Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Көмек керуені

105 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі күрделі ахуалға байланысты Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы да қарап қалған жоқ. Ассамблея мүшелері ортадан бірігіп, гуманитарлық көмек жинап, тасқыннан зардап шеккен Атырау облысына қарай автокөлік керуенін жөнелтті.

Көмек керуені

Бұл қайырымдылық іс-шара «Жүректен – жүрекке» акциясы аясында іске асырылды. Қалалық ассамблея шаһар­дың екі тұсы­нан арнайы бекет ашып, түрлі этнос өкілдері ма­териалдық көмек жинаған. Оның жалпы көлемі 20 тон­наға жуықтады. Жинақ­талған гуманитарлық жәрдем деп отырғанымыз – макарон өнімдері, ауызсу, басқа да азық-түлік тауарлары, тұрмыстық химия, гигиеналық заттар, жылы киімдер, етіктер, көрпе-төсек пен полиэтилен қапшықтары. Жөнелтілген гуманитарлық көмек­тің жалпы сомасы 10 млн теңгеден асты. Материалдық көмек­пен бірге ассамблея мүшелері қарғын судан жапа шеккендерге арнап ашылған банктік есепшоттарға да қаржылай көмек аудара бастады.

Шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев еліміздің солтүстігі мен батысын­дағы төтенше жағдайға бар­шасының қабырғасы қайысып отырғанын, осындай қиын сәтте бірге болуды тілеп, әрдайым қолдан келгенше көмек көрсе­те­тіндерін жеткізді.

Өзбек этномәдени бірлестігінің басшысы Тахирбек Нышанбаев қаладағы 14 этномәдени ұйым бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жылу жинауға ассамблеядан арнайы штаб ашқанын мәлімдеді.

Қала­лық корей этномәдени бірлес­тігінің төрағасы Юрий Пан «Жүректен жүрекке» акциясы аясында жіберіл­ген гумани­тар­лық көмек қызыл судан жапа шеккен атыраулық тұр­ғын­дардың әжетіне жарар деген үмітте.

Ал қалалық славян этномәдени бір­лес­тігін басқаратын Наталья Романова ел басына күн туғанда бүкіл халық жұмыла түскенін жеткізді. Мұндай қиын сәтте шет қалып қоюға болмайтынын, әр азамат шамасы келгенше жәрдем көрсету керегін баян етті.

 

ШЫМКЕНТ