауданының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдадым. Қара халық қаптың, арнайы техника­ның әлі де қажет екенін айтып жатыр. Әсі­ресе бөгет тұрғызуға жұмыс қо­лы тапшы. Сол жерде жүрген Пре­мьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бірден Қорғаныс министрлігіне хабарласып, қосымша 300 жауынгер жіберу туралы тапсырма берді. Ашығын айту керек, тасқыннан туындаған мәселе өте көп. Дені сол жерде, халықпен кездесу барысында бірден шешімін тауып жатыр», деген депутат 1-6 сәуір аралығында аймақтағы су тасқынымен күрес жұмы­сы барысында құм толтырылған 45 902 қап, 174 342 тонна инертті материал төселгенін де мәлімдеді.

Д.Тұрғановтың айтуынша, қазір Құлсары қаласында дүкендер қоры толықтырылып, халыққа әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қолжетімді бағамен және жеткілікті мөлшерде ұсыну мақсатында «Атырау-Құлсары» бағытында темір жол вагоны қойылып, өнімдер тегін тасымалданып жатыр. «Қазір азық-түлік бағасы тұрақты. Қала­да қуаттылығы күніне 3 мың нан шығаратын наубайхана жұмысын жандандырып, қала дүкендеріне 110 теңгеден жеткізіп жатыр. Жалпы, қалада 115 азық-түлік дүкені бар, қазір тек 45 сауда нысаны жұмыс істеп жатыр», деді ол.

«Көршімнің үйі өртеніп жатқанда қойымның басын үйітіп алайын» дейтін арамзалар арамызда бар. Бұл – жасырып-жабуға келмейтін шындық, өкінішке қарай», дейді су басқан өңірлерде алғашқы күннен бас­тап жүрген Мәжіліс депутатының бірі Нартай Сәрсенғалиев. «Дәл осындай төтенше жағдай кезінде онсыз да пайда та­уып отырған кәсібіне екі, тіпті үш еселеп баға қосуды адамдықтан мүлде жат қылық деп білемін» деген ол ел-жұрт­ты қызыл су басқанда, әсіресе ең қажет деген азық-түліктің, қап пен күректің, көлік құны мен пәтер бағасының аспандап кеткенін айтады. «Негізі қазір келіп жатқан қар­жы­лық көмектің барлығын арнайы тех­ника алуға, өзен-арықтарға бөгет тұрғызып, судың арналарын кеңейтуге жұмсауымыз қажет еді. Ал біз сол қар­жыға қап пен күрек сатып алуға мәж­бүр болып отырмыз. Ал бұл тойым­сыз кей кәсіп иелерінің ардан аттаған әрекеттерінің салдары», дейді депутат.

Су астында қалған халықтың мұң-зарын құзырлы органдарға жеткізіп жүрген Нартай Сәрсенғалиев: «29 наурызда апат басталды дегенді ести салысымен бірден Премьер-ми­нистр­дің атына хат жолдадық. Ол кезде тасқынның алдын алуға бөлінген 7 млрд қаражаттың қайда кеткенін, қай өңірлерге бөлінгенін, осының бәріне толық тексеріс жасау қажеттігін де айтқан едік. Су тасқыны қарқын алған 30, 31 наурыз және 1 сәуір күні Батыс Қазақстан өңірінде болдым. Халықтың қиын жағдайын өз көзімізбен көрдік. Шынын айту керек, жағдай өте қиын. Тұрғындар апат кезінде есіріп кететін алып-сатарлар мәселесін айтып, қорқынышын білдірген еді. Жұрт­тың «Ел басына күн туса, ең бірінші, азық-түлік бағасы қымбаттап кетеді, осының алдын алсаңыздар» деген өтіні­шін Премьер-министрдің атына жаз­ған хатта да атап көрсеттік. Бұл мә­селені тұрақты комиссия мен жер­гі­лікті жердегі басшылыққа, облыс әкім­деріне де ұдайы айтып келеміз», деді.

Депутат алаңдаушылық білді­ріп отырған тағы бір мәселе бар. Ол ертең апаттың беті қайтып, тас­қын­ның салдарын жою кезінде туындай­тын өзекті сұрақтың бірі – құрылыс материалдарының құны. «Бұл күн де өтер. Ертең суға кеткен мыңдаған үй, сан мың қора-қоп­сыны қайта тұрғызуымыз керек. Сол кез­де құрылыс материалдары жап­пай қымбаттап кете ме деген қор­қы­ныш бар. Қазірдің өзінде осы мәселені дабыл қағып айтып жатырмыз. Себебі қысыл-таяң кезде қат дүниені қымбаттатып жіберу – өте сорақы, сұмдық жағдай. Әсілінде базар аралап, мобилографын ертіп алып, сауда орындарын тексеріп, оны видеоға түсіруді ұнататын әкімдер өз өңіріндегі бағаның тұрақты болуына, оның негізсіз өсіп кетпеуіне толықтай жауапты және осы бағытта жұмыс істеуі керек. Себебі баға себепсіз өсетін болса, оның ақыры үлкен әлеуметтік дүмпуге әкеп соғуы әбден мүмкін. Бұған жол бермеуіміз керек», деген депутат өңірлердегі, жергілікті жердегі баға саясатына құзырлы мемлекеттік органдардың жауапты екенін тағы бір еске салып өтті.

Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Уайс Ерсайынұлы арам пиғыл­дағы адамдар қай елде де бо­­ла­­ты­нын жасырмайды. «Ондай адам­­дар бір күнде түзеле салмайды. Ел іші болғасын ондай болады. Тіпті төтенше жағдай емес, жай күн­нің өзінде түсінбестік болып жатады. «Мал ашуы – жан ашуы». Қара шаңыра­ғынан айырылған жұрттың ашуы қаттырақ келеді. Бір елдің телі, тентегіне бола, міндетсінгендей болып, мыңның жасаған жұмысын, ниетін зая кетірмейік. Мұның барлығы, түптеп келгенде, елдігімізге – сын, ерлігімізге көлеңке түсіреді. Қазір бізге бірлік керек. Онсыз тоз-тоз боламыз!», деді.

Рас, қазір бір-бірімізге сын айтып, тас лақтыратын емес, жұдырықтай жұмылып елге көмек беретін, халық болып бірігіп апатқа қарсы тұратын кез. Алайда апат болған аймақтарда құт­қару жұмыстарына қажет құ­рал-жабдықтар, жанар-жағармай тапшы­лығы, бағаның қымбаттағаны туралы ара-тұра көзіміз шалып қалғанда «Қы­зыл судан қиналған халықтың он­сыз да тесік қалтасына қол салатын­дай ниетіміз соншалықты тарылып, адамшылығымыз аяқ жақта қал­ға­ны ма?» деген сұрақ қинайды. Адам­ның адамдығы дүние-мүлікте, жыл­ты­рақты қомағайлықпен жинай беруде емес, қиналғанға қолұшын созып, зардап шеккендердің көңіліне кірбің түсірмеу, еңсесін көтеру еді. Дәл осындай апат кезінде ақша жасап қалуды ойлау адамда пай­дакүнемдіктің ас­қын­ғанынан болар.

Анығы ар мен ұят, обал мен сауап жоқ жерде береке-бірлік те болмайды, байлық та тұрақтамайды. Елдің басына күн туғанда... «Бүлінгеннен бүлдіргі алмай», бірлікке бастайтын іске жұмылғанымыз керек!