Тұлға • 12 Сәуір, 2024

Қара тастан халық әніне дейін

133 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аспан мен жер, өмір туралы әуелі ертегілер мен аңыз-әңгіме, жыр-дастандардан естіп барып қиялдай бастамай ма ол кездің баласы? Туа сала есеп-қисаппен бас ауыртып, формулаға көзі түсетін бала әлі де кем де кем шығар. Ал халықтың ұлттық танымы мен рухани қазынасына қанып, уызында жарып өскен баланың таным-түсінігі, ойлау жүйесі анағұрлым кең, ғылыми пайымдауының ауқымы шексіз қалыптасарын Қаныш Сәтбаев өмірінен аңдауға болатындай.

Қара тастан халық әніне дейін

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Геолог ғалымның шығар­ма­шылық мұрасына көз жібер­сең, бірде әдебиетші, өнер­та­ну­шы, бірде фольклоршы, этнограф сияқ­ты көрінеді. Шындығында, Қаныш бо­йындағы қасиеттерді тізбелей берсе, бір адамның бойына осының бәрі қалай сыйған демеуге қоймайды. Ақыры әлгіндей артық қасиеттердің бәрі академик есімін жерге «сыйғызбай» аспанға бір-ақ көтерген жоқ па? 1979 жылы ғалымның 80 жылдығына орай В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика инсти­тутының ұсынысы бойынша, Марс пен Юпитер аралығында Күнді 3 жылда ай­нала қозғалатын кіші планетаға АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Халық­ара­лық планета орталығының шешімімен Сәтбаев есімі берілгені белгілі. Сөйтіп Сәтбаев ғаламшары планеталардың халық­аралық каталогіне 2402 нөмірімен еніпті. Осылай айтып қана қойсақ, басқаға қай­дам, біздің елге олқы түсер ме еді, егер ақын Хамит Ерғалиевтің «Ғарыштағы Қаныш» балладасы жазылмағанда.

«Құдайлығын тіріде құндайды Алып,

Бұл дүниеде қалыпты кім байланып.

Данышпанның талайы тасқа айналса,

Біздің Қаныш ұшып жүр Күнді айна­лып»­ дегенде Хамаң ғарыш әлемін зерт­теу­шілердің «Сонау бойлық пен сонау ендік аралығында, Күннен пәлендей қа­шықтықта Сәтбаев планетасы ұшып бара­ды» деп мәлімдеме жасайтынын білген-білмегенінен хабарымыз жоқ. Хамаң Қаныштай алыптың, оны туған халық­тың да бағасын дәл беріп, айна­ ­қа­тесіз сурттейді:

«Басы бейне әлемнің жарығындай,

Қасиетін қалмаған жан ұғынбай.

Жүрегімен тірлікте жүруші еді,

Тау-тасыңды жаңғақтай жарып ыңғай.

Кең жазықта қыран мен киік еді

Оны туған, жан сүтін иігелі.

Бітімінде тұлғасы, екі иығы,

Беделіндей елімнің биік еді» деп қоя салады.

Ал Сәтбаевты тани түсуге тал­пын­ған­дар Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты ғұмырнамалық деректі романын оқу керек шығар. Онда ырысы шалқыған Имантай би перзентке зар болып жүргенде көрген түсі туралы аңыздың ақиқатқа айналғанын, Құрмантай абыздың батасы текке кет­пе­генін көреміз. Ибраһимнен Абай атал­ғанындай, Ғабдулғаниден – Ғани, Ғаниден Қаныш деп аталған болашақ тұлға туралы аңыз тумай жатып көшкенінің өзі тегін емес қой. Ел аузында сақталған сондай әңгіменің бірі Сәтбайдың Имантайы мен Мұсаның Сәдуақасына байланысты айтылады. «Заманында Сәдуақас пен Имантай арасынан қыл өтпейтін дос-жар екен. Бірде екеуі ел аралап жүріп Қуандық ішінде қасиет қонған Әлімшайқы дейтін кісінің үйіне түседі. Қадірлі қонақтарын ақсақал қой сойып күтеді. Былбырап піскен ет, сапырулы сары қымыз, мол дастарқан басында әңгіме-дүкеннің көрігі қызады. Осы екі ортада сырттан ентелей кірген төрт-бес жасар ер бала қолына ұстаған кір қожалақ екі бауырсағын дастарқанға атып жібергенде, онысы Сәдуақастың алдындағы қымыз толы шараға топ ете қалады. Задында тәкаппар, кірпияз Сәдуақас Имантайға жалт қарап, «мен саған төресі жоқ үйге түсір дегенім қайда?» дейді. «Маған басқа ыдысқа жаңалап құйып беріңізші» деп шараяғын қымыз үлестіріп отырған келіншекке қайтадан ұсынады. Имантай болса, оны орта жолдан өз шарасына қотарып алып, екі бауырсақты асап жеп, қымызын ішіп қояды. Мұның бәрін Әлімшайқы байқап отырады. Ас желініп, бата жасалып, қонақтары аттанар сәтте оларды тоқтатқан Әлекең қарт «әй, Сәдуақас шырағым-ай, сәби періште емес пе еді? Сол ұсынған бақты басқа тепкендей болдың-ау… Енді саған біткелі тұрған шекесі торсықтай екі ұл мына Имантайға бұйырады. Әумин!» депті. Айтқанындай-ақ, қарияның батасы қабыл болып, болжамы да дәл келеді. Көп кешікпей қосағы Әлима бір қыздан соң Бөкеш пен Қанышты туады» дейді ел ішіндегі бір әңгіме.

