Президент • 15 Сәуір, 2024

Ғылымды ойлаған мемлекет – мықты мемлекет

242 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ғылым және техноло­гия­лар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Президент аталған кеңестің отыры­сында отандық ғылымның өзекті мәселелері мен түйткілдер түйінін тарқату жол­­дары жөнінде баяндады. Жиынға Президент жанындағы Ғылым және технология­лар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, Үкімет басшысы Олжас Бектенов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.

Ғылымды ойлаған мемлекет – мықты мемлекет

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Ғылымды табиғи апатты болжауға пайдалану маңызды

Отырыста Президент Қ.Тоқаев алдымен 12 сәуір – Ғылым күнімен кеңес мүшелерін, отандық ғалымдарды құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Осы күннің академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуы­мен тұспа-тұс келгеніне тоқталды.

– Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздері­ңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды. Менің тапсырмаммен көптеген іс-шара өткізіледі. Біз, бір жағынан, ұлы ғалымға шынайы құрмет көрсетеміз. Екінші жағынан, білім-ғылым культін қалыптастыру жолын­да маңыз­ды қадам жасаймыз. Ең бастысы, еліміз Сәт­баев салған сара жолды жалғастыруы қажет. Біз ғылым туралы сөз қозғағанда, ең алды­мен, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі ойға ора­лады. Бұл – заңды­лық. Мемлекеттік мәр­те­бе­сін қайта иеленген Ұлт­тық ғылым акаде­миясы еліміз ғана емес, бүкіл әлем­нің ғы­лыми қауымдастығы мақтан тұта­тын Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз бай­ланысты. Бұл кездейсоқтық емес, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің негізгі бөлігін елдегі қазіргі ахуалдан, өңірлердегі су тасқы­нынан бастап, өңірлерде 80 жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатқанына тоқталды.

ми

Жалпы, ахуал – өте күрделі. Қазір Үкімет барлық қажетті шараны жедел қа­был­­дауда, тиісті тапсырмалар берілді, жағ­­дай бақылауда. Табиғаттың тосын мінезі­нен басқа да елдер зардап шегіп жатыр. Әлем­нің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тас­қыны жиіледі. Бір сөзбен айтқанда, жаһанд­ық климат өзгеріп, табиғи апат көбе­йіп кетті. 1980–1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010–2015 жылдары апаттың саны 3700-ден ас­қан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейген. Жартысына жуы­ғы – суға қатысты апаттар. Әрине, бұл – бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қа­тер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қам­тама­сыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – осы міндетті іске асырудың бірден-бір жолы. Әсіресе елімізде болып жатқан су тас­қ­ыны кезінде білікті мамандар мен ға­лым­дардың тапшылығы айқын сезіліп отыр.

– Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күн­де немесе бір жылда дамытып жібе­ру мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұ­мыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақ­станда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір инс­титуттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек. Ал су тасқынына орал­сақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз қажет. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халық алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс. Түптеп келгенде, Қазақ­станды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті. Кейінгі жылдары ғылым сала­сын дамыту үшін біршама жұмыс атқа­рылды. Ұлттық ғылым академиясына мем­лекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді. Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбей­ді. Озық ғылыми зерттеу инфра­құры­лымын қалыптастыруға қомақ­ты қар­жы бөлініп жатыр. Док­торантурада оқуға арналған білім грант­тарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылы­ми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерт­теуші­лерді қолдау шаралары күшейтілді. Нәтижесінде ғылыммен айналысып жүр­г­ен жастардың саны көбейіп келеді. Ай­ма­қтарда шетелдің жетекші университет­терінің филиалдары ашылды. Бірақ бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды.

