Әдебиет • 15 Сәуір, 2024

Көңіл төріндегі қоңыр саз

155 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шынайы қазақ қаламгерінің жаны бірде «Қосбасарға», бірде «Сарыарқа», бірде «Сарыжайлауға» ұқсас. Бір қызығы, ұлттың қоңыр жаны кескекті ердің сойындай бұрқанып, мұхиттай кемерінен тасыса да қанға сіңген ар қағидатынан, ұят шекарасынан тысқары шықпайды. Жат жұрт мінезінен жұққан дарақылық, даңғой дүмбілездік оған жат.

Көңіл төріндегі қоңыр саз

Біз әйгілі ағылшын ақыны Уис­тен Хью Оден өлеңінен Амери­каның тынымсыз өмірін, тың­ғылықты адамын танысақ, испан ақыны Хименес мінезінен туған жерінің желі мен қиырсыз жазығын, баяу аққан суы мен байсалды адамын көре­міз. Сол секіл­ді алып Гетенің аса мәдениет­ті, сыпайы сыршылдығынан неміс ұлты­­ның әсем мәдениетін аңғарасыз.

Ақын Абзал Бөкеннің болмысы, парасат пайымы, шашаусыз мінезі мен бұйығы қоңырлығы жібі сөгілмеген ұлт­тық болмысты еске түсіреді. Орынсыз тасу, керексіз күшену, жөнсіз жылтырға сараң самалалы жырлар бір кезде ауыл шетінде қой баққан ұялшақ үніңді, таба нан ұстап, талдан таяқ мінген, бет дірдегі бұзылмаған биязы шағыңды санаға әкеледі. Расында, біз бәріміз бастапқы болмысымызға ұмтылушылармыз. Алғаш­қы бастау – күллі тазалық пен тұма­­лықтың, Құдай орнатқан қасиетті заң­­дардың бұзылмаған, бұлжымаған орны. Румидің өлеңінде мешіттен, шіркеуден таппаған Құдайды ақыры жү­регінен табуында үлкен сыр бар. Атақты Борхес «Мың бір түнге ұқсас әлем­де шек­сіздік шыңдарының басы болуы мүмкін емес ешбір әрекет жоқ» деген пікір айтады. Шынында біздер үлкен әлемді, бастау тұнығымызды өмір бойы көксеп өтетін кіші әлемнің перзент­теріміз. Түркі алыбы Әлішер Науаи­дің тілімен сөйлесек, сон­да ғана ақын жайқалған бағына күтім­мен қа­райтын ақылман бағбанға айналмақ.

«Тоқырауын, мен сенен алыс кеттім,

Зеңгіріне сіңгендей ғарыш көктің.

Саған деген сағыныш – сарыуайым,

Сарыуайым ішіппін, бал ішпеппін.

Шағырмақта күйдірді кекілді күн,

Содан кейін сол кекіл кетілді мың.

Балалығым – сен жақта, Өзім – мұнда,

Бір денеде екі адам секілдімін».

Тұлғаның екіге жарылуы – әрісі Бор­хестің «Сағаты» мен берісі жаңа қазақ поэзиясында жиі ұшырасады. Бірақ осы бір қос шумақтың жұп-жұмыр қалы­бы, ойшыл атмосферасы сүйкімді. Арасы­нан қыл өтпес тығыздық, ұлт перзентінің ғана жүрегінен туар «тоқырауын», «зең­гір», «сарыуайым», «шағырмақ» секілді сөздер өлеңнің рабайын ашып, қар же­генд­ей мамық уыты сезіледі. Туған өлең­нің бір сипаты ішкі үйлесімінде, төрт аяғы тең түскен жорғадай тайпалып тұ­руында болса керек. Жақсы өлеңді оқы­ғанда оқырман оны өзі жаза алатындай болып көрініп тұрады депті Белинский. Иә, жаза алатын секілдісіз, бірақ ол үшін нешеме ғұмыр, қаншама сарсаң сағат керегін кеш білесіз.

