Шайбалы хоккейден Андоррада өткен екінші дивизиондағы командалар арасындағы әлем чемпионатының соңғы кездесуінде еліміздің әйелдер құрамасы Испанияның бұрымдыларынан 5:3 есебімен басым түсті. Осы жеңіс арқылы жерлестеріміз бірінші орын иеленіп, келесі жылы бірінші дивизионда күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін Александр Тебеньковтың шәкірттері Мексика (4:2), Тайпэй (3:0), Исландия (7:2), Бельгияны (9:2) жолынан ығыстырған еді.
Отандық Octagon промоушені 19 сәуірде Алматыда аралас жекпе-жектен Қазақстан мен Қытай спортшылары арасында жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бәсекелерде мына файтерлер күш сынасады: Сүндет Айтқұл (7-1) – Кингхе Жанг (12-6), Дамир Төленов (11-1) – Бухуогбу (5-3), Ерасыл Шұқатаев (10-4) – Конгву (7-1) және Олжас Нұрқасым (2-2) – Батырали (4-3-1). Сондай-ақ осы жарыста көрермендер назарына тағы бірқатар қызықты айқас ұсынылады.