– Еліміз тұрақты дамуы үшін өзге­ріс­терге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Бұл – стратегиялық міндет. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел эко­но­микасына жаңашылдық әкелетін маман­дарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз. Барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізу үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Сондықтан бірқатар өзекті мәселені назарға алуымыз керек. Бірінші. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтен­ше жағдайдың алдын алу ісінде айтар­лықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең ал­дымен – білікті мамандардың тап­шылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің баяндауынша, сейсмоло­гияны және сейсмикалық режімді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үшжылдық зерт­­теу жұмыстарына қаржы бөледі. Энер­гетикалық апатты, эпидемияны, қуаң­­­шылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты ми­нистр­ліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақ­тарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн. Яғни гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет. мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылы­ми қорытындыға сүйенуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Шешімдер әб­ден пысықталып, нақты негізделіп барып қабылдануға тиіс. Талдау жүргізіп, ахуал­ды болжау үшін ғалымдардың қолын­д­а, зерттеу орталықтарында қажетті құ­рал-жаб­дықтар болуға тиіс. Жоғарыда айтыл­ғандай, кейінгі жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт кө­бейді. Яғни жаһандық индустрияландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өз­геруіне тікелей әсер етіп отыр. Кейбір бол­жамға қарасақ, бұл үрдіс алдағы бес жыл­д­а әлем экономикасына шамамен бес триллион доллар шығын әкеледі. Сондық­тан қоршаған ортаны қорғау – біз үшін маңызды мәселенің бірі.

– ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы Алматыда құрылған Өңірлік гляцио­логия­лық орталық климаттағы өзгерістерді зерттеуге зор үлес қосып келеді. Ғалымдарымыз мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, селден және мұздақ көлдерден келетін қауіпке қарсы қорғанысымыздың осал тұстарын күшейту жолдарын да іздейді. Гляциологиялық орталықтың әлеуетін толық пайдалану қажет. Үкімет орталықты ғимаратпен қамтамасыз ету міндетін шешіп жатыр. Енді Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Гляциологиялық орталықтың қызметі туралы келісімді ұзарту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі оның мерзімі биыл аяқ­та­лады. БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақ­станда Аймақтық климат саммиті өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықаралық қоғам­дастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шө­лейттену, жердің тозуы сияқты проб­лемаларға аударуға мүмкіндік береді. Сам­митке дайындықты қазірден бастау керек. Бұл жиын өңірлік және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге төтеп беру үшін ғалымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қ.Тоқаев.

 

Экономиканы дамытудың ұстыны

Мемлекет басшысының айтуынша, ғылымдағы екінші мәселе – ғылым эко­номиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс. Ұлттық экономиканы индус­трияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ. Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химия­сы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор. Кеңестің бірінші отырысында Үкіметке ғылыми инс­титуттар мен университеттердің ресурс­тарын жұмылдыра отырып, ғылымның ашық әрі қолданбалы моделіне көшу жөніндегі кешенді шараларды іске асыру тапсырылған. Ғылыми жобаларда акаде­миялық сұраныстар ғана емес, ел дамуы­ның стратегиялық мақсаттары мен эко­номиканың қажеттіліктері де ес­ке­рілуі керек. Бұл үшін үздік халық­аралық тәжірибеге сүйене отырып, зерт­теу­дің нақты басымдықтарын айқын­да­у қажет. Ғылыми әзірлемелерді коммер­ция­ландырудың мәні зор. Мысалы, ғалым­дардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ климаттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, жолдарды жөндеу және салу үшін пайдалануға болады.

