Тағзым • 14 Сәуір, 2024

Күйден ескерткіш тұрғызған...

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп жырлаған даныш­пан Абайдың сөзі күллі әлемді тебірент­кен «Ерке сылқым» күйіне арналғандай. Бұл күйді дүниеге әкелген біртуар күйші, ком­позитор Әбдімомын Желдібаев еді.

Күйден ескерткіш тұрғызған...

Әбдімомын Желдібаев 1937 жылғы 5 қыр­­күйекте Жамбыл облысы Шу ауданында өмірге келген. Жам­был мәдени ағарту училищесін, Алматы кон­серваториясын тәмам­даған. 1964 жылдан Шу аудан­дық мә­дени «Шу еркесі» халық аспаптар ан­самбліне жетекшілік еткен. Елу жыл еліне аян­бай еңбек еткен аса дарынды өнерпаз. Тыным­сыз еңбегінің арқасында Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Дос­тық» орден­дерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің құрметті профессоры атағына ие болды.

Домбыраның құлағында ойнаған көр­некті күйші, дарынды композитормен шығар­машылық қа­рым-қатынаста болғаныма мақ­та­намын. «Әлқуатым келді» деп қарсы алған сәттеріне сүй­сінемін. Шуға барсам мін­детті түрде ат басын бұ­рып барып сәлем бере­тінмін. Батасын алып Аст­анаға шабыттанып қайтатынмын.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Әбімо­мынның «Ерке сылқымы» – қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын қанатты туынды» деп жоғары бағалаған. Бұл күй ком­позитордың тұла бойын билеп, алпыс екі тамырын иітіп жүріп алған. Өмір бойы іздеген сарыны күй болып тө­гіл­ген. Әбдімомын ағамыз: «Ерке сылқымның» әуе­нін тапқанша жиырма жыл уақытым кетті», дейтін. Арман, сұлулық, мұң, махаббат осының бәрін ав­тор күй тілімен бізге жеткізген. Бұл күйді білмейтін қазақ жоқ шығар, тіпті кейбір жандар осы «Ерке сылқымның» арқасында домбыра аспабын мең­геріп жатса, бұл күйді тек қазақ қана емес, дүниежүзінің халықтарының сүйіп тыңдайтын танымал туындыларының біріне айналды. Сонымен қатар шетелдіктердің қо­лына домбыра ұстатса да шертетіні «Ерке сыл­қым» күйі болғанына барша қазақ куә.

2018 жылы Халықаралық Түркі академия­сының президенті қызметін атқарған Дархан Қыдырәлі маған Әбдімомын ағамыз­дың 80 жасқа толуына байланысты күй­шінің шығармашылық кешін өткізу туралы ұсыныс жасады. Дайындық бары­сында ауылға жиі соғатын болдым. Аста­нада өте­тін концертіне күйшінің де тың­ғы­лықты дайындалып жүрген кезі болатын. «Әл­қуат, азаматтарға менен сәлем айт. Ризалығымды жеткіз», деп еді.

Концертке Астана қаласы мемлекеттік филар­мониясының қазақ оркестрі қатысты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, бас дири­жері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, профессор Айтқали Жайымов ком­позитордың күй­лерін оркестрмен жоғары дең­гейде орындап шықты. Дарынды күй­ші, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үл­кенбаева Ал­матыдан арнайы келіп күй шерткен болатын. Шертпе күйдің шебері Жанғали жанын сала күй төкті. «Сұң­­қар сезім» күйін ком­по­зитордың музы­калық мұрасын зерттеуші, дәстүрін жал­ғас­тырушы, өз немересі, күйші Меруерт Жел­дібаева нақышына келтіре орындады. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, Шу өңірінің тумасы Батырлан Әбенов өз кезегінде Ә.Желдібаевтың «Бозжігіт» күйін сұңқылдатты. Сол жолы Әбдімомын көкем маған Батырлан орын­даған күйдің тарихын айтып берген еді. «Бозжігіт» күйін жазу­шы Қарауылбек Қазиевке арнаған екен. Қарауылбекпен Әбекең екеуі бірге өскен. Кезінде ол кісінің «Иманжапырақ» деген повесі Жазушылар одағы мен министрлер кеңесі жариялаған бәйгеде 1-орынға ие болған екен. Ол туралы: «Бәйгеге қатысқанда повестің бүркеме атын «Бозжігіт» деп қойған. Өзі де бозым, сымбатты келген жігіттің сұлтаны, төресі еді. Кейін 46 жасында кенеттен қайтыс болды. Балалықтың қимас күндерінде бірге өскен бауырым өмірден өткен соң көп ойландым. Өзегімді өкініш өртеп кететін. Әкесі Қазы өте жақсы күйші, ғажап домбырашы болған», деп әңгімелеп беріп еді. Осылайша, әр күйінің шығу тарихын жазып алып жүрдім.

Композитордың шоқтығы биік күй­лерінің бірі «Төле би толғауы». Бұл күй­дің шығуы жайында Әбді­момын ағамыз: «Ба­бамыз Төле би – тарихи тұл­ға. Жайсаң деген жерде туып-өскен. «Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ». Билік айтуда қара қылды қақ жарғ­ан Төле би бабамыздың ұла­­ғатты сөзі – ұр­пақтарына қалдырған өсиеті. Күндердің күнінде бабамның өмірі, тағ­дыры, сол заман әуен болып құралып, дом­бырамның шанағына күй болып төгілді», деп қайырған еді.

Ал «Ыдырыс» күйін әкесінің бір атадан тараған туысы және құрдасы Ыдырыс қа­рияға арнап шығарған екен. Ол кісі ұзақ жасаған. Бірақ кіндігінен перзенті болмаған. Әбдімомын күйші ауылға барған сайын сол қарияға сәлем беруге үйіне соғады екен. Өзі қалжыңды да, әңгімені де, шежірені де жақсы айтыпты. «Ыдырыс қарияға бір барған кезімде: «Сенің әкеңде арман жоқ, Желдібайдың атын шығарып жатырсың. Аты өшкен жоқ» деп, отырған үйінің шаңырағын көрсетіп: «Мен ертең өлсем, мынау молаға кім келеді? Мына босағадан кім аттайды, мына төрде кім отырады» дегенде қа­рияның жүрегі қарс айырылатын. «Адам өлген күні өлмейді, аты өшкен күні өледі» деген қазақта сөз бар ғой. Сол үйден шыққан соң «осы кісі туралы бір күй жазайы­н» деп, іштей қатты тебірендім. Ол кезде жасым қы­рықта. Көп ұзамай сол күй туды. Тым болмаса есімі елдің аузында жүрсін деп «Ыдырыс» деп атадым», деп баяндап берген еді.

Қазақ күй өнерінің заңғары, кәсіби деңгейдегі майталманы «Ерке сылқым» атты күйімен әлемді тамсан­дырған Әбдімомын Желдібайұлының есімі мен мұрасы ұлтпен бірге жасай береді.

 

Әлқуат ҚАЗАҚБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері