Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Нұржан Төлеуіштің айтуынша, өңірде Бөрлі ауданының – 9, Бәйтерек ауданының – 20, Теректі ауданының – 19, Ақжайық ауданының – 32 елді мекеніне, Орал қаласының 4 ауданына нақты қауіп бар.
Жайық өзенінің суы қарқынды көтеріліп жатыр, қауіпті деңгейге жетуі жақын. Барлық күш-құрал қазір өзен бойында, тасқынның алдын алуға жұмылдырылған. Оралға еліміздің 7 облысынан көмек келіп, жоғарыдағы елді мекендерге бөлінген. «Қазір геодезистер жұмыс істеп жатыр, қаланың төмен орналасқан аудандарын анықтап, халықты көшіріп жатыр», деді төтеншеліктер өкілі.
Сәуірдің 15-і күні Жайық өзені жағалауында орналасқан бірнеше елді мекенге эвакуация жарияланды. Ең алдымен балалар мен аналар, қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар қауіпті аймақтан шығу, үй жануарларын уақытша көшіру ескертіліп жатыр. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов: «Өзен жайылмасындағы елді мекендер мен саяжай үйлерін су басу қаупі жоғары. Әсіресе, Орал қаласының Курени, Старица, Коминтерн, Самал, Жас натуралистер стансасы, облыстық аурухана аумағында тұратын халыққа эвакуация істеуіміз қажет», деп хабарлады.
Тасқын қаупіне байланысты Орал қаласында су басу қаупі төнген №27 мекемесінде жазасын өтеушілер шұғыл түрде өзге өңірлерге – Ақтөбе, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларына көшірілген.
Мамандардың айтуынша, Ресейден судың мол көлемі бір-екі күнде Орал қаласына жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, қазірдің өзінде Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтап қалды. Су тасқынына қарсы жұмысқа жергілікті атқарушы органның және төтенше жағдай қызметінің барлық ресурсы тартылған. Қазір 350 арнайы техника, 2 мыңға жуық адам тасқынға тосқауыл қоюға жұмылды.
Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі өңірде Қарағанды, Қызылорда, Шымкент қалаларынан келген мыңға жуық ұландық сарбаз бен 40-тан аса техника жүргенін хабарлады. Сарбаздар ел басына күн туған сәтте ойланбастан көмекке ұмтылып, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жатыр. 14 сәуірде Орал қаласы маңындағы елді мекен тұрғындарын эвакуациялау барысында 30-ға жуық адам отырған жүк көлігі тасқын судың ортасында қалып қойды. Сол жерде кезекшілікте тұрған Ұлттық ұлан 5517 әскери бөлімінің қызметкері Мәулен Мәрленов жедел қимылдады. Өзінің жүк көлігімен топан судың ортасына қойып кетіп, батып қалған көлікті қауіпсіз жерге сүйреп шығарды. Мұндай оқиға көп.
Сәуірдің 15-інен бастап Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының және Орал қаласының орта білім беру, кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдары қашықтан оқуға көшкенін хабарлаған едік. Бұл бастамаға Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті де қосылып, студенттерді еріктілер қатарына қосылуға шақырды.
Кеше Алматы облысынан келген 150-ден аса техника, оның ішінде тиеу, инженерлік, жүк және су таситын техникалары және моторлы қайықтар тиісті жерге жөнелтілді. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының ТЖД құтқарушылары Теректі ауданы Тоқпай ауылында жағалауды нығайтып жатса, Қызылорда облысынан келген төтеншеліктер Орал қаласындағы Жайық өзенінің жағалауын көтеріп жатыр. Ал ТЖМ-ның 52859 әскери бөлімі сарбаздары осы сағатта Бәйтерек ауданына қарасты Январцев елді мекенінде жүр. Айта кетейік, Ресей аймағынан келе жатқан алапат тасқынды алғаш қарсы алатын да – осылар.
Батыс Қазақстан облысы