Аймақтар • 15 Сәуір, 2024

17 жүк көлігі жолға шықты

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарғын судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберуді жамбылдық азаматтар кісілік парызы санап отыр. Ел басына түскен қиындықты бөлісуге ниеттілер саны күн өткен сайын көбейгені көңіл қуантады.

17 жүк көлігі жолға шықты

Фото: jambylinfo.kz

Еліміздің жеті өңіріндегі қарғын судан зардап шеккен ағайынға қолдау білдіру мақсатында Жамбыл облысынан гуманитарлық жүк артқан 17 жүк көлігі жолға шықты. Дерекке жүгінсек, әр көлік 20 тоннадан жүк артқан екен. Жүк көліктеріне киім-кешек, азық-түліктен бастап, өзге де ең қажетті заттар тиелген. Бұл – өңір тұр­ғын­дарының көмегі.

«Қарғын судан зардап шеккен өңірлерге жамбылдықтар тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмекті жіберуді жалғастырып жатырмыз. Мұндай қиын-қыстау кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың маңызды екені түсінікті. Елдік мәселені өңір басшысы Ербол Қарашөкеев тікелей өз бақылауына алып отыр. Гуманитарлық көмек санатына азық-түлік тауарлары, киім-кешек және өзге аса қажетті заттар енген. Шалғайдағы ағайын­ға қиын күндерде қолдау көрсетуге ниет білдіріп отырған әрбір азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл – су тасқы­ны­нан зардап шеккен өңірлердегі тұрғындарға жолдаған Жам­был облысы халқының гуманитарлық көмегі. Облыс әкімдігі жүк кө­ліктерінің шығынын мойнына алып, ұйымдастыру жұмыс­та­ры­на ғана атсалысып отырғанын айта кеткен жөн», дейді өңір басшысының орынбасары Әбілхайыр Тамабек.

Ә.Тамабектің айтуынша, гу­ма­ни­­тарлық көмек межеленген уа­қыт­та Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қа­зақстан, Қарағанды облыстарына жет­кі­зіл­мек.

«Жүк көліктерінің қауіпсіздігін мемлекеттік автоинспекторлар қа­дағалайды. Гуманитарлық көмекті бірінші кезекте өңір хал­қы­ның сын сағаттағы қолдауы мен жанашырлығы деп түсінген ләзім», дейді Ә.Тамабек.

Өңір тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қол­дау көрсету мақсатында әлі де болса жұдырықтай жұмылып, біраз істі тындыратын секілді. Өйткені бұл жұмысқа еріктілер де кірісіп кеткенін көріп отырмыз. Бұған дейін әулиеаталық волонтерлерден құралған топ гуманитарлық көмекті Ақтөбе қаласына жеткізіп берген еді.

 

Жамбыл облысы