Тарих • 12 Сәуір, 2024

Ұлылардың ұғысуы

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шапық Шөкин бастаған отандық ғалымдар 1949-1958 жылдары Орталық Қазақстанды сумен қамтама­сыз ету мәселесін Ертіс өзенін бұру негізінде шешуге болатындығын дәлелдеді. Бұл идеяға түрткі болған Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев еді.

Ұлылардың ұғысуы

Бүкіл республика бо­йынша су қорының небәрі 7 пайызы ғана Сарыарқа даласына тиесілі екенін естіген Қанағаң айран-асыр болыпты. Ойпыр-ай, бұл қалай? Республика отынының 70 пайызын беріп отырған еліміздің орталық бөлігінде осыншама су тапшылығының болуы жағдайды қиындатады ғой. Бұл екі көрсеткіштің арасалмағын теңестірмейінше жер байлығын ел игілігіне ұсыну мүмкін емес. Сәтбаев осы тұста отандық ғалымдардың алдына болашақта «Ертіс – Қарағанды» аталған су арнасын салу мәселесін қойды. Бұған жергілікті гидрологиялық институттың көбі қарсы болып, жерасты суларын алуды ұсынады. Талас-тартысқа толы күндерде Энергетика институтының директоры, қазақтың тұңғыш энергетика ғалымы Шапық Шөкин Сәтбаевтың алдына есебін жайып салады. «Водо­канал­проект» мекемесі салмақ­шы болып отырған су қойма­сы ең мықтағанда жылына 585 млн текше метр су беруге қабілетті. Ал Орталық Қазақстан өндірісіне кем дегенде 2-2,5 млрд текше метр су қажет. Осы дәлелдемесінен кейін канал құрылысына қарсы болғандар үнсіз қалды. Қаныш Имантайұлының тапсырмасы бойынша Ш.Шөкин қазіргі су арнасының жобасын әзірледі. Ондаған жыл бойы қазақтың қос мықты ғалымы бұл жобаны ақылдаса отырып, жетілдірді.

Мынау суретте бейнеленген қос алып – Сәтбаев пен Шөкин 1957 жылы Алматыда түсіпті. Бұл фотосуретті жақында Бұқар жырау атын­дағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері өңірлік Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінің қорынан тапты. Тау тұлғаның шәкірті атанған Ш.Шөкин Сібір өзендерін Қазақстан мен Орта Азияғa бұру мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған алғашқы ғалымдардың бірі екенін айтып өткен абзал.

 

Павлодар облысы