Таным • 10 Сәуір, 2024

Тотықұс синдромы

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақындардың алқасында отырмыз. Кіл жас қаламгерлер. Біреуі өңмеңдеп өлең оқиды, біреуі «мен-мен» деп музыка тартады. Таңғалатын тарыдай нәрсе жоқ. Қызықтың көкесі шығарма аяқталғанда басталады...

Тотықұс синдромы

«Құбылыс!» деп шаңқ етті шляпалы шайыр. «Сілкініс!» деп саңқ етті екіншісі. Барлығы сабасына түскеннен кейін: «Жо-жоқ. Құбылыс та, сілкініс те емес. Бұл – жай ғана ұмтылыс», деді сыпайы бір «сыншы» темекісін тұтатып. Шапалақтармен шатасқан леп белгілі лепірмелер адресатын дәл тауып жатыр әйтеуір. Ақындардың атүсті айқайы мен пафосты «пай-пайы» жарғақ құлағыңды жарып жібере жаздайды.

Кенет әңгіменің ауаны француз ақыны Артюр Рембоға ауыса бастады. Автордың «мас кемесінде» бірге жүзген болса керек, бір жас ақын шайқатылып барып орнынан көтерілді. «Бір кезде ол осындай кафеге кіріп келіпті. Ел назарының бәрі – ақында. «Қайтер екен?» деп отыр. Сонда менің жасымдағы жап-жас Артюр дастарқанның үстіне қарғып шығып күркіреп өлең оқыпты ғой, жарықтық!». «Міне, поэт!» деді әлгі «шляпа». «Апырай...» деп мен отырмын. «Ол – ол ма? Одан кейін қалтасынан заманындағы ең халтурщик ақынның өлеңін шығарып, дастарқанға жаяды да...» Кешірім өтінемін, әрі қарай Артюр Рембо бас баспаның басуға болмайтын әрекетін жасап жібереді. «...Осылайша, ол Ұлы поэзияның мәртебесін біржола айқындап берді!» деп түйіндеді әлгі ақынымыз. Тағы сол «Браво!» тағы сол «Бәрекелді!»

Аңтарылдым да қалдым. Боза үстіндегі бос сөздің бірі ғой дейін десем, ақындардың шын ұстанымы да сол сияқты. Тіпті қайтар емес. Құдай-ау, бұл өзі еліктеу ме, еріп кету ме? Тұлғаның өлеңдегі емес, өмірдегі өрімдерін қайталау қаншалықты дұрыс? Артюрдің үстелге отырып жазғанын қайталай алмай жүріп, үстелге шығып алып істегенін қайталау – ақымақтық қой. Румидің мына бір тәмсілі ойыма оралды сонда.

Ілкіде әтір сататын саудагердің сөйлейтін то­тықұсы болыпты. Ол тотықұс қожайынының әтірін мақтап өлең айтатын көрінеді. Құсқа қы­зыққан халық, қалай ғана дүкеннен зат сатып алғанын байқамай да қалады екен. Алайда құста ақыл бар ма? Бір күні қанатын қағып қал­ғанда, ең қымбат әтірді жерге құлатып алады. Дүниепарас қожайын ашуға булығып, құс­тың бүкіл жүнін жұлып тастапты. Тотының ақы­лы болмағанмен, көңілі бар екен. Келесі күні қожайынға ренжіп сайрамай қойыпты. Сәй­кесінше сатып алушылар да күрт азаяды. Тәтті-тәп­серін алдына тосса да, тотықұсы қырсығып қалады. Сөй­тіп, саудагер құсына дем салып берсін деп медреседен молда алдырады. Ол заманда дін ұстаған адамдардың бәрі шашын тақырлап алып тас­тамай ма? Сондай бірде-бір шашы жоқ молда дүкенге кіріп келгенде, бірде-бір жүні жоқ тотықұс шаңқ етіп сөйлей жөнеліпті. Сондағы айтқан гәбі: «Молдеке, сен де қымбат әтірді сындырып алып, қожайының шашыңды жұлып тастаған ба?», депті ғой бейшара әлгі жерде. Бастарының таз болғаны болмаса, молда мен тотықұс бір-біріне мүлде ұқсамайды ғой.

Ақындықта да дәл солай. Өткен жолы танымал бір ақын сұхбатында «Тура отыз жасымда Есенин секілді өз-өзіме қол саламын деп, қонақүй іздеген кезім болды» деп айтып отыр. Сұмдық емес пе? Адамның сырына емес, сыртына солықтасаң – сорыңның сорпадай қайнағаны. Осы ойымды айтып жатқаным сол еді «өмір көрген» ақындар өлең оқуға кірісіп кетіпті...