Қоғам • 14 Сәуір, 2024

Елімізде 4,8 мыңнан астам үй әлі де су астында

122 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш еліміздегі су тасқыны жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде 4,8 мыңнан астам үй әлі де су астында

Фото: aikyn.kz

«Су тасқыны кезеңі басталғалы 107 119 адам құтқарылды, оның 38 457-сі балалар. Уақытша орналастыру орталықтарында 7414 адам болса, оның 3173-і балалар. 11 674 адам үйлеріне оралды. 9,3 миллион текше метр еріген су сорылып, 1,9 миллион қап пен 1,2 миллион тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 35 339 адам мен 4 мыңнан астам бірлік техника жұмылдырылды», деді Ерасыл Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, осы сағатта 8 облыста 4870 жеке тұрғын үй, 1264 аула аумақтары және 2035 саяжай су астында қалып отыр, бұл Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары. 3 мыңнан астам тұрғын үй мен 2 мыңға жуық аула аумақтарынан су бұрылды.

Республиканың 8 облысында Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Ұлытау облыстарында 36 жергілікті төтенше жағдай тіркелді.

«Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды аса сақ болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, тиісті рұқсатсыз үйлері мен эвакуациялау пункттерінен шықпауға шақырады», деп еске салды Ерасыл Сайпаш.