сми

– «Қарапайым заттар туралы ғылым» белсенді дамуға тиіс. Бұл үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді тетіктерін жол­ға қою қажет. Әкімдіктер жанынан осы бағыттағы міндеттерді шешуге ықпал ете­тін ғылыми кеңестер құрған жөн. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізу үдерісіне еліміздің бар­лық өңіріндегі ірі кәсіпорындар тартылуға тиіс. Мен ғалымдарымыздың өнімді қайта өңдеу деңгейін арттыруға қосқан нақты үлесін көрсететін бірқатар жобамен таныстым. Мұндай сәтті тәжірибені кеңінен тарату керек. Бұл іске барлық ірі өндіріс компанияларының қатысуы маңызды. Үкімет ғылым саласындағы шығындарға салықтық және инвестициялық жеңіл­дік­тер беру арқылы бизнесті ынталандыру­ды жалғастырғаны жөн. Отандық ғылым­ның алдында Қазақстан экономикасын декар­бонизациялауға байланысты маңыз­ды міндет тұр. Дамыған елдердің көбі жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды белсенді іске асырып жатыр. Сондай-ақ олар көміртегінсіз дамуға көшіп, жаңа экономикалық кластерлер құру үшін қажетті технологиялық әлеуетке ие. Бұл саладағы жаһандық үрдістер көшінен қалмау үшін бізге өз ерекшеліктеріміз ескерілген төл ғылыми әзірлемелер қажет,  – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы ретте жеріміздің қазба байлығы бұрынғыша еліміздің экономикалық өсімінің негізі болып қала беретінін естен шығармаған жөн. Сондықтан табиғи ресурстарды, соның ішінде көмірсутегілер мен сирек кездесетін металдарды өндіру саласына озық технологияларды енгізу керек. Сирек кездесетін металдарды іс жүзінде екінші мұнай деуге болады. Біз бұл әлеуетті өте тиімді пайдалануы­мыз керек. Көріп отырғанымыздай, сирек кездесетін металдардың төңірегінде геосаяси күрес жүріп жатыр. Бұл жерде мемлекеттің де, ғылымның да рөлі өте маңызды. Іздеу-барлау жұмыстарының нәтижелі болуына мән беріп, жаңа кен орындарын ашу қажет. Осы үшін геология ғылымын сапалы дамыту маңызды. Жалпы, бүкіл отандық ғылымның әлеуеті бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалануға және ғылымды қажет ететін жаңа секторларды кеңінен игеруге бағытталуға тиіс.

 

Цифрлық дәуір талаптары

Үшінші. Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет. Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналып жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің технология­лық және ғылыми-инновациялық дер­бес­тігін нығайту үшін бізге барлық мүм­кін­дікті пайдалану маңызды. Жасанды интеллектіні дамыту перспективасы зор. Кейбір бағалау бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ІЖӨ-нің 7 па­йызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады. Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады. Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, мәлі­меттер мен технологиялық инфра­құрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптас­тыру қажет. Сонымен қатар бізге жасан­ды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық ко­дексті әзірлеп жатыр. Бұл құжаттар атал­ған саладағы зерттеу жұмыстарына және әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға жағ­дай жасауы керек. Сондай-ақ бизнес пен жоғары оқу орындары үшін технология­лық инфрақұрылымдар мен мәліметтер база­сын қолжетімді етуге тиіс. Жасанды интеллек­­тіні адамзат игілігіне қызмет ету үшін дамыту маңызды. Сондықтан этикалық стандарттарды белгілеу, мәліметтерді қорғау және аталған саладағы киберқауіптің алдын алу ісіне ерекше мән берген жөн. Жасанды интеллектіні реттеу мәселесі бүгінде ұлттық және жаһандық деңгейде жиі талқыланады. Мысалы, жақында ЕуроОдақта (Artificial Intelligence Act) тиісті заң қабылданды. Цифрлық дәуір жаңа активтің, яғни деректердің пайда болуына ықпал етті. Олар жасанды интеллект пен машиналық үйренудің негізгі шикізаты саналады. Сондықтан мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты ұйымдардың деректер қорын интеграциялаумен белсенді айналысу керек. Күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін жақын арада елімізде жасалып, іске қосылатын суперкомпьютерлердің мүмкіндігін барынша жұмылдыру қажет.  

– Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді. Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында «Google» және «Huawei» сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өске­лең ұрпақтың жаңа цифрлық технология­ны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарын­дағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс. Жалпы, Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

 

Университеттерде ғылымды салаландыру

Президенттің пікірінше, төртінші мәсе­ле университет ғылымын және ғылыми инф­­рақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударуға қатысты. Кейінгі жылдары ғылым және орта білім саласында та­бысты реформалар жасалды. Бірақ тың өз­герістер жоғары оқу орындарынан кадр­лардың кетуіне әкеп соқтырды. Ғылыми атағы бар білікті оқытушылар жалақысы көп мектептерге және ғылыми ұйымдарға ауыса бастады. Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлік нақты шара қабылдауы қажет. Жалпы, университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отыр. Жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбек­теріне сілтеме жасау көрсеткіші өте тө­мен. Яғни 100 балдық жүйенің бір ба­лы­нан да ас­пайды. Университет ғылы­мын­да қор­д­алан­ған мәселелер аз емес. Беде­лді халық­аралық рейтингтерде көрсеткіш­тер­дің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек.

– Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді. Жалпы, университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Бюд­жет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажет. Ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек. Жалпы, еліміздегі жоғары білім саласын дамытуға тозығы жеткен инфрақұрылым да бөгет болып отыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғимараттары ескірген. Көбі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Бұлардың ішіндегі ең жаңа дегені – 1982 жылы бой көтерген Ақтөбе мемлекеттік университеті. Осы орайда, менің тапсырмаммен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынады. Басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғыр­ту керек. Университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажет, – деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, медицина ғылымында нәтижелі ізденістер бар. Қатерлі ісікке қарсы отандық ғалым Дос Сарбасов өзі ойлап тауып, таныстырған бірегей препарат – соның жарқын мысалы. Мұндай жобаларды жан-жақты қолдау керек. Ғалымның Қазақстанда клиникалық зерттеулер хабын құру жөніндегі ұсынысын ескерген жөн. Министрлік бұл мәселені зерделеуі қажет. Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады. Ғылым мен жоғары білім­нің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педаго­гикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құру тапсырылған. Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамытып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы осы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруы керек. Мұн­дай орталықтар көптеген елде табыс­ты жұмыс істейді. Бұл елдердің экономика құрылымында ғылыми инновация мен білім беру қызметтері экспортының үлесі зор. Өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін жас ғалымдар күшейте алады. Мұны дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Себебі олар мобильді әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Оларды өңірлік жоғары оқу орындарында еңбек етуге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыратын пәрменді механизмдер қажет. Жалпы, Үкімет бүкіл ел аумағындағы ғылыми орталықтар мен инс­титуттарды қолдап, дамыту үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдағаны жөн.

 

Сапалы маман әзірлеу деңгейі

Бесінші. Ғылымның кадрлық әлеуе­тін нығайту мәселесі өте өзекті. Сондай-ақ экономиканың маңызды салалары бо­йынша кәсіби мамандар даярлау жұмысын күшейту керек. Ғылыми жаңалықтың бәрі ғалымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Кез келген жетістік ең әуелі адамға, яғни адам капиталына тікелей байланысты. Сондықтан жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажет. Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет. Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек. Яғни оған ғылыми институттарда және ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандарды қосуға болады. Сондай-ақ ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет. Олардың зерттеу жұмысымен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Ғалымдар лайықты стипендия алуға тиіс. Шетелде тәжірибеден өткен азаматтардың ішінде докторанттардың үлесі – небәрі 1,6 пайыз. Бұл – өте аз. Үкімет олардың қатарын көбейту үшін нақты шаралар қабылдауы қажет, – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің айтуынша, еліміздің оқу орындарында білім алып жүрген азаматтардың арасында да докторант­тар­дың үлесі төмен. Осы орайда былтыр докторантураға жыл сайын 5 мың адам қабылдауға тапсырма бергенін айтты. Енді маман әзірлеудің тың тәсілдері керек. PhD-ді ғылыми әлеуеті зор және терең зерттеу жүргізе алатын білім ордалары даярлауға тиіс. Үкімет магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру қажет. Білікті мамандарды іріктеу, даярлау және олардың ғылым саласында қалуына жағдай жасау – өте маңызды мәселе. Грант санын арттырып, оның құнын көтерген кезде осы мәселеге баса мән беру керек. Алдыңғы жылы бір жарым мыңнан астам докторанттың небәрі 38 пайызы диссертация қорғапты. Олардың жартысына жуығы ғана ғылым саласында қалған. Ғылым докторларын дайындауға орасан зор қаржы жұмсалғанын ескерсек, көрсеткіш әлі де төмен. Президент Үкіметтің осы мәселені тыңғылықты зерделеп, ахуалды түзеу үшін қажетті шара қабылдауын тапсырды. Ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізуі қажет. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер өзара байланыса отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.

