Жарыстың ашылу салтанатына Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Теңге ілу федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
«Биыл қыркүйек айында Астанада Президент бастамасымен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Бүгінгі Азия кубогі – осы тартысты доданың алдындағы жауапты жарыстардың бірі. Теңге ілу спортының Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына енуі, оның әлемдік деңгейде танымал болуына ықпал етеді», деді И.Салжанов.
II Азия кубогі Теңге ілу федерациясының, Ұлттық спорт қауымдастығы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылды. Ал спорттық іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ. Sport Qory спортты қолдау қоры да жарысқа демеушілік көрсетті.
Азия кубогіне 7 елден келген спортшы қатысты. Бұл өз кезегінде теңге ілу спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. Осы орайда биыл халықаралық теңге ілу федерациясын ашу көзделіп отыр. Теңге ілу федерациясының президенті А.Әбдіқадыровтың айтуынша, осы Азия кубогінде еліміздің ең үздік спортшылары сынға түсті.
«Бұл жарыста ұлттық құрамамыздың спортшылары V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында өз дайындықтарын шыңдады. Ал шетел-дік құрамалар Қазақстанның үздік спортшыларымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды», деді ол.
Жарысты барынша әділ бағалауға осы жолы теңге ілу спортының тарихында тұңғыш рет бейне қайталау жүйесі қолданылды. Сонымен қатар уақытты өлшеу үшін арнайы лазер-секундомер пайдаланылды.
Сонымен, жарыс қорытындысында Бес белес әдісі бойынша Ғалымжан Ізжанов 1-орын, Рахат Қамбаров 2-орын, Қанат Бақтыбай 3-орынды иеленді. Аталған спортшылардың барлығы да – Түркістан облысының оғландары. Теңге ілудің жай стилі бойынша Рахат Қамбаров 1-орын, Ғалымжан Ізжанов 2-орын, Қанат Бақтыбай 3-орын тұғырынан көрінді. Сондай-ақ бұл жарыста Қанат Бақтыбай үздік абсолютті чемпион атанды.
ШЫМКЕНТ