Жастар • 12 Сәуір, 2024

Жүйелілікті талап ететін саясат

82 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан жастары – 2024» ұлттық баяндамасы талқыланды. «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының бұл жобасында демография, денсаулық, білім, қоғамдық-саяси ахуал және әлеуметтік-экономикалық ортаның маңызды мәселелері көтерілген. Жиында «Адал азамат» тұжырымындағы жастардың құндылығы да сөз болды.

Жүйелілікті талап ететін саясат

«Қазақстан жастары» ұлт­тық баяндамасы жыл сайын әзір­ленеді. 2013 жылдан бері 11 ұлттық есеп жарық көрген. Баян­дамаларды дайындауға мем­лекеттік органдардың, ха­лық­аралық ұйымдардың статис­ти­калық және талдамалық де­рек­тері сеп болған. Іс-шараға мем­лекеттік органдар, саяси партия­лар, халықаралық ұйымдар, зерт­теу орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Талқылауда бас қосқандар осы жылға жоспарланған әлеуметтік зерттеулер барысымен танысты.

«Жастар саясатын жүргізу аясында жастардың өзін-өзі жүзеге асыруы мен дамуына қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Шешім қабылдау кезінде жастардың бүгінгі сұранысын ескеру маңызды және бұл баян­дама еліміздегі жастардың дамуындағы негізгі трендтерді көруге мүмкіндік береді», деді Мәдениет және ақпарат министр­лігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов.

Талқылау барысында қатысу­шы­лар облыстық және респуб­ли­ка­лық деңгейде жастарға қатысты жүзеге асырылып жатқан жобаларды ғылыми-сараптамалық тұрғысынан күшейту қажет деген шешімге келді. Сарапшылар жаһан­дану кезеңінде жастардың шыңдалуы мен өзін-өзі дамытуға жағ­дай жасау маңызды екенін еске ­салды.

«Ұлттық баяндама – жас аза­маттарға қатысты саясатты іске асыруға арналған бірегей және іргелі құжат. Бұл баяндама жастардың арасындағы түйт­кілді мәселелерді анықтауға, ал­да­ғы уақытта жастармен қалай жұ­мыс істеу керек екеніне қажетті ақпа­раттарды ұсына алады. Мәсе­лен, жергілікті атқарушы органдар өзінің аумағындағы жас­тар­мен жұмыс істеу кезінде осы ұлт­тық баяндамада көрсетілген ұсы­нымдарды қолдана отырып алдағы саясатын түгендей алады», деді «Жастар» ғылыми зерттеу ор­талығының директоры Айсұлу Ерниязова.

Сарапшылар 3 әлеуметтік тақы­рыпта зерттеу жұмыстарын жалғастыра береді. Әсіресе құн­дылықтарға басымдық қоя­ды. «Қа­зақстан жастары – 2024» ұлт­тық­ баяндамасын әзірлеушілер волонтерлік қозғалыс 1,5 есе арт­қанын айтады. Оны қазіргі ел­дегі төтенше жағдай тұсында жас­тардың күн-түн демей халықтан қаржылай әрі гуманитарлық көмек жинастырып, қара жұмысқа да жегіліп, бөгет тұрғызып жатқан белсенділігінен-ақ көруге бола­ды. Соңғы дерек бойынша су тас­қы­нымен күресіп жатқан аймақ­тарда 25 мың волонтер жүр.

Айта кетерлігі, ЮНЕСКО 2030 жылы әлемде 1,3 млрд жас өмір сүретінін болжап отыр. Жаһандық сарапшылар жастардың елдің дамуына да, кері кетуіне де ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Яғни қазіргі 35-ке дейінгі азаматтарымыздың мүдделері мен дағдылары эконо­микаға айтарлықтай әсер етеді.

«Brif research group» зерт­теуі­не сүйенсек, жастар қарым-қатынастың дәстүрлі әдістерінен біртіндеп алшақтап, әлеуметтік желілерде өздерін көрсету ар­қылы шығармашылық бағыттағы ма­мандықтарды жиі таңдап жүр. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары еңбек нарығында үш негізгі санат барын айтады. Аға буын, белсенді жұмыс күші және жаңа жұмыс күші. Соңғысына 1997 жылдан 2012 жылға дейін туған адамдар, яғни «Z» буыны кіреді. Оларда онлайн оқытуға деген ұм­тылыс көп және икемді жеке кесте бойынша жұмысымен ерек­шеленеді. Платформалық жұмыспен қамту, қашықтан еңбек етуді, фрилансты енгізген де осылар. Яғни жастардың бір бөлігінің өнімді еңбекке тартылмауы олардың сатып алу қа­білетін төмендетеді. Бюджетке салық түспегенімен, әлеуметтік міндеттеме түріндегі салмақ көбейе түседі. Демек жастармен жұмыс істеуде арнайы стандарттар әзірлеу қажет. Себебі «Х» ­немесе «Ү» орта және аға буынға қолайлы болған экономи­ка­­­­­лық жүйе «Z» және «альфа» жас­тар мен жасөспірімдерге сәйкес келмейді. Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова осындай пікірде.

«Нарық пен экономиканы әзір­­леу тетіктері адам ка­пи­та­­­лы­на негізделуі керек. Әлсіз эко­­но­микалық ортада демогра­фиялық тұрғыдан балалар мен жастар үлесінің көп болуы әлеуметтік шиеленісті күшейте түсуі мүмкін. Қоғамдағы бұл үдеріс адам капиталы сапасының төмендегенін білдіреді. Оны демографиялық тұрғыдан қар­қынды дамып келе жатқан өңірлерден айқын бай­қауға болады», деді ол.

Бүгін қоғамда жастар арасында нашақорлық пен лудомания мәселесі де өзекті. Азаматтар бірауыздан мұның бәрін шешуге кешенді, жүйелі жұмыс жүргізу керек екенін алға тартты. Жиында «Қазақстан жастары – 2024» ұлттық баяндамасы биыл күзге жақын дайын болатыны жөнінде айтылды.