– Жалпы, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс. Мысалы, «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурс­тарын үнемдеу салаларындағы кадрлар­ға сұраныс айтарлықтай артып келеді. Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе. Ғылым және жоғары білім министрлігіне халықаралық стандарттар мен тәжірибені ескеріп, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырамын. Бұған қоса өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу қажет. Бұл мектептердегі білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалар өнеркәсіп­тің басым салаларындағы сұранысқа негіз­делуі керек. Білім саласы мен еңбек нарығын ұштастыруға ықпал ететін «Менің мамандығым – менің болашағым» жобасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жоба аясында Мамандықтар атласы әзірленіп, экономиканың құрылымы мен әр аймақтың даму үрдісі зерттеліп жатыр. Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын да­йындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру. Бүгінгі жиында шетелдік ғылыми орталықтарда табыс­ты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымыз­ды Қазақстанға қайтару маңызды деген пікір айтылды. Бұл ұсынысты қолдаймын және отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді. Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанын еске салды. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан, бұл жерде жалаң патриотизмге берілудің орынсыздығын айтты. Әйтсе де Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек. Өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады. Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуы­на тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ық­пал етеді. Мұны әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр. Халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. Ол үшін елімізде табысты еңбек етуге қолайлы жағдай жасау керек. Мемлекет, ғылыми қоғамдастық және бизнес арасындағы жасампаз серіктестік – отандық ғылымды өрге сүйрейтін негізгі шарт.

– Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты да­йындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын. Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін. Жалпы, білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет. Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес. Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

 

Суды сақтау және басқару бағдарламасы

Алқалы жиында Ғылым және технологиялар жөнін­дегі ұлттық кеңестің бірқатар мүшесі сөз алып, ұсыныс-пікірін ортаға салды. Соның бірі Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы­­ның президенті Ақылбек Күрішбаев ғылым басымдықтарын айқындаудың шынайы жүйесі әзірленіп жатқанын жеткізді.

– Академия табысты әлемдік тәжіри­бені ескере отырып, форсайттық зерттеулер, технологиялық болжау және экономи­каның нақты жай-күйін бағалау негізінде ғылымның басымдықтарын айқындаудың объективті жүйесін әзірлеп жатыр. Осы жұмысты үйлестіру үшін біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісімге қол қойдық, оның негізінде зерттеу тақырыптарын айқындау деңгейінде де, ғылыми жобаларды іске асыру кезеңінде де ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылының егжей-тегжейлі жол кар­тасы дайындалып жатыр. Әлем­дік тәжірибе көрсеткендей, ауыл шаруа­шылығын құрғақшылыққа бейімдеу, су ресурстарын интеграцияланған басқару, эко­логиялық проблемалар және т.б. сияқ­ты стратегиялық маңызды міндеттер (өз ғылыми құзыреттері жеткіліксіз жағ­дай­да)жетекші шетелдік ғалымдардың қатысуымен ірі Пәнаралық ғылыми жобаларды іске асыру шеңберінде ғана шешіледі. Академия осындай интеграцияланған ғылы­ми бағдарламаларды (мегагранттарды) әзір­леуге кірісті, – деді сала басшысы.

