Тұмса табиғаты талайларды тамсантқан Түрген шатқалында орналасқан «Тау-Жаңашар» жекеменшік балаларды сауықтыру орталығына барып, ондағы оқушылардың жай-күйімен танысып қайттық.
«Бұл лагерьге Орал қаласынан және Батыс Қазақстан облысының Сырым, Бөрлі аудандарынан 6 мен 9-сынып аралығындағы оқушыларды алып келдік. Ауылдарды су басқанда олар эвакуациялық бекеттер мен туыс-туғандардың үйлерін паналаған еді. Балаларға бұл жердің керемет табиғаты ұнап жатыр. Алғашқы күннен бастап жайлылық пен жүрек жылуын сезіндік», дейді жетекшілері Аружан Болатова.
«Тау-Жаңашар» жекеменшік балаларды сауықтыру орталығына орналасқан балалар, ең алдымен, жылы да жайлы жатын орындармен қамтамасыз етілген. Аталған орталықтың өзінің жекеменшік фермерлік шаруашылығы болғандықтан, таза әрі табиғи ет-сүт, нан өнімдері әзірленіп, балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Орталық директоры оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін кәсіби деңгейде үйірмелер мен ойындар ұйымдастыру жоспарланғанын айтты.
«Еңбекшіқазақ ауданының өзі тұнып тұрған тарихқа бай өлке, сондықтан балаларға өлкетану экскурсиясын ұйымдастырып, «Алтын адам» музейі мен «Аюлы» сарқырамасын көрсету ойымызда бар. Бұған қоса демеушілердің көмегімен Алматы қаласының көрікті жерлерін көрсетуге күш саламыз. Сөйтіп, ауылдарын су басып, қиындық көрген балалардың аз уақыт ішінде көп нәрсені көріп, көңілін көтеріп, оқуын жалғастыруына, ең бастысы, қиын сәтте қамқор болар ел-жұрт барын сезініп қайтуына барынша тырысып жатырмыз. Орталыққа келген сәттен бастап, киім-кешек, оқу құралдары, керек-жарақтарымен толық қамтамасыз етілді. Мұнда демалушы балалар қашықтан оқыту жүйесіне көшкен. Сол себепті оқулықпен толықтай қамтылды. Интернет байланысындағы қиындықтар да күрмеуін шешуге таяу. Бұл орайда аудандық білім бөлімі мен әкімдіктер, қайырымды азаматтар аянбай атсалысып жатыр», деді «Тау-Жаңашар» жекеменшік балаларды сауықтыру орталығының директоры Мира Құдабаева.
Орталықта демалушы балалаларға 8 педагогикалық тәлімгер мен психолог және аудандық ауруханадан білікті мейірбикелер бөлініп, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін жіті қадағалап отыр. Ал ас мәзірін даярлауда бесаспап аспаздар қызмет көрсетеді. Орталықтың аспаздары тамақ мәзірін жасауда қай өңірдің балалары нені қалайтынын зерттеп-зерделеп, қалауына қарай ас әзірлеуге әбден төселіп алғанын мақтан етті. Сондықтан алыстан ат арытып жеткен балалардың қалауын ескеріп, тіптен, туған күндерін де атап, үйдегідей көңіл-күй сыйлауға тырысып жатыр.
«13 жылдық тәжірибесі бар «Тау-Жаңашар» лагері «Артек» бағдарламасы мен дәстүрлі бағдарламаны еліміз балаларының менталитетіне сәйкестендіріліп, бейімделген бағдарламамен жұмыс істейді. Жекеменшік болғанмен үлкен педагогикалық жүйесі, әдістемелік корпусы бар лагерь. Мұндағы тәлімгерлердің дені колледждер мен институттардан алынады. Олардың білімін жетілдіруге көңіл бөлінеді. Біздің ұжым шетелдерде өтіп жатқан лагерь жүйесіндегі іс-шаралардан шет қалмайды», деді Мира Ерланқызы.
Табиғаты көркем жерге орналасқан «Тау-Жаңашар» жекеменшік балалар лагері қайырымдылық жасауда алдыңғы орында десек, асыра айтқандық емес. Бұған дейін де Арыс қаласындағы жарылыстан жапа шеккен 150 баланы 20 күнге қабылдаса, былтырғы қыста Екібастұз қаласынан келген 35 баланың алаңсыз тынығып қайтуына бар жағдайды жұмылдырған. Бұған қоса жыл сайын жазғы маусымда бір ауысымға келетін 280 баланың 10-15 пайызына жеңілдік жасау дәстүрге айналған.
«Лагерь жүйесі – адамға рухани тәрбие беретін орын. Мұнда бала тынығып, сауығумен қатар, тілдік қарым-қатынаста болады. Бес-он күн болса да жаңа ортада өмір сүруі – баланың интеллектуалдық, физиологиялық, психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға және тіл табысу қабілеттерінің табиғи жолмен дамуына үлкен үлес қосатын аймақ саналады. Десе де, ауылдарын су басып, ата-аналары мен ағайын-туыстары қиындыққа тап болғанын көрген балалардың көңілі бүтін деу қиын. Балалардың қанша жерден көңілін аулағанмен, лүпілдеген жүрек түкпірінде көңілсіздік қылаң беріп, алаңдаушылық бары білініп тұрады», дейді бала бағбанына айналған М.Құдабаева.
Алматы облысы