Экология • 16 Сәуір, 2024

Қауіпті қалдықтар азайтылады

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тұрақты даму – бұл экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік тұ­рақ­тылық және экономикалық өсім факторлары тепе-тең­­­дігінің сақталуы. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде бұл үштағанға айрықша көңіл аударылатыны да шын. Өкі­­­ніш­­тісі, бұл саладағы отандық экономикалық-эко­ло­гия­­лық қозғалтқышты оталдыру әзірше мүмкін бол­май тұр­.

Қауіпті қалдықтар азайтылады

Павлодар облысы қор­ша­ған ортаны лас­тай­тын заттардың шы­­­ғ­­а­­рындылары бойынша­ елі­мі­з­­де көш бастап тұр. Өнді­ріс қалдықтары мен түрлі күл-қо­қыстардың 30 пайы­зы, яғни 730 мың тоннасы осы аймаққа тие­сілі. Ал отын-энергетика сала­сын­дағы бұл көрсеткіштердің үлесі тіпті сорақы, 65 пайыздан асады. Облыста жыл сайын күл-қож үйінділерінен шамамен 7,5 млн тонна пайда болады. Статистикалық деректер жер­гілікті кәсіпорындар оның шама­мен жиырмадан бір бө­лі­гін ғана өңдеп отырғанын рас­тай­ды. Оның үстіне жылдар бойы үйіл­ген 700 млн тонна қалдықтың мә­се­лесі де шешіл­меген.

Қалдық мөлшерін, кәсіп­­орын­­дардың қоршаған орта­ға шы­ғаратын зиянды зат­та­ры­ның көлемін қалай азайтуға болады? Экология және табиғи-ре­сурстар вице-министрі Жо­март Әлиевтің пікірінше, қа­зір­гі уақытта отандық өндіріс орын­дарын қалдық мөлшерін төмен­де­туге жетелейтін заң нормалары қолданысқа енгізіле бастады.

«Павлодар облысындағы эко­логиялық жүйеге өте жоғары тех­ногендік жүктеме түсіп тұр­ғанын жақсы білеміз. Әрине, ай­мақтың индустриалды даму мүм­кіндіктері мен әлеуетінің артуы өндіріс қалдықтарының кө­беюіне апарып соғып отыр­ғаны да – түсінікті жағдай. Дей­тұр­ғанмен компанияларды өн­діріс қалдықтарын азайтуға ынталандыратын заң өзгерістері бізде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтқым келеді. Заңнамаға сәйкес еліміздегі кәсіпорындар 2025 жылдан бас­тап кешенді экологиялық рұқ­саттарға көше бастайды. Кә­дімгі экологиялық рұқсатпен са­лыс­тырғанда кешенді эколо­гия­­лық рұқсат эмиссиялар нор­­ма­тивтерін айқындау үшін ғана берілмейді, сондай-ақ «ең үз­­дік қолжетімді технология­лар­ды» енгізуді көздейді. ТОП-50 ірі кәсіпорынның ең үздік қол­жетімді технология­лы кешенді эко­логиялық рұқ­сатқа көшуі жыл сайынғы шыға­рын­дыларды 900 мың тоннадан аса көлемге қыс­қартады. Мұндай техно­ло­гия­лар енгі­зіл­меген жағ­дайда, яғни кешенді эко­логиялық рұқ­сат берілмесе, шы­ға­рындылар үшін төлемақы мөл­шерлемелері 2025 жылдан бас­тап біртіндеп кө­теріледі. 2025–2029 жылдары ол 2 есеге көбейсе, ал одан арғы жыл­дары оның мөлшері 4, тіпті 8 есеге дейін өседі. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлем­ақы мөлшерлемелерін ұлғайту – ке­шенді экологиялық рұқ­сатқа көшуге және ең үздік қол­жетімді технологияларды енгізуге ынта­ландырушы тетік­тердің бірі. Бұл ең үздік қол­жетімді технологияларды жаң­ғыртуға және қоршаған орта мен халықтың денсаулығын сауық­тыруға әсер етеді», дейді вице-министр.

Тізімге ілінген ірі кәсіп­орын­дарға технологиялық қал­дық­тарды шығарудың қатаң нор­ма­тиві қойылады. Мәселен, бір өндіріс орны жыл сайын 100 тон­на қалдық шығарып келді де­лік. Алдағы 10 жылда ол бұл кө­лем­ді 60 тоннаға дейін азай­туға міндеттеледі. Бұл ретте өндірістегі технологиялық жарақ­талу кешенді түрде өзге­руі керек. Компания техно­ло­гиялық даму бойынша ұсы­ныл­ған нұсқалардың бірін таң­дауға тиіс. Бұрын экология­ны бақылайтын құзырлы мекемелер көбіне мұржалар мен пештерге орнатылған сүзгілерге ғана мән беретін. Бұдан былай кешенді экологиялық рұқсатта кәсіпорын қандай шикізатты, ком­муналдық желілер мен электр жүйелерінің қандай түр­лерін таңдағаны да маңызды рөл ойнайды. Сайып келгенде ондағы технологияның жиын­ты­ғы экологиялық тұрғы­дан муль­ти­­пликативті тиімділік беруі керек.

Ж.Әлиев жалпы өңірде қор­шаған ортаға шығарылатын шы­ға­­рындылар көлемі біртіндеп аза­йып келе жатқанын жеткізді. Се­бебі Экологиялық кодекстің та­лаптары уақыт өткен сайын қа­таңдатыла түсіп жатыр. Бұған қо­са тазарту мен қайта өңдеу сала­сында неғұрлым қолжетімді тех­но­логиялардың қолданылуы да көр­сеткіштердің төмендеуіне сеп болған. Жалпы, Павлодар облы­сында экологиялық пробле­ма­ларды шешу бойынша Жол кар­тасы аясында 33 тармақ бел­гі­леніп, оның 14-і бүгінде орында­лып үлгерген. Өзгесі ұзақмерзім­ді­ болғандықтан жүзеге асырылу үс­тінде.

 

Павлодар облысы