– Камиль Ерғалиұлы, Ғылым қорының қазіргі және соңғы нәтижелері қандай, көрсеткіш көңіл көншіте ме? Әңгімені осыдан бастасақ.
– «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданған сәттен (2016, 2017 және 2018, 2022, 2023 жылдары) бастап 5 конкурс өткізілді. 1742 өтінім түсіп, 310 шарт жасалды, 280 жобаға қолдау көрсетіліп, 155 өндіріс құрылды, оның ішінде 16 жоба экспортқа шықты. Бүгінде 137 жоба жүзеге асу сатысында. Былтырғы жылдың соңында сатылымнан түскен табыс 33,7 млрд теңгені құрады. Бюджетке салық төлемдері түрінде 7,8 млрд теңгеден аса қаражат түсті. Жеке кәсіпкерліктен, яғни инвесторлардан ғылымға көлемі шамамен 9,7 млрд теңге қаржы тартылды. Жобамен 1700 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.
– Министр жыл басында бізге берген сұхбатында қордың «Horizon Europe» ғылым және инновация бойынша Еуропалық одақ негіздемелік бағдарламасының еліміздегі ресми Ұлттық үйлестіру орталығы ретінде айқындалғанын айтты. Бұл бағдарлама ғалымдарға не береді?
– Аталған жауапкершілік әрі мүмкіндік Ғылым қорына 2023 жылғы сәуірден бастап берілді. Бұл бағдарлама – ғылыми зерттеу және инновациялық қызметтің кең ауқымды бағыттарын қамтитын Еуропалық комиссияның ғылыми-инновациялық жобаларға деген мемлекеттік тапсырысы. Бағдарламаның бюджеті (2021-2027 жылдар) шамамен 100 млрд еуроны құрайды. Еуропалық одаққа кіретін елдер аясындағы ұйымдар, оның ішінде қауымдастырылған елдер, сондай-ақ Қазақстан сияқты қауымдастырылмаған ел осы тапсырысты орындаушы бола алады. Бағдарламаға қатысу халықаралық қаржыландыруды тартып қана қоймай, сонымен қатар жаһандық проблемаларды шешуге, озық технологияларды бірлесіп әзірлеуші болуға мүмкіндік береді. Дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей, халықаралық ынтымақтастық ғылым мен инновацияларды басқару жүйесіндегі міндетті аспект саналады. Осы тұрғыда біз өз механизмдерімізді ғылым және инновациялар бойынша ЕО Негіздемелік бағдарламасы сияқты үздік шетелдік тәжірибелермен, бағдарламалармен түйістіру бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз.
– Ғалымдар аталған халықаралық бағдарламаға қалай қатыса алады?
– Бағдарламаға қатысу шарттары гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, технологияларды коммерцияландыруға арналған гранттар секілді біздің мемлекеттік қаржыландыру тетіктерімізге ұқсас. Бұл да конкурстық құжаттамадан, белгілі бір талаптардан, өтінімдер нысандарынан, жобаларды беру әрі іріктеу үдерісінен тұрады. Аталған халықаралық бағдарламаға бизнес және өнеркәсіптік ұйымдар, сондай-ақ стартаптар қатыса алады. «Horizon Europe» зерттеулер мен инновацияларды, әсіресе өндіру және өңдеу, алмастыру және қайта өңдеу бойынша жаңа технологиялар саласындағы, соның ішінде төмен көміртекті технологиялар мен үдерістер саласындағы зерттеулерді қолдауға бағытталған. Мұнда негізінен білім драйвері ретінде жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарының халықаралық ұйымдармен ықпалдасу міндеттеріне басымдық беру керек. Бұл үшін халықаралық деңгейде өзектілігі бар жобаларды талдау, іріктеу қажет. Халықаралық бағдарламаларға бірлесіп өтінім беру үшін серіктестермен ынтымақтастықты дамыту керек. Одан басқа, білікті кадрларды тартып, ұйымдарды халықаралық гранттарға қатыстыру талаптарын қоя отырып, оларға жағдай жасаған жөн.
– Ғалымдар ғылыми жобасын өндіріске енгізу үшін қаржылай қолдауға зәру, ал елімізде қаражатын салатын сәтті жобаларды іздеп жүрген инвесторлар да баршылық. Қор осы екі тараптың арасында алтын көпір бола алуға тиіс секілді. Осы міндет қалай орындалып отыр?
– Жақында «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» өтті. Статистика бойынша реакторларға қатысатындардың 50 пайыздан көбі ғылыми және ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыру конкурсына қатысады, ал біразы Ұлттық Ғылыми кеңестің іріктеуінен сәтті өтеді. Демек, осы алаң ғылым мен бизнесті тиімді интеграциялайды, бизнеске бағытталған экономиканың қолданбалы ғылыми жобаларын жасауға мүмкіндік береді. Реакторлар құрылыс, медицина, тамақ өнеркәсібінен бастап жер қойнауын пайдалануға дейінгі әртүрлі саланы қамтиды. Мұнда әр қатысушы өздерінің ғылыми әзірлемелерінің коммерциялық құндылығын әлеуетті бизнес-серіктестерге жеткізіп, дәлелдеп шығуды көздейді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар ғылыми жобалар туралы питчтерді (баяндамасын, ағылшынның «speech» – сөйлеу сөзінен алынған – А.Ш.) тыңдап, ғалымдармен бірлесіп 350 млн теңгеге дейін грант алу конкурсына қатысу мақсатында келісімге келеді.