Академия президентінің айтуынша, бірінші бағдарлама Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласында заманауи биотехнологияны дамытуға бағыт­талған. «Бұл бағдарламаның жобасы ауыл ша­руашылығы дақылдарының өнімді­лігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Екінші бағдарлама суды сақтаудан бастап оны түпкілікті тұтынуға дейін суды басқарудың кеңістік­тік (географиялық ақпараттық жүйе негізіндегі) үлгілерін пайдалануға бағыт­тал­мақ. Осы жобаны әзірлеуге және жүзеге асыруға Су шаруашылығын модельдеуде көшбасшы саналатын Небраска-Линкольн университеті мен Калифорния-Девис университетінің (АҚШ) ғалымдарын тарту көзделіп отыр. Үшіншіден, жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында академия «Өңірлерге арналған өңірлердегі ғылым» бастамасын ұсынды. Бұл бастама аймақтық ғылымның дамуын, сонда бар ғылыми әлеуетті жергілікті атқарушы органдардың тиімді пайдалануын жан-жақты қолдауды көздейді. Қазір академия осы бастаманы тәжірибеде қанатқақты жоба ретінде пысықтау үшін бірнеше өңірді анықтап жатырмыз. Содан кейін пысықталған модель басқа аймақтарға таратылады», деді ол.

 

Сатып алу үдерісі ғылыми жұмысты тежейді

«National Laboratory Astana» ғылыми мекемесінің бас директоры, Америкада ширек ғасыр тұрып, елге еңбек етуге орал­ған бел­гілі биотехнолог Дос Сарбасов Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан әлемнің әр қиырында жүрген білікті ғалымдардың Отанына оралу үдерісін үйлестіретін ақпараттық орталық құруды ұсынды. Оның ойынша, мұндай орталық шетелдердегі ғалымдарымызды елге тарту­мен қатар отандық жас ғалымдардың шетел­­дік озық ғылыми зертханаларда 3 жыл­­­дық докторантурадан кейінгі тағы­лым­­­дама­ларын үйлестіре алар еді. Бұл – же­­тіл­ген ғалымдарды ең көп сұранысқа ие ғы­лыми бағыттарға дайындаудың тиімді жолы.

– Ғылым – бизнес емес. Ғылым – білімнің негізі және инновацияның қайнар көзі, сондықтан мемлекет ғылымды дамытудың негізгі демеушісі. Инновациядан өндіріске дейін, бұл – ұзақ және қауіпті жол, ал дамыған елдерде инновацияларды енгізуге негізінен жеке инвестор қатысады. Негізі венчурлық капитал қорлары инновацияларды енгізуді қаржыландырады және бұл модельді Қазақстанда да енгізу маңызды. Ғылыми қызметтегі елеулі жақсартуларға қарамастан, бірқатар проблема қалып отыр. Ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайса да, ғылыми жобаларды орындауда мәселелер бар. Оның негізгі себебі – баяу сатып алу үдерісі. Зерттеу үшін реактивтерді немесе керек-жарақтарды сатып алу үшін шамамен 2-3 ай қажет. Бұл ғылыми жобаларды іске асыруды айтарлықтай баяу­латады. Қалыпты ғылыми жұмыс үшін сатып алу 10 күннен аспауы керек. АҚШ-та әдеттегі жеткізу реактивін сатып алу небәрі 24 сағатты алады. Реактивтерді, шығын материалдарын, сондай-ақ осы тауарларды қайта сату немесе өндіру үшін пайдалануды көздемейтін ғылыми қызметке арналған жабдықтарды оңайлатылған және жылдам сатып алуға жағдай жасау үшін осы күрделі және созылмалы мә­се­лені шешу үшін Үкіметтік комиссия құру қажет, – деді Д.Сарбасов. Биологтің айтуынша, Қазақстанда ғылым бар және аталған сала белсенді дамып келеді. Әрине, елімізде фокус жоғары әсер етуді зерттеуге бағытталған. Бұл бағытта ғылыми үдерістерді жандандыру және инновация­ларды енгізуге Ұлттық ғылым академиясы да белсенді жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығындағы инновацияларды дамыту Ғылым академиясы жұмысының басым бағыты болып белгіленді.

