Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында биыл аталып өтетін мерекелердің қатарында Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы айтқан еді. Бұл мерейтой тәуелсіз Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін өсірері ақиқат. Себебі, осыдан 550 жыл бұрын Қазақ хандығы құрылып, халқымыздың арғы кезеңнен жалғасқан дәстүрі қазір нығайды. Бұл атаулы күн қазақстандық тарихшы ғалымдар Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегі негізіне сүйене отырып, Қазақ хандығының құрылған жылын 1465 жылы деген тұжырымға келген болатын.
Осыған орай, Мәдениет және спорт министрі қазір үлкен дайындық жұмыстарын бастап кетті. Ендігі жерде сол туралы айта кетсем деймін. Бұл жұмыстың бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай атқарылып жатқанын да еске сала кетуге тиістімін. Біріншіден, Қазақ хандығы мерейтойының таңдаулы логотипіне ашық республикалық конкурс жариялады. Нәтижесінде конкурсқа қатысқан 50-ге жуық жұмыстың ішінен арнайы комиссия тарапынан ең үздік эскиздер таңдалып алынды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалығымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөнінде республикалық комиссия құрылды. Комиссияның құрамына орталық, жергілікті атқарушы және өзге органдардың өкілдері, белгілі тарихшылар, мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері мерейтой аясында негізгі мәдени-спорттық және бұқаралық іс-шараларды Тараз қаласында, ал салтанатты жиналыс пен мерекелік концертті, ғылыми-практикалық конференцияны Астана қаласында ұйымдастыру көзделген. Нақтырақ айтқанда, бірінші, қыркүйек айында Тараз қаласында Республикалық ақындар айтысы, екінші, «Текті сөздің төресі – терме» республикалық терме конкурсы, үшінші, ұлттық спорт ойындары; төртінші, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументінің ашылуы, бесінші, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерінің қатысуымен киіз үй қалашығын; алтыншы – «Көне Тараз» қалашығын құру, тағы басқа шаралар атқарылады. Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Баласағұн сарай кешендерінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылады. Астана қаласында қыркүйек айында мерейтойға арналған салтанатты жиналыс пен мерекелік концерт, ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Астана қаласында «Қазақ хандығы» балеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында портрет жанрында «Ұлы қазақ хандары», Кунсткамера қорынан «Орталық Азия Нева жағасында» көрмелері, «Тарих және мәдениет» атты халықаралық фестиваль, шетелдерде тұратын отандастар арасында халықаралық өнер фестивалі, І.Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара, дөңгелек үстелдер, кітап көрмелері жалғасын табады. Жалпы, мерейтой аясында жоспар бойынша 100-ден астам ірі шараларды өткізу жоспарлануда.
Жобаға сәйкес мерейтойлық шаралар еліміздің барлық аумағында, соның ішінде шекаралас аймақтарында да өтеді. Мысалы, Алматы қаласындағы үлкен алаңдардың бірінде 2015 жылы қыркүйекте мерейтой аясында театрландырылған қойылымы бар мерекелік іс-шара, Талдықорған қаласында «Қазақ хандығының шежіресі» облыстық суретшілер конкурсы, Павлодар қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған «Елдіктің терең тамыры» облыстық мүшәйра өтеді. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында Бұланты шайқасы болған орында стела салтанатты түрде ашылады, «Ұлытау – ұлт ұясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болады. Алаша хан, Жошы хан кесенелері қайта жаңғыртылады. Ақтөбе облысында Әбілхайыр хан мемориалдық кешенінің құрылысы аяқталып, салтанатты түрде ашылуы, республикалық «Жерім менің» патриоттық әндер конкурсын өткізу ойластырылған, Шығыс Қазақстан облысында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумы өтеді, Оңтүстік Қазақстан облысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, Ежелгі Сауран ескерткіштеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Отырар оазисін қалпына келтіру, жаңғырту, консервациялау іске асырылады.
Тағы бір атап айтарлығы, 550 жылдық мерейтойды дайындау және өткізу жөнінде республикалық комиссия құрылғанын да еске сала кетсем деймін.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Мәдениет және спорт министрлігі, мәдениет
және өнер істері
департаментінің директоры.