Аймақтар • 11 Сәуір, 2024

Ақтөбеде жағдай тұрақталды

42 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында су тасқынына байланысты жағдай тұрақталса да, Ақтөбе қаласы мен алты ауданда жария­ланған төтенше жағдай режімі алынған жоқ. Қала­ға қауіп төндірген Ақтөбе, Қарғалы, Сазды суқой­ма­­­ларындағы су көлемі бірқалыпты.

Ақтөбеде жағдай тұрақталды

Фото: gov.kz

Су тасқыны кезінде ең көп зардап шеккен Ойыл ауда­нының Екпетал, Жаңабаз және Қаратал ауылдарын­да 340 үйді су басса, 49 үй әлі күнге дейін су астында. Осы ауыл­дар­дың тұрғындары он күннен бері аудан орта­лы­ғын­дағы үш эвакуациялық орынды паналап отыр.

Вице-премьер Серік Жұманғарин 8 сәуірде Ойыл ауданына келіп, эвакуациялық орындарды аралап, осы жердегі тұрғындарымен жүздесті. Баспаналарынан, малынан айырылған тұрғындар вице-премьерден және облыс әкімі Асхат Шахаровтан тұруға жарамсыз болып қалған баспаналары үшін мемлекеттен қанша өтемақы төленетінін, үйдің қашан салынатынын сұрады. Екпеталдағы 48 үйдің, Жаңабаздағы 19 үйдің иесі Ойыл елді мекенінен жаңа баспана салып берсе, аудан орталығына біржолата қоныс аударуға келісетіндерін айтты. Серік Жұманғарин аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа осы ұсынысты назарға алып, инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жер телімдерінен құрылыс орындарын тезірек таңдауды тапсырды.

Ойыл ауданының бірнеше елді мекені арасында судың қайтпауы себепті байланыс жоқ. Ауылішілік жолдар бұзылды, Ойыл-Қобда тасжолының аудан орталығына кіреберісіндегі үлкен көпірді сең бұзып кеткен. Қазір жұрт уақытша понтонды өткел арқылы қатынап жүр. Саралжын ауылдық округі Шиқұдық аулында электр жарығы жоқ, су құбырын сең бұзып кеткен, жол қатынасы үзілген. Азық-түлік ауылға тікұшақпен жеткізіліп жатыр. Шиқұдық аулының тұрғындары тасқын бұзған жол учаскелері мен өткелдерді тезірек жөндеп беруді сұрады. Вице-премьер су тасқынынан зардап шеккен Қобда ауданына да келді. 27 наурызда ауыл шетіндегі Қобда өзені арнасынан шығып, аудан орталығындағы 279 үйді, әкімшілік ғимаратты басып қалды, мектеп пен бірнеше дүкенге су кірді. Тұрғындар аудан орталығындағы спорт кешені ғимаратына уақытша орналастырылды. Бүгінде 25 үй толығымен қирап, 12 үй апатты жағдайда. Вице-премьер Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевке зардап шеккендерге арнап тезірек үй құрылысын бастауды тапсырды. Былтыр көктемде де Қобда елді мекенінің 25 үйі суға кетіп, жаңа баспана салынған еді.

Су тасқыны күндері 55 елді мекен электр қуатынан ажыратылған. Қазір 34 елді мекенде электр қуаты қалпына келтірілді. Осы жұмыстармен 60 адамнан тұратын 11 бригада шұғылданып жатыр.

 

Ақтөбе облысы