Тарих • 12 Сәуір, 2024

Америкалық инженер Нэлсон Фэлл қазақ даласы туралы не жазды?

390 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Сұлтан Жәңгірдің төрт мың жылқысы бар, Жұмабек сұлтанда екі мың, ал Адам байда үш мың жылқы бар, ал сіз бес-ақ жылқым бар дейсіз! Сонда неше қойыңыз бар?»

«Менің қойым жоқ», деп жауап бердім.

-  Әй!.. Басқа түліктеріңіз көп болар?

- «Екі сиырым бар», дедім».

Америкалық инженер Нэлсон Фэлл қазақ даласы туралы не жазды?

Бұл сонау 1916 жылы Нью-Йоркте жарық көрген америкалық инженер, қаламгер Нэлсон Фэллдің кітабындағы автор мен қазақ байы Құрман байдың арасындағы диалог. «Орыс және көшпелілер» атты бұл кітаптың авторы 1902 жылдан 1908 жылға дейін Лондон тау-кен компаниясының жұмысын басқарған білікті маман болған. Сосын ол 1903 жылы Қазақ даласының қақ ортасында, Есіл өзенінің жоғары бастауында, екі жүз мыс кеніштерін, көмір шахталарын және балқыту жұмыстарын сатып алғанын осы кітабының алғысөзінде жазады.

р

Автор кітабында «қазақ» атауының бұрын «қырғыз» аталып кеткеніне түсінік бере келіп, қазақтың ұлан-байтақ даласының өзіне тән ерекшеліктері бар көріністерін, сол кезде қоғамдық орны өзгеше қазақ байларының аты-жөнін атап, суреттерін кітабында жариялайды.

л

«Алты жыл бойы қазақ даласында тұрсам да, олардың қымыз сақтайтын сабасына қарауға ешқашан батылым бармады». Бұл сөйлемдерден 1900 жылдардың басындағы қазақ өмірінің бейғам көріністері көз алдымызға келеді. «Шәйдан кейін қымыз келді. Самауыр жанып тұрған тезекпен қыздырылады, ал түтіннің ащы иісі қышқыл сүт пен ащы ірімшікпен үйлесім тапқандай».

ж

Ал өткен ғасырда қазақ даласындағы ең ірі сауда жәрмеңкесі туралы да бұл кітапта қызықты деректер айтылған және сол жәрмеңкедегі киіз үйдің суреті қоса берілген.

«Қояндының басты ерекшелігі - ірі қара мал, қой және жылқы екенін айтқым келеді. Қоянды үлкен көлдің жағасында орналасқан, оның жағалауы толқындармен тұндырылған тұзды сумен көмкерілген. Аталған жәрмеңке Баянауыл мен Қарқаралы арасындағы пошта жолының бойында, Омбыдан оңтүстікке қарай 200-300 шақырым жерде», деп жазады.

Аталған кітаптың құндылығы сонша, кезінде қазақ қоғамына үлес қосқан байлардың аты аталып, сол кездегі бейнелері кітапқа енгенінде болмақ.

«907 жыл. Біз кеңсеге жеткенде, Rucker бізге сырт киімімізді шешуге де мұрса бермеді, төтесіне сұрақ қойып:

- Сұлтан Хасен Ақаев деген кісінің қайтыс болғанын естідіңіз бе?

- Жоқ! Қашан қайтыс болыпты?

- Кеше Топордағы қыстауында, осы жерден қырық мильдей алыс.
- Оны қайдан естідің?
- Қырғыз телеграфынан естідім».
«Сұлтан Хасен Ақаев сияқты байдың опат болуы қырғыз даласындағы маңызды оқиға болды».

Нэлсон Фэлл осыдан кейін ат үстіндегі халықтардың әрбір оқиғаның ауыздан-ауызға, ауылдан ауылға жылдам әрі сенімділікпен таралатынын тілге тиек етеді.

Кітаптың келесі беттерінде Ақаев сұлтан қайтыс болғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде бұл хабарды екі жүз мильдік қашықтағы адамдардың бәрі естіген болуы мүмкін екенін қосады. Бір сөзбен айтқанда, 108 жыл бұрын жарық көрген бұл кітаптың қазақ мәдениеті мен руханияты үшін берері мол екені даусыз.