– Реакторлар ұйымдастырудың нәтижесінде қаржыландыруға ие болған қандай жобаларды атай алар едіңіз?
– 2022-2023 жылдары «Ғылым» қорының онлайн-питчтеріне қатысуға 40 жоғары оқу орны мен отандық ғылыми зерттеу институтынан 300-ден аса өтінім түсті. Оларға қоса жеке R&D орталықтары өкілдері, өнертапқыштар да қатысты. Бұл – қаржылық емес қолдау шарасы. 190 жоба онлайн-питчтерге қатысты, оның 63-і «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» диалог алаңдарында таныстырылды. Қатысушылар онлайн-питчтерде әлеуетті бизнес-серіктес, инвесторларға жобаны пысықтау және әзірлеу мақсатында «Ғылым» қоры мамандарына коммерцияландыруға дайын аяқталған ғылыми жобаларын қорғайды. Онлайн-питчтердің қорытындысы бойынша үздік жобалар «Технологияларды коммерцияландыру реакторында» ұсынылады. «Бизнес-серіктестер» клубы немесе сол онлайн-питчтер аясында қолдау алған жобалар арасында: лиофилизация әдісімен фермерлік өнімді жоғары тиімді өңдеуге арналған мобильді қондырғылар; өсімдік майларын қалпына келтіру және тазарту өндірісін ұйымдастыру; қатты шырғанақ майы мен энтеросорбент алу технологиясын әзірлеу; «Софмая» түйе сүтінен жаңа сусын жасау өндірісін ұйымдастыру және коммерцияландыру; жылыту жүйелеріне арналған энергия үнемдейтін электр қазандықтарын өндіру; мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автокөлікті бейімдеу; жақсартылған пайдаланушылық сипаттамадағы полиэфирлі шайырлар негізінде лак бояу материалдарының өндірісін құру; микрокапсулярлық өртті сөндіру стикерлерін дайындау; мультизлак шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін өндіру бағытындағы жұмыстар бар. Бұл жобалардың жалпы құны шамамен 9,3 млрд теңгені құрады.
– Жақында өткен реактор қорытындысы қалай? Инвесторларды қызықтырған жобалар бар ма?
– Бұл реактор құрылыс және жол-құрылыс саласындағы жобаларға арналды. Мұнда инвесторлардың қызығушылығын оятқан инновациялық өнімдер қатарында құрылымы күрделі топырақтағы құрылыс алаңдарын инженерлік-геологиялық зерттеу барысында геоақпараттық базаны қолдану технологиясы, дірілсіз технология бойынша темір-бетон бұйымдары, қағылатын темір-бетон қадалар, құрылыс алаңдарын діріл акустикалық мониторингілеу жүйесі, тегіс еден тақталары, беріктігі мен көтергіштігі жоғары қадаларды өндіру технологиясы, жол белгілеріне арналған органикалық еритін бояу, құрамында күкірт болатын құрылыс материалдары туралы жобалар бар. Құрылыс алаңдарын діріл акустикалық мониторингілеу жүйесін әзірлеу жөніндегі жоба авторларының бірі Елбек Өтепов жылу карталары түрінде географиялық ақпараттық жүйеде динамикалық визуализация жүргізуге және қаланың инфрақұрылымына интеграциялауға мүмкіндік беретін жүйені таныстырды. Ал Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің техникалық ғылымдар магистрі Елнұр Мадиярова ұсынған дірілсіз технологиясы бойынша жаңа темір-бетон бұйымдары – жылу трассасының науасы, суару және арық науалары дайындалатын болды. Осындай бұйымдарды қолданған кезде арматуралық қаңқа және төсеме бөлшектер жылыстап кетпейді, бетон қоспасы біркелкі болады, соның нәтижесінде ақаулар болмайды, бұл экологиялық таза өнім саналады әрі дірілдің теріс әсерін болдырмайды. Таныстырылған тағы бір әзірлеме тұрғын үй құрылысында қағылатын темір-бетон қадалар өндірісіне қатысты. Оның артықшылығы – қадалардың көтергіштік қабілетінің зор болуында, темір-бетон шығын азайта алатынында. Мұндай қысқа қадаларды қолдану жұмыс барысында төмен копер (құрылыс көлігі) қондырғыларын және шағын көлемді көлікті пайдалануға мүмкіндік береді. Осы коммерцияландыру реакторына 100-ден аса ғылым мен бизнес өкілдері, атап айтқанда, Қазақстан құрылысшылар одағының, «KZ Stroyexpert» ЖШС-ның, «QazGem» Қазақстан цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының, Қазақстан құрылыс қауымдастығының, Қазақстан автоклавты газдалған бетон өндірушілер қауымдастығының өкілдері қатысты. Нәтижесінде, ғалымдар мен бизнес өкілдері арасында ынтымақтастық және жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы алдын ала келісімдерге келді.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»