«…Уақыт шалғы екен,

Шапса, шарт кетем.

Өлім алда екен,

Өмір артта екен.

Қақты есемнен

қарттық, қарағым.

Келдім десем мен,

Кетіп барамын».

Ақын поэзиясының бір қыры, басты қыры – ойшылдық. Бұрыннан бөтен, ежелгіден ерек, тек өз қолтаңбасы аңға­рылар соны ойшылдық.

«Құдайыңнан соңғы Құдай – Уақыт,

Соны ұқпаған, нені ұғасың, жаным-ай?!»

Егер осы жырды ғылымсыз діншіл­дер­ге оқытсаңыз, қос ит қосып таба­лауы әбден мүмкін. Ал уақыттың құді­ретін танытқан бұл теңеу ойлы оқыр­манға уақыт құндылығын қайта қарау­ды талап етеді. Уақыт – бізден кәрі, біз­ден дана. Оны басы да, соңы да біз емес. Біз оған тек тумыстағы даралық арқы­лы ерек сипат бере аламыз. Алып Бай­рон­ның «О, уақыт! Бәрі жүйткіп қана­тың­нан, қалық­тап дәл тұсыңнан зулар бәрі» деп шарқ ұруы сондықтан да болар.

Сірә, қайбір адамға да отаншылдық ана құрсағынан беріледі. Ешкім оқу-тоқу­мен, ғайып бұтағына сүрініп отаншыл болып кетпейді. Біз таныған Абзал ақын – отаншыл. Ауыз әдебиетінің бәсі кез келген елдің фольклорынан құ­нары ұлық, жан күйі ұятқа оранған, өзі­нің ұлы халық екенін әлі жеткілікті таны­ма­ған қаһарман отанын сүйеді ақын. Сүй­­­ген­­дік­тен сынайды, сыр іздейді, жарала­нады.

«Ағып жатқан арнадай

Азаны мен қазаны.

Ғайып болды, жалған-ай,

Бұрынғының қазағы.

...Қайда қалды тау ішін

Жаңғырық қып бір өзі;

Самбырлаған дауысы,

Салдырлаған мінезі?!»

«Бағзы қазақ» атты өлеңде кешегі қазақ­тың кеңдігі, есебі жоқ, есі жоқ аң­ғал­дығы, айдай келіні, қазиы мен қа­­зысы, ірілігі жоқталады. Қазақ бала­сы­­ның, шынында, соңғы ғасырдағы әрне­шік саясат пен қолдан жасалған қағи­дат­тар бірқатар құндылығын кемітті. Тіп­ті өзінен-өзі ұялатын, жат тілде сөй­леу­ді мақ­тан көретін түпсіз ылдиға түсір­ді. Алай­да тәуелсіздік шұғыласымен бір­­ге жаңа ұрпақ дабылы жер сарайын жаң­­ғыртып, сәулелі үмітке бастайды. Жат­­са түсінен, тұрса есінен кетпе­ген азат таңды көрген еліміз ояна бастағандай, рух алдаспаны жалын атып, қантамыр­ға от құйылғандай. Кейінгі толқын тұрпа­тынан бұл үдеріс айқын сезіледі.

Асқар Сүлейменов: «Жақсы кітап – ұяттың антологиясы» деген-тін. Ақын Абзал Бөкен жырларынан қазаққа тән қою ұят, мейірбандық, адамгершілік, пара­сат шоғы маздап тұр. Жұлқыма же­лік, жат­танды ұран іздесеңіз бұл жаққа қа­рай бас­пағайсыз. Бұл бекет – адамдық кемел­­дікке ұмтылушы, көңілі төр, сазы қо­ңыр, бас­тапқы тұма тазалыққа құш­тар ізгі­ліксүйгіш жандарға тән, қадірлі оқырман.