– Мен жақында Ғылым академиясына шақырылдым және стратегиялық саладағы технологияларды, бидай өндірісін жақсарту мақсатында жұмыс тобы құрылды. Гек­тарына орта есеппен 11 центнер бидай алқаптарының үлкен аумағымен, елдің жалпы аумағының шамамен 5% компенс, жыл сайын шамамен 12 миллион тонна астық жинау үшін өтеледі. Мегагранттың кешенді бағдарламасын нақты мақсатпен, бидайдың құрғақшылыққа төзімді сорттарын іріктеу және алу арқылы өнімділікті 2-3 есе арттыру, ылғал ұстайтын топырақтанудың заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ тұқым шаруашылығын жақсарту мақсатында әзірлеген жөн, – деді Д.Сарбасов.

 

Жасанды интеллект және ғылым

Ал Astana IT University «Есептеу және мәліметтер туралы ғылым» департаменті­нің қауымдастырылған профессоры, PhD Бейбіт Әбдікенов жасанды интеллекттің игілігін көрудің нақты жолдарын ұсынды.

– Жылдам өзгеретін әлемде жасанды интеллект еліміздің азаматтарының өмірін жақсарту үшін зор әлеуетке ие. PwC (PricewaterhouseCoopers – мультинационалды профессионалдық қызмет түрлерін көрсететін фирма) PwC 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономикаға 15,7 триллион доллар әкеледі деп есептейді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллект индустриясын табысты дамыту үшін мемлекет тарапынан ғылыми әзірлемелерді қолдау қажет. Жасанды интеллекттің артықшылықтарын пайдалану өте маңызды және бұл үшін, біріншіден, университеттер жанынан индустриямен бірлесіп өнеркәсіп, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, материалтану, су және экология салаласында жасанды интеллект бойынша құзыреттердің тақырыптық орталықтарын құру керек. Екіншіден, жасанды интеллект технологиясын дамыту және енгізу қажет, бірақ жаңа технологиялардың пайда болуы үшін chatgpt ретінде іргелі ғылымды дамыту керек. Сондықтан зерттеу университет­терін­де жасанды интеллект бойынша іргелі зерттеу­лер орталықтарын құру қажет. Үшінші, деректер жасанды интеллект үшін қажетті отын саналады. Осыған байланыс­ты деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ету және барлық құқықтық, этикалық және техникалық аспектілерді реттеу қажет, – деді ғалым Б.Әбдікенов.

Халықаралық технологиялар бағы­тын­дағы маман, профессор Б.Әбдікеновтің айтуынша, төртінші қадам – өзгеру жылдам­дығын ескере отырып, біз алған білімді оқыту мен қолдану парадигмасын қайта қа­рауымыз керек. Бұл елдің адами капита­лын дамытудың негізгі факторы болады. Уни­вер­ситеттер мен ұйымдарда жасанды интел­лект бойынша жалпы білім беру курсын ен­гізу қажет. Өйткені бұл сала секунд санап да­мып келеді. Бесінші, жоғарыда кел­­ті­­ріл­ген ұсыныстар стратегиялық құ­жат­­­тарды құруды, заңнамалық базаны өз­гер­ту­ді және барлық мүдделі тұлғаларды үй­­лес­­­тіру­ді талап етеді. Бұл үшін Ұлттық ғы­лым және тех­нологиялар кеңесі жанынан жа­сан­­ды ин­т­еллект бойынша жұмыс тобын құру қажет.

Осы және өзге де кеңес мүшелерінің ғылымдағы түйткілдер мен шешімдері туралы ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі», деп қадап айтты.