Қазақ даласының кен байлығы қандай толассыз болса, ғалымның кеудесі мен зердесіне біткен ұлттың рухани қазынасы одан да асып түсіп жатқанын аңғару қиын емес. 1926 жылы Мәскеуде жүрген Қаныш Сәтбаев қазақ ән-күйін жинастырушы А.Затаевичке жиырма бес халық әнін ұсынып, домбырамен нақышына келтіріп орындап берген. Онымен қоймай, өзі ұсынған әрбір ән мәтінін орыс тіліне тәржімалап, шығу тарихына қатысты құнды деректер қосып, толықтырған. 27 жастағы жасқа бұл аз байлық емес. Өмір бойы әншілікті мұрат тұтып, сонымен айналысқан жан болмаса, басқа саланы күйттей жүріп, мұнша ән ұсыну – үлкен көрсеткіш. Ән мен күйде шекара жоқ қой, алайда сіз осы елдің баласы бола тұра, халқыңыздың қанша әнін сөз-әуенімен қоса толық біліп, айта алатыныңызға көз жеткізіп көрсеңіз де жеткілікті шығар. Ол туындылардың шығу тегі мен тарихына қатысты әңгіме тіптен бөлек. Бұған қоса академик ұлт өнері мен мәдениетіне із қалдырған әндердің табиғатына бойлап зерттеу еңбектер ғана емес, «Обаған» атты новелла да қалдырған. Қазақтың біртуар әншісі Әміренің орындаушылық шеберлігі, Исаның толғаулары туралы да қалам тербеген. Бұл – қазақ даласының кен байлығын түгендеп, индустрияның орнығуына орасан зор ықпал еткен ғалымның сегіз қырының біреуі ғана. Ғұламаның геолог, минерологтігі, металлогения ғылымын жасаушы ретіндегі еңбектерінен бөлек, қазақтың әні мен жырын, әдебиеті мен тілін, тарихын зерделеген еңбектерінің әрқайсысы жеке-жеке зерттелуге тиіс қой. Қаныш тапқан қара тастан халық әніне дейін өзінің атына берілген ғаламшар мен жер аралығындай кеңістік игерілмей бос жатқан жоқ па?

Ой мен жүрек деп жалпы атап жатады жұрт. Абай «бір тәуір дос: тым-ақ керек, ойы мен тілі бөлінбес» дейді. Бү­гінде ойы мен тілі бөлінбейтін адам табу ту­ралы әңгіме айту... Ал Қанышқа келсек, мынадай мысал еске түседі. Бірде бұл кісі Қарсақбайдан тікұшақпен ұшып бара жатса, қой бағып жүрген бір қазақ етек-жеңі жалбырап, соңынан шапса ке­рек. Оны көрген ғалым тікұшақты тіз­гін­деушіге «тоқта, ана қазаққа бірдеңе бол­ды ғой деймін» десе, жүргізуші «мына жер­ге қону мүмкін емес» депті. Қанекең «қа­лайда тоқта, анаған бір нәрсе болды, дала­дағы қазақ текке шаппайды» деп қой­май қондырады. Жерге қонысымен Қане­кең түсе сап барып сұраса, әлгі қой­шы «ә, жай, тікұшақты қызық көріп шап­қам» депті.

Солай... Жаны ашыған адам осы Қа­ныш сынды мейлі көкте жүрсе де, қандай ман­сап иесі болса да, қалайда түсудің жо­лын тауып, қол ұшын береді. Сондай жү­рек иелері ғана кейін өмірден өтсе де, ғалам­шар боп халқын көктен айналып жүреді.