Осылайша, төтенше жағдайдағы Атырау облысына 3 «КамАЗ» жүк көлігі, 1 жеңіл автокөлік, құрал-саймандар (күрек, балта, сүймен және т.б.) жіберілді. Оның ішінде шатырлар, кереуеттер, шамдар, құтқару кеудешелері, резеңке етік, 5 мың қап, дәрі-дәрмек бар.
Мегаполистің Алмалы ауданының комьюнити орталығы базасында ашылған қабылдау пункті 29 наурыздан бастап жұмыс істеп жатыр. Күн сайын алматылықтар зардап шеккен аймақтарға қарайласу үшін бірінші кезекте қажетті заттарды әкеліп жатыр. Бұл бастамаға қарапайым қала тұрғындарынан бастап, кәсіпкерлер, белсенді жастар да атсалысып отыр. Осының нәтижесінде 6 күннің ішінде 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналса, оның ішінде 2,5 тоннадан аса киім, 1 тоннадай гигиена құралдары, 3,5 тоннадан аса азық-түлік, тұрмыстық заттар, т.б. бар.
Осы күндері гуманитарлық көмектерді қабылдау пунктінің жұмысына қаланың 30-дан аса волонтерлік ұйымынан 100-ден аса ерікті жұмылдырылды. Өз кезегінде Жастар саясаты басқармасы игі іске атсалысқан алматылықтарға алғыс білдіріп отыр.
Гуманитарлық көмек қабылдау пункті апта соңына дейін Алмалы ауданы, Байтұрсынұлы көшесіндегі 22/1 мекенжайында жұмысын жалғастырады. Қабылданатын гуманитарлық көмек түрлеріне азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек, медициналық керек-жарақтар мен киім-кешек, күнделікті қажетті көрпе, жастық, ұйықтайтын қап, шаруашылық тауарлары сияқты дүниелер жатады.
АЛМАТЫ