Спорт • 11 Сәуір, 2024

Жарыс күнделігі

106 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әртістік жүзуден Бейжіңде өткен Әлем кубогінен Қазақстан құрамасы олжалы оралды. Техникалық бағдарламаның жұп­тық сайысында Наргиза Болатова мен Эдуард Ким күміс медальды иеленсе, топ­тық жарыста жерлестеріміз қолаға қол созды. Ко­мандалық бәсекеде құрамында Әй­ге­рім Құрманғалиева, Этери Какутиа, Нар­гиза Болатова, Арина Мясникова, Анна Павл­ет­цова, Жаклин Якимова, Жәния Жиенғазы сынды аруларымыз алтын алса, жекелеген тартыста Виктор Друзин үшінші орынға табан тіреді. Барлығы – 5 жүлде!

Жарыс күнделігі
  • Фристайлдан Италияның Кьеза-ин-Валь­маленко қаласында өткен әлем бірін­шілігінде Анастасия Городко жеке могулдан алтыннан алса, параллельді могулда күміспен күптелді. Бәсекенің екінші түрінде ол америкалық Кайли Кариотистен ғана қалып қойды.
  • Спорттық гимнастикадан Хорватияның Осиек қаласында ұйымдастырылған Challenge Cup турнирінде Ілияс Әзизов қо­ла жүл­деге қол жеткізді. Еркін жаттығуда ол күміс ме­дальды мойнына ілсе, «ат» жат­тығуын­да алдына жан салмады.
  • Көркем гимнастикадан Болгарияда жалауы желбіреген Sofia Cup халықаралық турнирінде Эрика Жайлауова көпсайысты қола медальмен қорытындылады. Дарынды спортшымыз тек жергілікті гимнасшылар Бориана Колейн мен Эльвира Краснобоеваға ғана есе жіберді. Тағы бір қазақ қызы Айым Мейіржанова төртінші орынға табан тіреді.
  • Отандық таеквондошылар Ла-Нусияда ұйымдастырылған G1 Spain Open турнирінде үш жүлде олжалады. Тарқатып айтсақ, Әзі­рет Дүйсенбек (54 кг) – алтын, Абдурахмон Марипов (74 кг) – күміс және Жавовирхон Исламов (58 кг) қола медальдарды мойындарында жарқыратты.
  • Шайбалы хоккейден Андоррада екінші дивизиондағы командалар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның әйелдер құрамасы екі кездесу өткізді. Алғашқы турда жерлестеріміз Мексиканы 4:2 есебімен ұтса, одан кейін Тайпейді тізе бүктірді – 3:0. Алдағы күндері қыздарымыз Исландия, Бельгия және Испанияға қарсы ойнайды.

ррр

  • 20 сәуірде Екатеринбургте жалаң қол­мен жұдырықтасудан дүбірлі дода ұйымдас­тырылады. Сол жарыста қазақ файтері Асылжан «Сақ» Бақытжанұлы ресейлік Ислам «Джанго» Жагоразовпен айқасады. Отандық «Алаш Прайд» клубының мүшесі осы күнге дейін 21 рет октагонға шығып, 15 рет жеңіске жетті. Бес рет ұтылып, тағы бір бәсе­кеде тең есеп тіркелді. Ал Ресей спортшы­сы 21 кездесудің 11-інде басымдық танытты.
  • Бокстан Қазақстанның жастар құра­масының аға жаттықтырушысы болып Қай­рат Сәтжанов тағайындалды. Бұған дейін де ол ұзақ жылдар бойы дәл осы қызметті ат­қарған. Сол кездері отандық былғары қол­ғап шеберлері халықаралық аренада орасан зор та­бысқа қол жеткізді. Кейіннен ұлттық құра­масының тізгінін ұстады. Сәтжановтың жетекшілігімен 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальды олжалап, жалпы­ко­ман­д­алық есепте екінші орынды иеленді.

ми

  • Грекия мен Люксембурге қарсы өткен соңғы екі кездесудегі сәтсіздіктерден кейін футболдан Қазақстан құрамасы ФИФА-ның жаңартылған рейтингіндегі жағдайын на­шарлатып алды. Жерлестеріміз қазір 103-орында тұр. Өзгелерді айтпағанда, біздің аяқдоп шеберлеріміз көршілес Тәжікстан (99-орын) мен Қырғызстаннан (100-орын) да қалып қойды. Өзбектер – 64-орында. Ал көш басындағы командалар – Аргентина, Фран­ция, Бельгия, Англия, Бразилия, Пор­тугалия, Нидерланд, Испания, Италия және Хор­ватия.