Еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс ауылдарда еңбекпен күн кешіп, мал шаруашылығымен айналысып, ұрпақ тәрбиелеп отырған ел тұрғындарының көбі буын ауруларынан қозғалыстары шектеліп, мүгедектік жағдайға дейін жетіп жатады. Сөйтсе де көбі «Пышаққа түскен оңай емес» – деп шыдамдылық танытып жүре беретіні жасырын емес. Бұл ауруларға дәрігерлер арнайы ота жасайтынын, яғни индопротез арқылы жасанды буын орнататынын, айтқым келеді.
Бұл орайда адамдардың өмірін ұзартып, қозғалысын реттеп, өмір сүру қуанышына бөлеп отырған Астана қаласы №1 қалалық ауруханасы ұжымының тынымсыз еңбегі қандай алғысқа да лайық. Елордадағы сол аурухананың ортохирургия бөлімінде сүйек-буын ауруларынан, қозғалыс мұқтаждығына ұшырағандарға, өмірден қол үзіп арбаға таңылғандарға шексіз қуаныш сыйлап отырған ақ халатты абзал жандар еңбек етеді.
Мен осы ауруханада ота жасатып, тізе буынын алмастырып, еңбекке қайта оралдым. Аурухана дәрігерлері өздерінің шеберлігімен, аурухананың талапқа сай жабдықталуымен, ауруларға деген қамқорлығымен ерекшеленеді. Медицина ғылымдарының докторы Ерсін Жүнісов бөлім дәрігерлерімен ауруларға күнделікті тексеру жүргізіп, кеңес өткізіп, талдау жасап, мұқият емдейді. Ортохирургия бөлімінің жетекшісі Руслан Ботаев, бөлім меңгерушісі Аслан Сұлтангереев, жас травматологтар Әділбек Сүмбебаев, Қайрат Рахымов, Жәнібек Түйменов халыққа істеген адал еңбектерінің арқасында үлкен беделге ие болған жандар. Олардың ешқандай уақытпен санаспай, ертелі-кеш ауруларға қызмет жасап, маңдай терлерін төгіп жүрген жанқиярлық еңбегін көргенде қазақтың осындай асыл азаматтарына тәнті болады екенсің.
Анестезиолог Нұрдан Бостаевтың кеңесінен кейін маған екі сағаттан артық уақыт ота жасалды. Бірақ ешқандай ауру білінбеді. Ота жасалғаннан кейін буып-таңып, қозғалыс жаттығуларын жасап, екі балдақтың көмегімен жүре бастадым. 12 күннен кейін тігілген жібін алып, ауруханадан теміржол вокзалына әкеліп, тез жазылуыма ізгі тілек білдіріп, шығарып салды.
Қозғалысым шектеліп, жүру, қозғалу мұқтаждығына тап болған кезде халыққа қамқорлық пен жақсы тұрмыс, тыныштық пен бақыт сыйлап отырған, заманға сай жедел дамып келе жатқан мемлекетіміздің қол жеткен табыстарына аса ризашылығымды білдіремін.
Республикамыздың шалғай елді мекендерінде тұратын жандарға еліміздің дамыған білімі мен ғылымының жетістіктерін пайдалана білгеннің өзі бір ғанибет дер едім.
Күләш ӨМІРБАЕВА,
Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің
профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.