Бокс • 12 Сәуір, 2024

Іріктеуге мықтылар барады

44 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада бокстан спаррингтік іріктеу бәсекесі аяқталды. Үш күнге созылған жекпе-жек лицензиялық турнирге қатысатын боксшыларды анықтап берді.

Іріктеуге мықтылар барады

Бокс  еліміздің басты спорты еке­ні тағы бір рет дәлелденгендей. Ішкі спаррингтік іріктеу бә­секесінің өзі жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық туғызды. Ал лицензиялық турнирге қатысудан үміт­керлер арасында спаррингтік бәсеке өткізу туралы бас­тама Қазақстан бокс федерациясының ашықтық ұстанымы болатын. Жекпе-жек үш күн бойы «qazsport» телеарнасында тікелей эфирде көрсетіліп, тіпті жеребе тарту рәсімінің өзі көпшілік назарына тікелей көрсетілім арқылы ұсынылды. Ұлттық құраманың бапкерлері де үміткер боксшыларды тағы бір бағалай алды.

Ерлер арасында спаррингтік кездесу 63,5 кг салмақ дәрежесінде өтті. Оған бес боксшы қатысты. Финалда түркістандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен жамбылдық Дулат Бекбауов кездесті. Алғашқысы осы салмақта өткен жылы ел чемпионы атанған. Ал бұған дейін 67 кило салмақта өнер көрсетіп жүрген Дулат үшін бұл жаңа салмақтағы бар болғаны екінші жұдырықтасу еді. Тартысты өткен жекпе-жектің бірінші раунды 3:2 есебімен Мұхаммедсабырдың пайдасына шешілді. Екінші раундта бес төреші де Базарбайұлының басымдығын байқады. Ал үшінші раундта 5:0 есе­бімен Бекбауов басым болды. Қоры­тындысында төрешілердің басым даусы­мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы же­ңіске жетті.

Қыздар арасында спаррингтік бәсеке 4 салмақта өтті: 50 кг, 54 кг, 66 кг, 75 кг салмақ дәрежелерінде шаршы алаңға барлығы 18 боксшы шықты. Алдымен жеңіл салмақтағы боксшылар арасында жеңімпаз анықталды. 50 кг спаррингте Алуа Балқыбекова мен Назым Қызайбай сынға түсті. Төрешілер шешімімен Назым жеңіске жетті.

Сегіз боксшы қатысқан 54 кило сал­мақ­тағы бә­секе өте тартысты болды. Финалда Ұлжан Сәрсенбек пен Сым­бат Әлиасқардың жолы түйісіп, түркіс­тандық Ұлжан 5:0 есебімен басым болды.

66 кило салмақ дәрежесінде 5 бокс­шы сынға түскен еді. Финалда былтырғы спартакиаданың жеңімпазы, Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Наталья Богданова қарағандылық Жасмин Қи­затовамен кездесті. Төрешілердің хат­тамасында 4:1 есебі тіркеліп, Бог­данова өзінің мықтылығын көрсетті.

Ал 75 килода үш боксшы бағын сынап, финалда астаналық Валентина Хальзова мен қызылордалық Гүлсая Ержан кездесті. Алғашқысы былтыр осы салмақта спартакиада жеңімпазы болған, екіншісі – 81 кило салмақ дәрежесінің үздігі. Алайда бір салмақ дәрежесіне төмен түскен Гүлжан ақтық айқаста Хальзоваға қарсылық көрсете алмады. Төрешілердің шешімімен Валентина жеңіске жетті.

Енді боксшылар Бангкокте өтетін әлемдік лицензиялық турнирге дайындалады. Спарринг жеңімпаздары бірінші нөмірлі ретінде тіркелмек. Дегенмен әйелдер арасында лицензиялық турнирде тағы бір салмақ дәрежесінде боксшымыз барады. Алайда 60 килодағы спарринг осы салмақтағы былтырғы чемпион Римма Волосенконың жарақатына байланысты кейінге қалдырылды. Спар­рингтік кездесуді Волосенко оқу-жат­тығу жиыны аясында тағы бір үміт­кер Виктория Графееваға қарсы өткізеді.

Бокстан Қазақстан ерлер құрама­сының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Астанадағы іріктеу турнирінің қорытын­дысы туралы өз пікірін білдірді.

«Іріктеу әділ өтті. Жанкүйерлер теле­дидардан қарап, кімнің қандай дайын­дықпен келгенін, қалай жұды­рық­тасқанын көрді. Ерлер арасында сынға түскен бес боксшы жақсы дайын­дықпен келді. Себебі әркім Олимпиадаға баруды армандайды. Барлығы қолдан келгеннің бәрін жасады.

Жеңімпазға келетін болсақ, Мұхам­медсабыр Базарбайұлы Италияда өткен ірік­теуде сүрінді. Бұл жолы ол көшбас­шылықты дәлелдеу арқылы тағы да өз мүм­кіндігіне ие болып отыр. Біздің бас­ты мақ­сатымыз – Олимпиадаға лицензия алу.

Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. Куба және Өзбекстанмен бір­лескен жиын өткіземіз. Содан кейін мамыр айында халықаралық турнирге қа­тысып, онда боксшылардың дайындығын тексереміз», деді М.Айтжанов.