Президент • 16 Сәуір, 2024

Президент су тасқынымен күресіп жүрген азаматтарға алғыс айтты

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облсына жұмыс сапары барысында аймақтағы ахуалмен танысты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі жағдай туралы баяндаса, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент су тасқынымен күресіп жүрген азаматтарға алғыс айтты

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары деңгейде ұйымшылдық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғыс айтты.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких Президентке облыстағы әр ауданда гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашылғаны жөнінде мәлімет берді.

«Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова еріктілердің жедел әрекет ету штабы құрылғаны туралы айтты. Штаб 2500-ден астам волонтерді үйретеді және олардың жұмысын үйлестіреді. 

«Севказэнерго» акционерлік қоғамының бас директоры Анатолий Казановский аталған кәсіпорынның акционерлері 100 миллион теңге бөлгенін, трансформаторлар орнату және электр желілерін тарту жұмыстарын жүргізгенін айтты. 

«Қызылжар жолдары» ЖШС директоры Асхат Жолдаспаев компанияның су тасқынына қарсы шараларға белсенді атсалысып жатқанын жеткізді. Осы ретте аталған мекеме бөгеттер салу және нығайту үшін арнаулы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар бөліп отыр.